Қоғам • Бүгін, 09:00

Екі ойыншықтың бірі – жарамсыз әрі қауіпті

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр ақпан айында алматылық хирургтер екі жасар баланың асқазанынан 105 магнитті моншақ алып, абсолютті рекорд жаңартқан еді. Өкінішке қарай, «сиқырлы» моншақтардың зардабын тартқандар мұнымен шектелмейді. Сапасыз әрі қауіпті ойыншықтар мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр.

Екі ойыншықтың бірі – жарамсыз әрі қауіпті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жоғарыдағы жайтты тара­та түсіндіретін болсақ, был­тыр 20 ақпан күні Алматы­дағы Балаларға шұғыл медици­на­лық көмек көрсету орта­лы­ғына жағдайы тым ауыр кіш­кентай пациент жет­кізі­леді. Екі жастан енді ғана асқан сәбидің мазасы кетіп, іші ауырғанына біраз уақыт бол­ған. Ата-анасы дәрі­гер­лер­ге шамамен бір апта бұ­рын қонақта болғандарын, сол жер­де балаларының үлкен­дерге арналған магнитті конс­труктормен ойнағанын, кей­бір ұсақ бөлшектерін жұтып қоюы мүмкін екенін айтқан. Бірақ нақты қанша моншақ жұтылғаны белгісіз еді.

Баланың құрсақ қуысына рентген жасағанда өлшемі 6,2×2,2 см болатын металл заттардан құралған конгломерат анықталады. Әуелі мамандар бөгде затты эндоскопиялық әдіспен алуға тырысқаны­мен, магниттер тығыз жиналып тұрғандықтан, бұл әдіс нәтиже бермейді. Амал жоқ, дәрігерлер хирургиялық операция арқылы лапаротомия мен гастротомия жасауға шешім қабылдап, баланың асқазанынан 105 магнитті моншақ алып шықты. Опе­рациядан кейін балақай жан­сақтау бөліміне түсіп, жағдайы біртіндеп түзелді.

Өкінішке қарай, бұл Бала­ларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігер­лері жасаған алғаш­қы операция емес. Қабыл­дау бөлімі­нің жауапты хирургі Азат Мамырасылдың айтуынша, оған дейін де ұсақ магниттерді жұтып қойған бірнеше балаға шұғыл операция жасалыпты. Дер кезінде көрсетілген хирургиялық көмектің арқа­сында ғана дәрігерлер сәби­лердің өмірін сақтап қалды. «Науқастың ауруханаға түскен кездегі жағ­дайы ауыр болды. Магниттік конструкторды жұтып қойған баладан төмен ішектің бірден біте­ліп, перитонит пен инфек­ция­лық-уытты шок алғанын анық­тадық. Оның ішегінен 13 ұсақ магнит табылды», деді дәрігер.

Тағы бір жантүршігерлік оқиға: 7 жасар бала ішек-қар­нындағы магниттермен 9 күн бойы жүрген. Жеке емхана рентген жасап, ауруханаға жолдама берсе де, ата-анасы бөгде затты үй жағдайында түсіруге әрекеттенген. Тек бала­ның жағдайы күрт нашар­лап, құсып, әлсірегенде ғана жедел жәрдем шақырған. Бұл балаға да хирургиялық операция жасалды, ол да жансақтау бөлімінде жатты.

Мұндай жағдайда дәрігер Азат Мамырасылұлы бірден білікті медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Бөтен зат ең алдымен ішек перфорациясына немесе перитонитке душар ететінін, кешенді зерттеулер арқылы бірден дәл диагноз қойып, дер кезінде көмек көрсетуге болатынын айтады.

Өкінішке қарай, әлемдік тәжірибеде де ата-аналардың осындай немқұрайдылығы­на байланысты дәрігерлер дер кезінде көмек көрсете алмай қалатын қайғылы оқи­ғалар кездеседі. Біз өз тарапы­мыздан жоғарыдағыдай жағ­дайларға ұқсас оқиғалар туралы «Алматы балалары­ның жұтпайтыны жоқ» деген ақпа­рат әзірлеп, асқазан, ішек жол­дарынан алынған бөгде зат­тардың «коллекциясын» да жариялаған едік. Оның ішін­де түйме, домалақ батареядан бастап, ойыншықтардың ұсақ-түйек бөліктерінің неше түрі табылады.

