Музей • Бүгін, 09:20

Музей қашан санатқа қосылады?

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қызыл­ордада өткен V Ұлттық құрыл­тай­да елімізде тұңғыш рет музей ісі ұлттық мәдение­ті­міздің жасампаз үлгісі райында ұлықталды. Президент Қ.Тоқаев онда ғимараты салынып, экспозициясы қызықты құрылған өлкетану музейіне оң баға беріп, республикада музей ісін дамытуға бағыт сілтеді. Президенттің бағдарлы сөзін тыңдаған соң архивімді ақтардым. Ақтарып отыр едім, «Лувр – бірінші орында» деген мына мақала көзіме оттай басылды: «Францияның әйгілі Лувры әдеттегідей бұл жолы да бірінші орынға шықты. 2008 жылы Луврға 8,5 миллион адам келіпті. Мұндай көрсеткішке әлемдегі өзге музейлердің бірде-бірі жете алған жоқ. Жете алғаныңыз не, әлі маңайлай алған жоқ» («Жас алаш» газеті, 5.05.2009).

Музей қашан санатқа қосылады?

Бүгінде Лувр музейін тамашалаушылар саны шығанға шығып кетсе керек. Оған күмән жоқ. Музейаңсарлы жандар көрсет­кі­ші ұлтым, жұртым дейтін әрбір адамды еріксіз Отаныңдағы музей­лердің жай-күйіне қарай жете­лей жөнелері анық. Бізде ­музей мәдениеті қай өреде?

Әмір Темір салдырған Қ.А.Ясауи­ мав­­золейін музей деп­­ қа­расақ, біздегі музей жасау тарихы орта ғасырға кетеді. Бірақ ол кезде музей атымен жік­теліс жа­салмаған. Еліміздің тарихи-өлкетану музейі алғаш қазақтың бір астанасы болған Орынборда ұйымдастырылады. Ұйымдастырушы – қазақ өмірі­нен хикаяттар жазған, тұңғыш рет «Ұлы орыс тілінің түсіндірме сөздігін» жасақтайтын Владимир Даль. Орынбордан Қызылордаға көшкен. Қызылордадан Алма­тыға. Күншығыс еңбек­ші­лері уни­верситетінің түлегі Б.Кен­жебайұлы 1925 жылы «Жас алаш» газетіне журналистік қыз­метке жіберіледі. Межелеу кезеңі. Астана Қызылордаға көшіп үлгеріпті. Музей жұртына бас сұққан екен. Савельевтің «Қыр­ғызша (қазақша)-орысша сөздігінің» жұлым-жұлым бір нұсқасына кезігеді. Тіл тарихында айтыла бермейтін сөздікті қолтығына қысады да, Қызылорда қайдасың деп отарбаға мініп, тартып отырады. Ең қымбат қазына жұртта қалған.

Бас музейді әр жылдары әр­кім-әркім басқарды. Сара Есова, Райхан ­Қос­мамбетова, Нұрсан Әлім­бай. ХХ ғасырдың 80-жылдары Мәскеуде әде­биет­танудың әлемдік тұлғасы Виктор Шкловский­ге барып жолықтым. Көп әңгіменің ішінде «Соғыс жыл­дарында Қазақстанға, Алматыға ығып барып, уақытша қоныс тепкенде Орталық музейде жұмыс істеп едім. Бай кітапханасы бар еді. Одан Ефрон – Броккауз көптомдығын алып едім. Музей кітапханасы аса бай еді», деген. Сырт мұқабасына алтын жалатқан көптомдық энциклопедияны көргенде көзіме жас тығылды. Әлдебір мұңды өксік қысты.

Музей қызметкерімін. Мәс­кеуден оралысымен «Орталық музейге» кірдім. В.Б.Шкловский­ден естіген кітаптар, бұйым­дар ­(экспонат), байырғы жәді­герлік­тер көзіме шалынбады. Өкініш­ті. Музей – ең алдымен тарих. «Тарих дегеніміз – әрбір ұлттың жады» (Н.Карамзин). Біз музей ісіне енжар қарайтын халықпыз. Демек, өзіміздің ұлттық тарихымызға перзент­тік көзбен қарай алмай жүрміз. Бұл – музейдің тарихы жайында бір-екі ауыз ащы сөз болсын... Мүмкін, кейінгі ұрпақтың жүрек құлағы ашылар...

Музей ісі дегеніміз – алдымен музей жасау, сосын оны көздің қарашығындай сақтау, кезең-кезеңде экспозициясын жаңартып, жаңғыртып қайта экспозициялап дамыту, ұлттық мәдениет санатына қосып, оны қорғау. Тірнектеген еңбек. Ұлт мұратымен қамшының өріміндей жымдасып жатса, нұр үстіне нұр. Олай болмай, саясатқа «күйлеп» кетеріміз тағы бар. Ол – трагедия.

