Пікір • Бүгін, 08:27

Бірлікті көрсететін шақ

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі жаһандық даму жағдайын да экономикалық және технология­лық трансформациялар әлемдік тәртіптің бет-бейнесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Әлеуметтік-саяси үдерістер қарқын алып, геосаяси тұрақсыздық пен тәуекелдер күшейіп келеді. Мұндай жағдайда мемлекеттердің өміршеңдігі бұрынғыдай тек ресурстарға не формальды егемендікке емес, институционалдық беріктікке, құқықтық жүйенің әділеттілігі мен тиімділігіне, сондай-ақ қоғамның ішкі бірлігі мен құндылық тұтастығына тікелей тәуелді бола түсті. Сондықтан тәуелсіздік –бір мәрте қол жеткізіп, мәңгілікке сақтала беретін мәртебе емес, үздіксіз еңбекті, жаңғыруды талап ететін күрделі әрі жауапты үдеріс.

Бірлікті көрсететін шақ

Сурет: kaz.inform.kz

Тарихқа көз жүгіртсек, ел аумағында қалыптасқан мемле­кеттілік дәстүрі терең әрі сабақтас эволюциялық жолдан өтті. Ерте түркі қағанаттарынан бастап Қазақ хандығына, одан кейінгі отарлық кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалыстар мен ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің саяси күресіне дейін егемендік идеясы ұлттың саяси санасының өзегіне айналды. Бұл тәжірибе мен идеялық мұра қазіргі тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық дамуына іргетас болып отыр. Демек, бүгінгі реформалар – тарихи жадтан ажыраған кездейсоқ қадам емес, керісінше, ғасырлар бойы қалыптасқан мем­лекеттік ойдың заңды жалғасы.

Заманауи мемлекет жағдайын­да тәуелсіздік ұғымы тек аумақтық тұтастық пен сыртқы саяси дер­бестікпен шектелмейді. Ол ең алдымен, тиімді басқару институт­тарының орнығуын, билік тармақ­тары арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік жүйенің жұмыс істеуін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты қорғалуын және қоғамдық қатынастардың әділетті құқықтық реттелуін талап етеді. Егер осы қағидаттар жүзеге аспайтын болса, егемендік сыртқы формасын сақтағанымен, ішкі мазмұнынан айырылу қаупіне ұшырайды.

Осы тұрғыдан алғанда, қазір елімізде жүзеге асырылып жат­қан конституциялық реформаларды тарихи тәуелсіздік идеясын заманауи құқықтық әрі институционалдық формада орнықтыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады. Өзгерістер мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу тетіктерін кеңейтуге, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Конституциялық жаңғыру еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық мемлекеттіліктің берік негізін қалыптастыруды көздейді. Сондықтан бұл реформалардың мәні, салмағы, жауапкершілігі де айрықша жоғары.

Мемлекет басшысынан бас­тап, қарапайым азаматқа дейін баршамызды біріктіретін ортақ мұрат – елдің азаттығын баянды ету. Тәуелсіздікті тек сақтап қана қоймай, оны әділетке, заң үстемдігіне, азаматтың қадір-қасиетіне негізделген, болашақ ұрпаққа нық табыстайтын қуатты мемлекет құру арқылы бекемдеу. Ендеше, елдің бүгіні мен ертеңін айқын­дайтын осынау бетбұрыс кезеңінде ауызбірлігімізді көрсе­тейік.

 

Ерлан ҚҰСАЙЫН,

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының әкімі 

Соңғы жаңалықтар

Жетісудың бал қымызы

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Дрон жасаған инженерлер

Технология • Бүгін, 08:45