Екі елдің университеттері арасында ғылыми ізденісті ұштастырып, білім және ғылыми зерттеу ресурстарын дамытуға бағытталған уағдаластық аясында Оралға Бейжің орман шаруашылығы университетінің қауымдастырылған профессоры Синху Цин жұмыс сапарымен келді. Ғалым батысқазақстандық әріптестерімен халықаралық деңгейде байланыс орнатып, бірлесе ғылыми зерттеу жүргізуге, тәжірибе алмасып, тағылымдама ұйымдастыруға мүдделі екенін айтады. Қытай профессоры Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің зертханаларын аралап, оқу орнының ғылыми әлеуетімен де танысты.
Қытайлық ғалымды университет ректоры Асқар Нәметов, ғылым жөніндегі проректор Әлжан Шәмшідін, Ғылым және технологияларды коммерцияландыру департаментінің директоры Индира Бейшова қабылдап, халықаралық ынтымақтастық бойынша іс-шараларды зерделеді. Синху Цин меморандум шеңберінде докторанттар мен магистранттарға «Машиналық оқыту және популяциялық генетика әдістерін қолдану арқылы биоалуантүрлілікті сақтауды күшейту» тақырыбында дәріс оқыды.
Осы сапарда Синху Цин ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Көшәлиевтің ғылыми мектебінен тәлім алған шәкірттерімен кездесті. Қытай профессоры бірнеше бағытта ғылыми зерттеу жобаларымен айналысып жүрген БҚАТУ ғалымдарының ізденісіне ерекше назар аударды. Болашақта бірлесе еңбектенуге, үлкен жобаларды бірге жүзеге асыруға ниет білдіріп, Бейжің университетінде тағылымдамадан өтуге шақырды.
Айта кетейік, Бейжің университеті ғалымдары Жәңгір хан университетінің киікті қолға үйрету жобасына көптен назар аударып келеді. Былтыр қазан айында БҚАТУ ғалымдары Қайсар Көшәлиев пен Вадим Ульянов көрші елге арнайы шақыртумен барып қайтқан еді.
«Қазақстан Президенті Қытайға 1 500 бас киік беру жөнінде шешім қабылдады. Өткен жылы университетімізге келген еліміздің қос ғалымы киікті қолға ұстау, оларға ғылыми зерттеу жүргізу бойынша тәжірибесін айтып берген еді. Осы жолы киікті өз көзіммен көрдім. Бұл жануар ертеректе Қытайда да болған, бірақ қазір кездеспейді. Әлем бойынша азайып кеткен бұл жануарды қорғау ісіне біз де атсалыссақ дейміз. Жалпы киік – күніне 80 шақырымға дейін жөңкіліп жайылатын, өзін-өзі емдеп алатын қызық жануар ғой. Олардың санын табиғат өзі реттеп отырады. Ғалым ретінде осы мәселеге қызығып, зерттеп жүрмін. Бұдан әрі Жәңгір хан университетімен халықаралық деңгейде ғылыми ынтымақтастық орнатып, бірге жұмыс істеуге ниеттіміз», деді қытайлық ғалым.
Батыс Қазақстан облысы