«Ауыл» партиясы Орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Ораш еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жұртшылықпен кездесіп жүрген «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалиция мүшелеріне «Жаңа Конституцияны қабылдаудың қаншалықты қажеттілігі болды?» деген сауал жиі қойылатынын жасырмады. Оның айтуынша, қазіргі жүргізіліп жатқан Конституциялық реформа – 2022 жылы басталған саяси өзгерістердің заңды әрі логикалық жалғасы. Сол жылы Ата заңымызға енгізілген реформалардың алғашқы пакеті қабылданып, ел дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 2025 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев суперпрезиденттік басқару үлгісінен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын ұсынды. Осы кезде бірқатар қоғам белсенділері мен сарапшылар Парламентті унитарлық мемлекет құрылысына сай реформалауды ұсыныс етіп, 2025 жылы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы осы мәселені талқылауға шығарды. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Комиссия мүшелеріне 2 мыңнан аса ұсыныс түссе, оның 600-і Парламент жұмысына қатысты, ал 1 500-і мемлекеттік биліктің басқа тармақтары мен Конституцияның кей баптарын реформалауды көрсеткен. Осылайша, Парламентті реформалау ауқымды конституциялық реформаға ұласты.
«Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы, PhD Ержан Ибраев Ата заң жобасында 77 бапқа қатысты өзгерістер енгізіліп жатқанын хабарлады.
«Конституция жобасының басты ерекшелігі – адамға бағдарланған сипаты мен идеологиялық мазмұнының күшейтілуі. Осы негізде мемлекеттің стратегиялық бағыты – білім мен ғылым, инновацияны дамыту, мәдениетті өркендету. Өйткені әлемде адам болжай алмайтын үрдістер орын алып жатқан қазіргі уақытта білім мен инновация саласы өте өзекті. Ешбір табиғи қазба байлығы жоқ елдердің адам капиталын ұлғайтып, жоғары дамыған мемлекеттер қатарына еніп отырғаны бізді де ойландыруға тиіс. 1965 жылы тәуелсіздік алған кезде өте кедей мемлекет Сингапур «елдің байлығы – білімді адам» деген ұстаныммен, білім мен технологияға, оған қоса тәртіп пен еңбекқорлық сияқты адами қасиеттерге басымдық беріп, 25 жыл ішінде «Азия барысына» айналды. Сингапур 2025 жылы экономикалық бәсекелестік бойынша Швейцариядан кейін екінші орынға, сол жылы капиталы бойынша бірінші орынға көтерілді. Өткен жылы Қазақстан адам даму индексі бойынша әлемде 67-орынға ие болды. Бұл ортадан сәл жоғары деңгейдегі мемлекеттер қатарына енгенімізді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің әлеуеті өте зор. Оған еліміздің кейінгі жылдары білім мен ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатқаны дәлел болады. Мемлекетіміз жастарға инвестиция құйып жатыр. Біліммен қоса тәрбиені де қатар алып жүруіміз өте маңызды», деді Е.Ибраев.
Облыстық жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мәди Жайлыбайұлы өңір жастарын 15 наурыз күні болатын референдумға қатысуға шақырды.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында 18–35 жас аралығындағы 220 мыңдай жас тұрады. Жас белсенді Дастан Құрманбай жаңа Конституция жобасындағы волонтерлік қызметке қатысты баптың енгізілуі жастарға сенім беріп, қайырымдылық іс жасауға құмар жандар қатарын көбейтеді деген пікірде.
Ақтөбе облысы