Тізімді жергілікті атқарушы органдар дауыс беру үшін нақты учаскенің аумағындағы тұрғылықты жеріңіз бойынша тұрақты тіркелуіңіздің негізінде жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар берген өтініші негізінде тізімге енгізіледі.
Дауыс беруге арналған учаскелер мен олардың шекаралары туралы мәліметтерді тиісті әкімдер 2026 жылғы 21 ақпанға дейін жариялайды. Сіз өзіңіздің учаскеңізді біліп, тізімге енгізілгеніңізді тіркелген жеріңіз бойынша жергілікті атқарушы органға хабарласу арқылы тексере аласыз. Тізімде болмаған жағдайда, Сіз әкімдікке тиісті өтініш беруге құқылысыз.
2026 жылғы 27 ақпаннан бастап дауыс беру учаскеңізде Сізге республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізіміндегі өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі. Егер қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болса, Сіз дереу учаскелік референдум комиссиясына өтінішпен жүгіне аласыз.
Сізді азаматтық жауапкершілік танытуға және 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумға қатысу құқығыңызды пайдалануға шақырамыз!