Клиникалық-диагностикалық зертхана қалқанша безіне қатысты талдаулар нәтижесін түсіндіретін зияткерлік жүйені іске қосты. Бұл – зертханалық диагностика саласындағы тың қадамдардың бірі. Жаңа сервис зерттеу қорытындысын жасанды интеллект технологиялары арқылы қарапайым әрі түсінікті тілде тарқатып беруге мүмкіндік ашады.
Жүйе қалқанша безі қызметінің негізгі көрсеткіштері саналатын тиреотропты гормон (ТТГ) мен еркін тироксиннің (еркін Т4) мәндерін жедел талдауға көмектеседі. Алгоритм халықаралық клиникалық ұсынымдарға сүйеніп жұмыс істейді. Нәтижесінде құрылымдалған есеп дайындалып, онда көрсеткіштердің мағынасы, ауытқу себептері мен алдағы қадамдар жөніндегі ұсынымдар қамтылады.
Зияткерлік талдауды алуға ТТГ мен еркін Т4-ке бір мезгілде қан тапсыру қажет. Есеп зерттеу қорытындысымен қатар автоматты түрде жасалып, пайдаланушының жеке кабинеті мен мобильді қосымшада қолжетімді болады.
Жоба тәжірибелі эндокринолог дәрігерлердің қатысуымен әзірленген, дәлелді медицина қағидаттарына негізделген. Сервис тек бағыт-бағдар беріп, тексеру нәтижесін дұрыс ұғынуға жәрдемдеседі әрі дәрігер қабылдауына дайындықты жеңілдетеді. Дегенмен ол маманның медициналық қорытындысын алмастырмайды.
Жасанды интеллектіні енгізу зертханалық диагностиканы цифрлық жаңғырту жолындағы стратегиялық қадам саналады. Алдағы кезеңде әлеуметтік маңызы жоғары зертханалық бағыттарды қамтитын жаңа зияткерлік түсіндіру тетіктері кезең-кезеңімен іске қосылмақшы.