Орталық Азияның халық шығармашылығында Арал теңізі бұрыннан «Шөл даланың көгілдір меруерті» деп аталған. Бірегей «асыл тасымыз» – Тұран ойпатында, Үстірттің тастақ жонының шығыс жиегінде, аса үлкен екі шөлдің түйіскен тұсында жатыр: оңтүстігінде Қарақұмға, шығысында Қызылқұмға иек артқан. Осы композицияның барлығы – «көгілдір меруерт» – Азияның керемет тау сілемдерімен қоршалған үлкен «Жарқыраған тәжге» табиғи түрде кіріккен: солтүстік-шығыстан – Тянь-Шань мен Қаратау, шығыстан – Ферғана жотасы мен Талас Алатауы, оңтүстік-шығыстан – Памир, оңтүстіктен – Гиндукуш, оңтүстік-батыстан – Копетдаг пен Паропамиз. «Жарқыраған тәж» жалпы ауданы 2,7 миллион шаршы шақырым болатын теңіздің бүкіл дренажды бассейні – қазіргі Қазақстанның жеріне пара-пар аумақты қамтиды. Бұл «тәжде» Орталық Азияның екі ұлы өзені – Әмудария мен Сырдарияның суы көптеген жерүсті және жерасты салалары арқылы біздің көгілдір теңізге құйылады.
Мыңдаған жыл бойы Аралдың су режімі өзгеріп, теңіз жағалауының ұлғаюына немесе шегінуіне әкелген кезеңдер болды. Бірақ бұл өзгерістер бүгінгі Арал бассейні мен айдынынан көріп отырғанымыздай, жойқын салдарға әкелген жоқ еді. Әдетте табиғаттың өзі сыртқы әсерді жойып, тепе-теңдікті қалпына келтіретін. Алайда, біздің жағдайда деструктивті үдеріс табиғи апаттан емес, адамның ауқымды, көзсіз әрі біліксіз араласуынан туындады. Тек экономикалық есептеуге негізделген «Әмудария мен Сырдария суларын толық пайдалану арқылы суармалы егіншілікті дамыту есебінен теңіздің жойылуынан болатын шығындар бірнеше мәрте өтеледі» деген қате теория қазіргі климаттық және экологиялық апатқа ұрындырды.
Осы проблема бойынша кейінгі жарты ғасырдағы бағдарламалармен, жоспарлармен, жобалармен, зерттеулермен мұқият танысқан кезде көптеген жағдайда таңғаларлық «дәрменсіздік пен көнбістік» барлығы байқалады. Талай жоба – орасан зорларынан (Сібір өзендерінің немесе Каспийдің суын бұру) бастап кішілеріне (тауларда жасанды жауын-шашын туғызу) дейін болған өзгеріске бейімделу идеясын көздейді. Бірақ бейімделу және су толтыру жобалары тым қымбат әрі жеткіліксіз. Ең бастысы, олар деградацияның түпкі себептерін жоймайды.
Сондай-ақ климаттың негізгі компоненттерін реттеуге, табиғатты тұрақты тепе-теңдікке қайтаруға мүмкіндік беретін нақты жобалар бар. Мұндай жобаларда шешілмейтін инженерлік және гидротехникалық мәселелер жоқ екендігі де маңызды.
Климат ауа райының жиынтығы ретінде үш негізгі компонентке – жауын-шашынға, желге және температураға байланысты болады.
Солтүстіктегі Қазақтың ұсақ шоқысымен, батыстағы Каспиймен, оңтүстік пен шығыстағы биік таулармен шектескен аймаққа жоғарғы тропосферадағы баяу қозғалатын планеталық толқындармен бірге солтүстік ендіктерден суық ауаның қайталанбалы ұйытқуы әсер етеді. Сондай-ақ батыстан шығысқа қарай беттейтін қуатты ауа ағыны да аймақтың үстінен жиі өтеді. Суық ауа мен қатты жел Аралдың кеуіп кеткен шұңқырлары мен өзендердің жайылмаларының үстінен тұзды-шаңды дауыл туғызады. Бұл аумақтарда оңай үрлеп әкетілетін ондаған миллион тонна ұсақ түйіршікті тұзды-шаңды қабаттың болуынан шаң жиі борайды. Тұзды дауыл аймақтың ауа бассейндеріне, тіпті Ашхабад пен Душанбе сияқты қияндағы қалаларға да теріс әсерін тигізеді. Зерттеулер көрсеткендей, тұзды шаң аралас ауа қабаттары парниктік әсер туғызып, аймақтың температуралық режімі мен климатын өзгертеді, соның салдарынан экологиялық мәселелерге әкеледі.
