Спорт • Кеше

Дзюдошылар Парижде үш қолаға қол жеткізді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парижде «Гранд-Слэм» турнирі мәреге жетті. Бұл жарыста бізді ұлттық командамыздың жейдесін кигеніне аса көп бола қоймаған Аман Бақытжан қуантты. 60 кг салмақ дәрежесінде белдескен ол қола медальді иеленді, деп хабарлайды Egemen.kz

Дзюдошылар Парижде үш қолаға қол жеткізді

Ақтөбе облысының өкілі алғашқы айналымдарда адуынды Закари Дижолдан (Франция), әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Мишель Августодан (Бразилия) және сақа спортшы Давид Старкелден (Словения) басым түсті. Жартылай финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Дилшод Халматовтан (Украина) ұтылды. Есесіне Аман үшінші орын үшін бәсекеде Панамерика біріншілігінде бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілген Джонатан Чаронға (Куба) шаң қаптырды. Бұл – Бақытжанның осындай мәртебелі жарыста екінші рет жүлдегер қатарына қосылуы. Алғаш рет ол былтыр Астанадағы турнирде үздік үштікті түйіндеген еді.

Келесі күні тағы екі қазақ дзюдошысы жеңіс тұғырына көтерілді. 81 кг салмақтағы Абылайхан Жұбаназар Джонни Асхам (Дания), Доминик Родригес (АҚШ), Иошито Хождзе (Жапония) және Берндом Фащингтен басым түсіп, Зелим Цакаевтан (Әзербайжан) жеңілді. 100 кг салмақта айқасқан Нұрлыбек Шархан Бен Шарес (Тунис), Алексей Ершов (Украина), Цомбор Вег (Мажарстан), Геннаро Пирелли (Италия) және Симеон Катаринаны (Нидерланд) қапы қалдырып,  Дота Арайдан (Жапония) айласын асыр алмады. Нәтижесінде екі балуанымыз да үшінші орында тұрақтады. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Парижде үш қола медаль олжалады.

Енді отандық дзюдошыларымыз 27 ақпан мен 1 наурыз аралығында Ташкентте өтетін «Гранд-Слэм» турниріне қатысады. Өзбекстанның астанасында Мағжан Шамшадин (60 кг), Нұрқанат Серікбаев (66 кг), Аңсарбек Ғайнуллин, Әнуар Жұмагелдин (73 кг), Асқар Нарқұлов, Мәди Амангелді (81 кг), Бақжан Байтас (100 кг) және Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) татамиге шығады. Әйелдер сайысында  Әбиба Әбужақынова  (48 кг) мен Назгүл Маратоваға (+78 кг) сенім артылып отыр.

Соңғы жаңалықтар