Экология • Бүгін, 08:40

Экологиялық түйткілдің түйіні қашан тарқайды?

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан бірнеше экологиялық мәселе бар. Олардың ең негізгілері – іргелі өндіріс ошақтары саналатын ферроқорытпа және хром қосындылары зауыттарынан тарайтын шаң-түтін, әбден тозығы жеткен кәріз-тазарту қондырғылары мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан шығатын, қолқаны қабатын жағымсыз иіс.

Экологиялық түйткілдің түйіні қашан тарқайды?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Еліміздегі темір қорытпасының 22%-ын өндіретін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен хром тотығын, натрий дихроматын шығаратын республикадағы бірегей кәсіпорын – хром қосындылары зауыты өңірдегі өңдеуші өнеркәсіптің күретамыры болғанымен, табиғатқа тигізер зардабы да аз болмай тұр.

Қаланың атмосфералық жай-күйіне 6 стационарлық бақылау бекеті арқылы тұрақты мониторинг жүргізіледі. Оның үшеуінде шаң, азот, күкірт диоксидтері, көміртек оксиді, күкіртсутек, формальдегид, алты валентті хром, бензол секілді зиянды заттарға тәулігіне төрт рет сынама алынса, қалған автоматтандырылған бекеттер ластаушы заттарды 20 минут сайын анықтап, мәліметті лезде жариялап отырады.

«Қазгидромет» РМК Ақтөбе филиалының дерегіне сүйенсек, қаңтар айының екінші жартысында шаһардағы ауа сапасы «жақсы» деңгейден «орташа» деңгейге түскен. Мәселен, 18 қаңтарда AQL көрсеткіші 42-ні көрсетіп, жағдай «жақсы» деп бағаланғанымен, кей күндері рұқсат етілген шекті мөлшерден ауытқудың 144 дерегі тіркелген. Әсіресе, Есет батыр көшесінің бас жағында ауа сапасының күрт нашарлағаны байқалады. Мамандардың айтуынша, бұған көбіне желсіз, тымық ауа райы себеп болады. Атмосфераның төменгі қабаты салқындап, үстіңгі қабаты жылынғанда ауа алмасу үдерісі тежеліп, зиянды заттар жер бетіне жақын шоғырланады. Күкірт диоксиді, азот, көміртек оксидтері мен формальдегидтің жоғары концентрациясы көбіне қоқыс полигоны мен зауыттарға жақын аумақтарда анықталып отыр.

«Қазгидромет» РМК деректеріне сүйенсек, Ақтөбе қаласында атмосфе­ралық ауаның ластану деңгейі 2015 жылы «төмен» болған, 2017 жылы «жоғарылаған». 2016, 2018–2019, 2021 жылдары – «жоғары» деңгейде деп бағаланған. 2020, 2022–2024 жылдары Стандартты индекске сәйкес, ластану деңгейі СИ = 13,5–21,3 («өте жоғары») мәндеріне жеткен. Тек 2023–2024 жылдары қалада зиянды заттардың шекті мөлшерден асуының 4,9 мың дерегі тіркелуі – дабыл қағарлық жағдай.

Экологиялық ахуалды жақсарту мен шаһарды көгалдандыру мәселесі қоғамдық тыңдаулар мен уәкілетті орган өкілдерінің халықпен кездесулерінде ұдайы көтеріледі. Жуырда Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевке де тұрғындар тарапынан осы сауалдар қойылды. Қоғам белсендісі Александр Мандрыкин қаладағы жағымсыз иісті жою жөніндегі министрліктің жоспарын сұрап, 2025–2029 жылдарға арналған өңір экологиясын сауықтырудың Жол картасы облыстық мәслихатта әлі күнге бекітілмегеніне назар аударды. Ж.Әлиев жағымсыз иістің негізгі көзі – қаладағы тозған кәріз жүйесі екенін, бұл мәселе ведомствоға жақсы таныс екенін жеткізді.

«Бұл – еліміздің көптеген қаласына ортақ түйткіл. Бүгінде ел көлеміндегі кәріз суларын ағызу желілерінің тозу деңгейі 70%-ға жеткен. Сорғылау-тазарту қондырғыларынан бастап, магистралды желілерге дейін толық жаңартуды қажет етеді. Өкінішке қарай оның құрылысы, жоспарлау, қаржыландыру мәселесімен біздің министрлік емес, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен жергілікті әкімдіктер айналысады. Экология министрлігі ауада, топырақ пен суда ластаушы заттар бекітілген шекті мөлшерден асқан жағдайда ғана бақылау функциясын жүзеге асырады», деп жауап берді вице-министр.