Музей өлкетану ісінен бас­тау алады. Өлкетану да – ұлт та­рихы. Ұмыттым, 1929 жылы ма, Қазақстанда тұңғыш «Өлке­тану­шылардың бірінші съезі» өтеді. Әлемнің әр шалғайынан әл-қуа­тынша түркітанушылар келіп қа­тыса­ды. Қазақтар қыбыжықтап, орыс револю­цио­нерлеріне му­зей жасау керектігін айтумен болады. Жалған интернационализм. Ұмытпасам, атақты түркіта­ну­шы Баскаков сол съезде: «Музей ­ісі – ұлттық тарих, ұлттық мәде­ниет», деп қазақтарды көзге шұқи­ды. Саясатқа әбден бойұсын­ған қазақтар қайтып өлкетанудың
­ІІ съезін өткізген емес күні бүгін­ге дейін.

Халық қолындағы тарихтық мәні бар бұйымтайымды (Өзбек­әлі Жәнібек) бір орталыққа жинап, сан салалы музей жасау­дың алғышарты керек-ті. Өлке­тану съезі осы жидашылық істің әдістемесін анықтауға тиісті еді. Ол кезде бұл мәселені де іліп алып кете алмады. Жинақталған жә­дігерлікті ғылыми жүйелеп, экспонат паспортын жасап, музейге айналдырудың әдіснама­сын жасау да – съез айқында­ған бір міндет. Оны да игеріп, дамытып алып кете алмадық. Содан да қазақ жағдайында музей ісі Орынбордағыдай қарқын ала қоймады.

Кезінде өңір-өңірде (облыстар) жасақ­талған өлкетану музейлері – Ресей өлкетану музейлерінің филиалы сияқты болып жасақ­талды. Ұлттық пішім, ұлттық тарихтан жұрдай. Мән-мазмұны ұлттық танымға қайшы. Біздің орыс­тануымыздың «алтын қайнары» – осы аты қазақша, мазмұны – орысша жасақталған музейлер.

Жәдігер шаһар Түркістан облыс орталы­ғына айналар тұста облыс әкіміне саланың ІІ съе­зін Түркістанда өткізейік, сонда көне шаһарды сақтаудың, жаң­ғыртудың жөн-жобасы анық­тала­ды дегеніміз бар. Қуана қа­былдаған сияқты еді. Сөзіміз жерде қалды. Түркістанды облыс ор­талығына айналдыруды эс­трада­лық сипатта жүргізіп кеп бердік.

1960 жылдардан бастап бүгін­ге дейінгі музей ісі – қайраткер­лігін халқына қалтқысыз арнаған Өзбекәлі Жәнібек есімімен тығыз байланысты. Жастар ұйымын басқарған ол КИМ жетекшісінің біріне айналған жарық жұлдыз Ғани Мұратбаевқа туған жерінде (Қазалыда) музей жасақтады. 23 жыл ғана өмір сүрген жастар көсемі КИМ-ге (Мәскеу) – Ташкент арқылы барады. Соны ескерген Өзбекәлі Жәнібеков өзбекстан­­дық әріптесі Ядгаровты пайдала­нып, Ташкентте Ғани Мұратбаевқа музей аштырады. Шымкентте Ленинге ескерткіш жоқ кездің өзінде мәскеулік мүсінші Шуми­ло­вичке құйдырып, Ғаниға ескерт­кіш қойдырады. Ваганьков зиратына жерленген. Топырағы кепкен соң, ұмыт болған Ғани Мұратбаев зиратын оны ақтық сапарға шы­ғарып салған Б.Кенжебайұлы, Ө.Тұрманжанұлы, Ж.Арыстан­ұлы арқылы тауып, басына ескерт­­кіш қойдырады. Бүкілодақтық іс-шараға айналдырады.

1970 жылы Торғай облы­сы­на үшінші басшылыққа «мәде­ни ссылкаға» (Ш.Мұртаза) жібе­рілген Өзбекәлі Жәнібек «Сақтан қазаққа дейін» атап экспозиция жасақтап, атқорадан өлкетану музейін жасайды. Алматыдан Манаш Қозыбаевты шақыртып, Сарыарқа өңіріндегі тарихи ес­керткіштерді анықтайды. Со­ның бірі – бүгінгі күндері қолға алып отырған Жошы хан мазары, кесенесі...

Өзбекәлі Жәнібек ЮНЕСКО тізіміне Қ.А.Ясауи кесенесін кір­гізсек, оны халықаралық туризм тізбесіне қоссақ, қазақ аты туризм арқылы сырт елдерге кең танылар еді деген арман жетегінде болды. Бізді музей ісіне жекті. Жай жекпеді, ұлттық намысымызды оятып, тасқайраққа жаныған селебедей етіп, сергітіп жұмсады, музей ісіне солай жұмылдырды. Ол: «Аядай Хунгарияда 614 музей бар. Далиған территорияны алып жатқан бізде бар-жоғы 35 қана музей бар. Ұят емес пе? Біз­дегі музейлердің аты ғана қа­зақ­ша. Қазақ музейлерін неге жа­са­май­мыз? Кімнен кембіз?» де­ге­ні есімде қалғаны. Қысқа қайы­рып айт­сам, мәдениет қай­раткері Өзбек­әлі Жәнібек сол жылдары қа­зақ мә­дениетіне түп-тамыры­нан тартып реформа жасады. Жаңа ұлттық сипатты музейлер ашты. Ірібас­ты 35 музей ол орнында отыр­ған жылдары 75-ке жет­ті. Музей ашу­ға Мәскеу ерік бермейді. Сыға­­лап, сыналап жасаймыз. Оны филиал атаймыз. Бір деңіз.