Бұдан шығаратын қорытынды: Аралдың құрғап қалған түбіндегі тұзды шаң ошақтарын жою қажет, ал ең дұрысы – қолдан жасалған шөлді коммерциялық ауылшаруашылық оазисіне айналдыру.
Қазір қолданылып отырған оазисті кезең-кезеңімен қалыптастыру стратегиясы құм ұшырмау мақсатында қара сексеуіл отырғызудан, кейбір биологиялық қоғамдастықтардың бірінен екіншісіне дәйекті ауысу үдерісін қолға алудан басталды. Өкінішке қарай, қара сексеуілдің, сондай-ақ басқа да топырақ тұрақтандырғыш өсімдіктердің аурулары агроэкологиялық оазистің бастапқы топырақ қабатының қалыптасуын кешіктіріп отыр. Бұл Арал өңірінің тұрғындарына, климаттың қалпына келуіне тым ұзақ уақыт алады. Сондықтан басталған жұмысты жалғастыра отырып, балама шешімдерді шұғыл іске қосу қажет. Өйткені қазіргі ахуал сортаңдағы тұзды шаң шығарындыларын жою мақсатында шұғыл да өршіл шаралар қабылдауды талап етеді.
Осы орайда Нидерланд мамандарының – теңізді құрғатудың және жоғары тиімді ауылшаруашылық оазистерін құрудың ғасырлар бойғы тәжірибесіне ие халықтың ұсынысы өте өзекті. Ұсынылып отырған технология өте қарапайым және ол кеуіп кеткен теңіздің сортаңды түбінен тұнбаны шығарудан тұрады. Одан әрі тұнба құмды топырақпен, ингредиенттермен, соның ішінде құрғақ климатқа бейімделген майлы дақылдар тұқымдарымен араластырылады. Нәтижесінде, теңіздің отандық бөлігінде Аралқұм шөлінің алаңы кемінде 500,0 мың гектар тұзды сортаңының бетін тұтас «кілеммен» жабу үшін ауданы бір шаршы метр және қалыңдығы жарты метр болатын сығымдалған текшелерді ала аламыз.
Бастапқы материал – су түбіне және көлдерге тән тұнба, шаң (алеврит) және балшық қоспасынан алынып, өңделіп, жақсартылғаннан кейін аумақтарды биологиялық және аграрлық қалпына келтіру үшін жаңа топырақ жасауға жарамды болатын ұсақ шөгінділер. Мұндай тұнба топырақ қоспасын жасау үшін жақсы негіз болып саналады.
Блок алудың өнеркәсіптік әдісін жасау қиын емес. Бұл сапаны бірнеше есе арттырады, жобаны іске асыруды тездетеді. Жабдықталған полигонда заманауи техника жиынтығы (жер снаряды, топырақ араластырғыш қондырғы, пресс-автомат) бар шағын бригада жылына кемінде бір мың гектарды жасанды топырақпен жабуы мүмкін. Бір уақытта жұмыс істейтін бригадалар саны, әрине, коммерциялық ауқымға байланысты.
Бұл жұмысты үш зерттеу учаскесі бар бірнеше гектарда қанатқақты жобадан бастау ұсынылады:
- Бірінші: тұнба мүмкіндігінше өзгертусіз қолданылады;
- Екінші: тұнбаны түзету үшін кішкене қоспа қажет;
- Үшінші: тұнба химиялық және биологиялық реагенттерді қажет етеді.
Гидрогеологиялық деректер көрсеткендей, Шығыс Арал артезиан бассейнінің жерасты суларының қоры жаңа ауылшаруашылық алқаптарын игерудің бастапқы кезеңінде суаруға жеткілікті. Әрі қарай Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалану есебінен жылына бірнеше текше шақырым суды тұнба таңдап алынған бассейндердегі жаңа егістіктерге және шұңқырдағы су айдындарына беруге мүмкіндік туады.