Аталған жиында Елек өзеніне хром қосындылары зауытының қалдықтарын төгуді тоқтату мәселесі де сөз болды. Вице-министр Ақтөбе облысының алты валентті хроммен ластанған гидрожүйесін сауықтыру ісі жақын арада шешімін таба қояды деп айту қиын екенін жеткізді.

«Осы бағытта қыруар қаржы жұмсалғанымен, мәселенің не техни­калық, не ғылыми шешімі нақты анықталмады. Мамандармен сан мәрте кеңес өткізсек тe, ортақ мәмілеге келе алмадық. Бір тарап өзен түбін тазарту керек десе, екінші жақ шөккен зиянды заттарды қозғау тұтас экожүйеге қауіп төндіреді деген пікірде. Сондықтан гидрожүйе мен гидродинамика саласындағы білікті ғалымдармен бірлесе отырып, кешенді зерттеу жүргізу қажет», деді ол.

Тығырықтан шығар жол жаңа Экологиялық кодекс талаптарының орындалуында жатыр. Құжатқа сәйкес, 2025 жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы компанияларға өндірісті қайта жарақтандыру мен эмиссияны азайту міндеттелді. Осы саладағы І санаттағы кәсіпорындар мемлекеттен кешенді экологиялық рұқсат алуға тиіс. Бұл құжат арқылы ірі өндіріс ошақтарының табиғатқа зияндылығының шекті мөлшері бекітіліп, шаруашылық қызметі қатаң бақыланады. Елдегі ең ірі 50 кәсіпорынға қолжетімді озық технологияларды енгізу арқылы зиянды шығарылымдарды азайту жүктелді. Өндірісті жаңғыртуды қолға алған кәсіпорындарға эмиссия төлемдеріне қатысты жеңілдіктер қарастырылған.

Ақтөбе облысы бойынша бұл тізімде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бастаған мұнай компаниялары мен ERG тобындағы өндіріс орындары бар. ERG құрамына кіретін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жаңа технологияларды енгізуді бастап кетті. Зауыт басшылығының мәліметінше, цехтарға арнайы тұтқыштар орнатылып, ластау­шы заттарды ұстап қалу, оны электр қуатын өндіруге пайдалану технологиясы іске қосылып жатыр. Биыл облыстағы 100 кәсіпорын кешенді экологиялық рұқсат алады деп жоспарланған. Қайта жарақтандыру мерзімі он жылға созылмақшы. Осы уақытта жаңаруға бет бұрмағандардың эмиссия жеңілдіктері жойылып, төлем бюджетке 100 есе мөлшерде қайтарылады.

«Өкінішке қарай өңірдегі кей­бір мұнай компаниялары қайта жарақ­тандыруға асығар емес. Түптеп келгенде, жаңа технология – қоршаған ортаға келетін зиянды азайтудың бірден-бір жолы әрі еуростандартқа көшудің алғышарты. Әрине, бұл ғимаратты, техника мен инфрақұрылымды жаңартуды талап ететін қымбат жоба. Сол себепті де өндірушілер әзірге енжарлық танытып отыр», деп түйіндеді Ж.Әлиев.

Биылдан бастап экологиялық айыппұлдардың республикалық емес, жергілікті бюджетке түсуі табиғатты қорғау шараларын қаржыландыруға септігін тигізеді деген үміт бар. Жергілікті белсенділер экология департаменттері бұл қаражатты нақты көгалдандыру жұмыстарына жұмсауға тиіс деп санайды. Дегенмен, өңірде табиғат қорғау шараларының ашықтығы мен нақты жоспары әлі де жетіспейді. Мәселен, IV санаттағы шағын мекемелердің, оның ішінде қала маңынан карьер қазып, құм мен қиыршық тас өндіретін серіктестіктердің іс-әрекеті ескерусіз қалып жатады.

Табиғат жанашырлары өзен арналарын бейберекет қазып, шаң-тозаң көтеріп, ландшафты бүлдіретін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бақылауды күшейтуді ұсынады. Құрылыс немесе өндіріс нысанын салатын мекеме табиғат қорғау жоспарында 100 түп ағаш егуге уәде бергенімен, оның орындалуын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Салдарынан сирек кездесетін өсімдіктер жойылып, қазылған карьерлер ашық-шашық күйінде қала береді.

Табиғат қорғау ісінде үлкен-кіші деген ұғым болмауға тиіс. Ауа, су, топырақтың тазалығы – біртұтас экожүйенің ажырамас бөлігі. Осы орайда әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен қоғам белсенділігі ауадай қажет.

Соңғы жаңалықтар

Жетісудың бал қымызы

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Дрон жасаған инженерлер

Технология • Бүгін, 08:45