Екіншіден, орысша сөйлеп тұрған облыс­тық өлкетану му­зейлері қайта қаралып (реэкс­позиция), түбірімен қазақтың ұлттық тарихы­на құрылды. Таза орысша құрылған Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейін ұлт­тық музей етіп құр­ған кездері қандай қиын­дық­тар­ға тап болды десеңізші. Әрине, Мәскеу ұлттық пішім, ұлттық ­музей жасауға жол бере қоймай­ды. Жол бермесіне Өзбекәлі Жәнібек қоймайды.

Өзбекәлі Жәнібек Мәдениет министрінің орын­басары болып жүргенде 15 облысқа сол өңір­­­де­гі тарихи ескерткіштерді тізімге алды­рып, «Облыс­тың тарихи ескерткіштерінің тізімі» ата­латын бір-бір жуан кітап жасатып берді.

Өзбекәлі Жәнібек басшылы­ғы кезінде өңір-өңірдегі театрлар ішінен сол өнер ошағының тарихын әңгімелейтін салалық музейлер жасақталып еді. Жылжы­малы көрме емес, қалыпты музей! Күнделігіме көз салсам, Абай атын­­дағы Опера және балет театры­­ жанынан музей ашылған күн – 1985 жылдың 27 қыркүйегі. «Бүгін Қазақтың Абай атындағы опера және балет театры жаны­нан әдемі музей ашылуға тиісті. Оны экспозициялаған, көркемде­ген талантты дизайнер Аманжол Найманбаев бригадасы. Бұл – ұлт республикасы театрларында әлі қолға алынбаған, жаңалықты іс. Ұлттық өнер саласына қосылғалы тұрған жаңалық» (27 сентябрь, 1985) деп жазыппын күнделігі­ме. Ол музей де оңайшылық­пен ашылған жоқ. «Күләштің сах­наға киетін сәнді көйлегі табылды, деп қуанды бір күні Өзекең. Күләштай бұлбұлдың сахнаға шығарда себетін иіссуы табылды», деп бір қорапты көрсетті қуанып Өзекең. Әрі қарай Жәңгір ханның патша сарайын­ билегенде киген би көйлегі жайын­да жетелі әңгімеге көшті, жарық­тық. Табылған бұйым-тайым (Өзбекәлі Жәнібек баламасы) бәрі Абай атындағы Опера және балет театрының музейінен ­орын теуіп еді, шіркін. Ана жылы ­театр жөндеуге қойылды. Музей күйретілді.

Өзбекәлі Жәнібек музей ұлт­тық мәдениет мәйегі, тәрбие орталығы деп қарайтын. Ұлт­тық мәдениеттің сырт елдерге шы­ғарып көрсе­тер нақты, зат­ты көрсеткіші деп білетін. Ол ми­нистрлік ішінен «Музей бөлі­мін» жасақ­тап еді. Тарихи ескерт­кіштерді қайта жаңғыртатын Жаңғырту институтын аш­қан еді. Кім білсін, бүгін соның қайсысы орнында, қайсысы ізім-қайым. Өзбекәлі Жәнібектің туған жерін­де қоғамдық ынтамен музейін ашқан едік. Жам­поздың 90 жылдығына қарай Отырар ауданы басшылы­ғы кеңейту, көркейту орнына жауып тынды. Өзекеңнің ұстазы – қазақ әдебиеті тарихына 15 ғасыр руха­ниятын қосқан «Әдебиет тарихын зерттеушілердің пірі» атанған Бейсембай Кенжебайұлына арнап «Түріктану» музейін жылдап жасақтап едік. Екі жыл­дан асып барады, жауып тынды. Бұдан бі­раз жыл бұрын жасақталған «Отырар кі­тапханасы» да жоқ.

Әңгіме Луврдан басталып еді-ау. Жылына Лувр­ға 8,5 миллион кісі кіреді. Артық кіргіз­бейді. Шектеу. Біздің адамзаттық құндылық қатарынан орын алған Қ.А.Ясауи мавзолейіне жыл бойы зиярат етіп келетін адамдар саны миллионнан жаңа асты. Француз президенті Миттеран соңына Ұлттық кітапхана қалдырды. Жергілікті әкімдер орта ғасырда Александрия кітапханасынан кейінгі мәшһүрлікке ие болған Отырар кітапханасын тірілтейін десең, ғимаратын сатып, жауып тас­тайды. О, тоба!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Референдум–2026. Онлайн-марафон

Референдум • Бүгін, 12:00

Төл өнеріміз – ИСЕСКО тізімінде

Қазақстан • Бүгін, 09:45