Бұл тұрғыда тиісті орын­дар­дың қырағы болғаны, ойын­­шықтарға, жалпы ба­ла­­ларға арналған тауар­лар­­дың қауіпсіздігін бақы­лау­да ұстағандары жөн. Жа­қын­­да арнайы ұйымдас­ты­­рыл­ған брифингте қала­лық са­нитарлық-эпиде­мио­­ло­гиялық бақылау депар­таменті бас­шы­сының орынбасары Гаухар Қаткенова балалар бұйым­дарына қойылатын не­гізгі та­лаптар, тексерулердің нәти­­жесі мен кәсіпкерлердің жа­уапкершілігі туралы мә­ліметтермен бөлісті. Маман­дар 2015 жылдан бас­тап ба­қылау жұмыстары Кеден ода­ғының «Ойыншықтар­дың қа­уіпсіздігі туралы» тех­ника­лық регламентінің талаптары­на сәйкес жүргізілетінін, оған сынақтық сатып алулар мен зертханалық зерттеулер де кіретінін айтады.

«Қауіпсіз ойыншық – ең алдымен дұрыс таңбаланған өнім. Тауарда өндіруші туралы ақпарат, қай елде, қай жастағы балаға арналған, қолданылған материалдар мен жасалған күні анық көрсетілуге тиіс. Бұл деректердің болмауы заң­бұзушылық болып саналады», дейді Г.Қаткенова.

Өткен жылы Алматы қала­сында қосымша сатып алу жұ­мыстары аясында 108 ойын­шық үлгісі зертханалық тексеруге жіберілгенде, өнімдер­дің 53,7%-ы таңбалау талаптарымен сәйкеспейтіндігі анық­талған. Сондай-ақ бақы­лау іс-шаралары барысында кондитерлік өнімдер де тексерілген. Зерттеуге алынған 86 өнім үлгісінің 27,6%-ы қауіп­сіздік пен таңбалау жө­нін­дегі техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан сауда сөрелерінен сапа талаптарының үдесінен шыға алмайтын 1 тоннадай азық-түлік өнімдері жойылды. Негізінен зияндылығы жоғары тағамдық қоспалар, сүт өнімдері мен дәмдеуіштер тәркіленді.

«Талапқа сай келмейтін өнімдер саудадан шығары­лады. Кәсіпкерлерге қатыс­ты әкімшілік шаралар қол­да­нылады. Биыл 40 биз­нес нысаны жауапқа тарты­лып, оларға салған айыппұл 13,9 млн теңгеге жетті», деді Г.Қаткенова.

Санитарлық-эпиде­мио­­­логиялық бақылау депар­та­ментінің өкілдері үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға қосымша шектеулер қолданылатындығын атап өтті. Айталық, мұндай ойыншықтарға ылғалдылығы 5%-дан жоғары жерде ұлғая­тын табиғи тері, әйнек, фар­фор, түкті резеңке, толтыр­ғыштарды қолдануға болмайды. Ойыншықтардың қыры өткір, ұсақ бөлшектері мен бөгде иісі болмауға тиіс.

Департамент профилакти­калық бақылауды тек көшпелі тексерулер арқылы емес, соны­мен қатар ақпараттық жүйе­­лер­дегі деректерді тал­дау мен са­ни­тарлық-эпиде­мио­логиялық бақылауға жататын өнім­­дердің жарнамасын ба­қы­­лап отыру арқылы да жүр­гізеді.

Заңсыздық анықталған жағ­дайда кәсіпкерлер оларды жоюға міндетті. Талаптар орындалмаған жағдайда нысан профилактикалық бақылау тізіміне енгізіледі, тексеру барысында заңбұзушылық қайталанатын болса, оның қызметін тоқтатуды көздейтін материалдар сотқа жолданады. Сауда сөрелеріне сапамен үйлеспейтін бұйымдарды жібермеуге мүдделі мекеме­лер Сауда және интеграция министрлігі Техникалық рет­теу және метрология коми­тетінің Алматы қалалық де­пар­­таментіне өнімнің сәй­кес­тігін растайтын құжат­тар­­дың (декларациялар, сертификат­тар) күшін тоқтату немесе уақытша тоқтату туралы ақ­па­раттық хаттар жолдайды. Яғни кәсіпкерлер бұл құжат­тарсыз ойыншықтарды сата алмайды.

Мем­ле­кеттік бақылау өз алды­на, ең бастысы – ата-ана­ның жауап­кершілігі мен қы­ра­­ғы­­­­лығы. Осы орай­да сани­та­рлық-эпидемио­логиялық ба­­қылау мекемелері ата-ана­лар­ға ойыншық сатып алуға жауапкершілікпен қарап, мұқият болуға кеңес береді.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда күн күрт суытады

Ауа райы • Бүгін, 17:44

Референдум әлемдік БАҚ назарында

Референдум • Бүгін, 15:45