Аралқұм аумағында қолайлы ортасы бар ауыл шаруашылығы оазисін құру міндетін кешенді және тиімді шешу үшін осы аумақта Үкіметке тікелей бағынатын «Арал өңірінің арнайы аумақтық экономикалық аймағын» (ААЭА) кемінде
49 жылға құру ұсынылады. Қолданыстағы заңнама экологиялық апатқа ұшыраған аумақтар үшін осылай істеуге мүмкіндік береді.
Аталған ұсынысты іске асыру мыналардан басталады:
- ландшафттарды аэроғарыштық және жердегі мұқият зерттеу;
- гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық жұмыс;
- жел бағытын есепке алу;
- аумақты ұйымдастырудың Бас сызбасын әзірлеу.
Ақпараттық модельдеу технологиясын қолдану ең тиімді модельді ұсынады.
Бас сызба Арал өңірінің ААЭА-сын бес негізгі аумаққа бөлуді көздейді:
- Өнеркәсіптік және қайта өңдеу кәсіпорындары, инфрақұрылымдық нысандары (ауызсу, кәріз, жол, газ және электрмен жабдықтау) және сервисі бар рекреациялық аймақтар және тағы басқаларға ие елді мекендер;
- Сумен жабдықтау, суару, бұру, өндірістік жол және электрмен жабдықтау жүйесі бар ауыл шаруашылығы алқаптары;
- Балық өсіру және өңдеу учаскелері, сондай-ақ құйылмалы жерасты ұңғымаларынан пайда болған су айдындары бар теңіз түбінен тұнба алу шұңқырларындағы көлдер желісі;
- Үй жануарлары жайылатын орындар;
- Жергілікті флора мен фаунаны дамытуға арналған орта (ақбөкен, құлан, қасқыр, түлкі, қоян, құндыз, тасбақа, т.б.).
Өнімді және болашағы бар оазис құруға барлық жағдай бар. Өйткені қажетті коммуникацияның барлығы қарастырылып отырған аумақтың жанынан өтеді.
- Ең алдымен, бұл – Арал қаласының басшысы болған Нәбижан Сариев бір кезде одақтық бюджет пен министрлік арқылы бастамашылық жасаған және ілгерілеткен, содан кейін өзі іске асырған Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры. Бүгінде жаңа елді мекендердің тұрмыстық қажеттілігі үшін ауызсу мен шаруашылық мақсатқа қажетті су мәселесін түпкілікті шешу үшін аталған су құбырын шамалы ғана қайта құру жеткілікті.
- Жақын маңдағы Батыс – Шығыс – «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырынан оазиске қарай шағын тармақ тарту газ электр стансаларын салу есебінен электрмен, жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешеді. Аймақтағы күн және жел энергетикасының әлеуеті өте жоғары. Осы энергетикалық әлеуеті арқылы аймақ жаңа технологиялар бойынша «жасыл сутегін» шығара алады.
- Арал өңірі ААЭА-ның үлкен артықшылығы – Еуропа мен Қытайға, сондай-ақ
Ресей мен Орталық Азияның барлық мемлекетіне және еліміздің ішкі өңірлеріне шығатын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының бөлігі болып саналатын теміржол және республикалық автомобиль жолы жақын жерден өтеді.
Аралқұм сортаңдарын суармалы алқаптар етіп сауатты трансформациялау және осыған байланысты тұз шаңының шығарылымын күрт төмендету мыналарға жол ашады:
- аймақтың климаты мен экологиясын қалпына келтіруге;
- аймақтағы гидрологиялық режімді қалыпқа келтіруге;
- мұздықтардың және орташа таулардағы қар жамылғысы еруінің баяулауына;
- температура мен құрғақшылықтың азаюына;
- жердің тозуын тоқтатуға;
- өсімдіктердің дамуын жақсартуға;
- жоғары сапалы ылғалды ауа қалыптастыруға.
Бауыржан САРИЕВ,
инженер