Аталған жоба ауыл шаруашылығын индустриялық және цифрлық негізде дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатпен толық үндеседі. Заманауи технологияларға сүйенген жаңа өндірістік алаң құс шаруашылығында автоматтандыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу арқылы сала дамуына нақты бағдар беріп отыр.
Жаңа фермада өндірістік үдерістер толықтай автоматтандырылған. Құс қораларындағы микроклимат, ауа айналымы, температура мен ылғал деңгейі жасанды интеллектіге негізделген басқару жүйесі арқылы қадағаланады. Мұндай технология құстың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өндірістің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын бройлер бағытында жұмыс істейді. Балапандар шетелден жеткізіліп, заманауи талаптарға сай өсіріледі. Қазір фабрикада құс етінің жиырмадан астам түрі өндіріледі. Кейінгі жылдары жүйелі түрде жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде пайдалануға берілген бұл нысан – кәсіпорындағы жиырма тоғызыншы өндірістік объект. Биыл Үштөбе аумағында тағы алты жаңа құс қорасын салу жоспарланған, олар үшін заманауи жабдықтар алдын ала сатып алынған. Компания алдағы жылдары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

«Ақнар» фабрикасының даму жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдағы жылдары өндіріс көлемін 12 мың тоннаға, одан әрі 17 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Құс шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық салалардың бірі екенін ескерсек, жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы айрықша.
Бүгінде кәсіпорында 400-ге жуық адам еңбек етеді. Қызметкерлер қатарында Ботақара ауылының тұрғындарымен қатар, көршілес елді мекендерден келіп жұмыс істейтіндер де бар. Бұл өндіріс орнының ауылдық аймақтарды тұрақты жұмыспен қамтуға қосып отырған нақты үлесін көрсетеді.
Жаңа өндірістік цехты басқару жауапкершілігі жас маман Людмила Тұржановаға сеніп тапсырылған.
– Құс шаруашылығында мен алты жылдан бері еңбек етемін, алайда осындай заманауи деңгейдегі өндіріс орнын басқару – мен үшін алғашқы тәжірибе – дейді Людмила. – Қазір барлық үдеріс жоспар бойынша жүргізіліп жатыр, құстар қалыпты өсіп келеді. Қорада 18 мың құс бар.
Жас маман автоматтандырылған жүйелерді қолдануды да меңгерген. «Температура немесе ылғал деңгейі ауытқып қалса, компьютер бірден ескерту береді. Біз дереу инженерлерді шақырып, барлық параметрді ретке келтіреміз. Мұндай технологиялық бақылау құстың өсуін тиімді қамтамасыз етуге ғана емес, өндірістің тұрақтылығын сақтауға да септігін тигізеді», дейді Людмила.

Осылайша, жас маман жауапкершілік пен кәсіби дайындықты үйлестіре отырып, жаңа цехтың жұмысын заманауи стандарттарға сай жүргізіп отыр.
Жаңа технологиялардың енгізілуі жұмыс орындарының қысқаруына әкелген жоқ. Керісінше, цифрлық жүйелермен жұмыс істей алатын білікті мамандарға деген сұраныс артты. Жастарды өндірістік үдеріске тарту, заманауи талаптарға сай кадр даярлау фабрика басшылығының басым бағыттарының бірі болып отыр.
Сала сарапшылары мұндай жобаларды агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртудың тиімді үлгісі ретінде бағалайды. Олардың айтуынша, автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу өндірістік тәуекелдерді азайтып, санитарлық қауіпсіздікті күшейтеді әрі өнім сапасын біріздендіруге жол ашады. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай келетін, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Қарағанды қаласындағы сауда орындарының құс еті сатылатын сөрелеріне көз салсаңыз, «Ақнар» брендімен шығарылатын өнімдер жиі ұшырасады. Оның ішінде қуыруға арналған бройлер еті, сорпаға тұтас тауық, жартылай мүшеленген немесе туралған өнімдер, сан еті мен қанаттары – мұның бәрі отандық нарықта сұранысқа ие тауарлар қатарында.
«Ақнар» құс фабрикасының негізін қалаушы әрі құрылтайшысы Виктор Колчевтің айтуынша, кәсіпорын өнімдеріне деген сұраныс тұрақты өсіп келеді. Қарағандылықтардың күнделікті тұтынатын асына айналған бұл өнімдер бүгінде облыс аумағымен ғана шектелмей, сондай-ақ Астана, Алматы, Талдықорған, Көкшетау, Павлодар, Ұлытау секілді бірқатар өңірлердің сауда желілеріне тұрақты жеткізіліп отыр.

Фабрика негізінен құс етін және жартылай фабрикат өнімдерін өндіреді. Сонымен қатар 2003 жылдан бастап кәсіпорын құрама жем өндірісін де жолға қойған. Бүгінде тәулігіне дәрумендерге бай 200 тоннаға жуық мал азығы дайындалады. Жалпы, өндіріс көлемі жылына шамамен 9 мың тонна құс етін және 50 мың тонна құрама жемді құрайды.
Қорыта айтқанда, «Ақнар» құс фабрикасы секілді кәсіпорын көбейген сайын отандық агробизнес нығайып, ауыл экономикасының тірегі беки түседі.
Қарағанды облысы