Сурет: zakon.kz
Жаңа Ата заң жобасын әзірлеу мақсатында 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Кейбір азаматтар «Неге комиссия тек заңгерлерден тұрмайды?» деп сұрайды. Алайда Конституция – құқықтық нормалар жинағы ғана емес, ол мемлекетті басқару моделі, экономикалық негіз және қоғамдық қатынастар жүйесі. Сондықтан оны талқылауға әртүрлі саланың мамандары – заңгерлер, экономистер, қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, сарапшылар тартылды.
Комиссия құрамына Парламенттегі барлық партия – «Amanat», «Ақ жол», «Ауыл», ЖСДП, ҚКП, «Respublica» өкілдері енді. Бұл біржақты шешімдердің алдын алып, жұмыстың ұлттық мүдде аясында жүргізілгенін қамтамасыз етті. Комиссия өкілдік қағидатымен қатар кәсібилік пен қоғамдық бедел өлшемдерін де негізге алды. Біздің мақсатымыз – формальды көпшілік емес, мазмұнды әрі жауапты шешім қабылдау.
Ашықтық реформаның басты ұстанымы болды. Комиссия жұмысы толық жария форматта өтті. Отырыстар Конституциялық соттың ресми ресурстарында тікелей эфирде көрсетілді. «Конституциялық реформа – 2026» Telegram арнасы ашылып, барлық өзекті ақпарат жарияланды. Комиссия мүшелері БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы талқылаулардың мазмұнын түсіндіріп, қоғаммен тұрақты диалог жүргізді.
Ашықтық трансляция жасау емес. Негізгі мақсат – қоғамды шешім қабылдау үдерісіне тарту. Адамдар қандай нормалар қаралып жатқанын көруі, түсінуі және пікірін білдіруі үшін қажет болды. Бүгінде қоғамдық орталарда, әлеуметтік желілерде жүріп жатқан пікірталастар – осы ашық жұмыстың нәтижесі.
Жаңа редакция аяқ астынан пайда болған жоқ. 2025 жылы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Парламентті реформалау бастамасын жариялады. Осыдан кейін Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, азаматтардан ұсыныстар қабылдай бастады. E-Otinish пен eGov платформаларында арнайы бөлім ашылып, қазан айынан бастап жүздеген өтініш келді. Саяси партиялар мен бастамашыл топтардан 1 600-ден аса ұсыныс жолданды.
Ұсыныстардың мазмұны жекелеген түзетулермен шектелмей, жүйелі өзгерістер қажеттігін көрсетті. Сондықтан толыққанды Конституциялық реформа жүргізу және арнайы комиссия құру туралы шешім қабылданды. Барлық ұсыныс біртұтас, логикалық үйлесімді жобаға біріктірілді. Нәтижесінде, өзгерістер Конституцияның барлық бөліміне әсер етті.
Қоғамды «Неге жаңа редакция?» деген сұрақ алаңдататыны анық. Ұсынылған жобада кіріспе, 11 бөлім және 96 бап бар (қолданыстағы редакцияда – 9 бөлім, 101 бап). Екі жаңа бөлім енгізілді: «Қазақстан Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу».
Төрт бөлімнің атауы мазмұндық тұрғыдан қайта қаралды. 77 бапқа өзгеріс енгізілді. Бұл мәтіннің 84 пайызын қамтиды. Заңнамаға сәйкес егер нормативтік актінің жартысынан астамы өзгерсе, жаңа редакция қабылданады. Демек, сөз Конституцияның логикасы, құрылымы және қағидаттарын қайта қарау туралы болып отыр.
Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау немесе қабылдамау туралы соңғы сөзді халық айтады. Сондықтан 15 наурыз дауыс беру күні ғана емес, еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт болары хақ.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі