фото: ашық дереккөз
Бұл деректер Ұлттық статистика бюросының «Халықтың құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне сенім деңгейі» атты соңғы сауалнамасында келтірілген. Зерттеу 2025 жылғы қазан-қараша айларында жүргізіліп, оған 15 пен 80 жас аралығындағы 18 мың адам қатысқан.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, соңғы бір жылда құқық қорғау органдарына мүлде жүгінбеген азаматтардың үлесі 64,3%-дан 63,7%-ға дейін аздап қысқарған. Алайда негізгі органдарға жүгінушілер саны керісінше төмендеген:
- Полицияға жүгінгендер – 19,5%-дан 18,1%-ға азайды;
- Прокуратураға жүгінгендер – 5,3%-дан 4,9%-ға төмендеді.
Ал өтініш саны артқан құрылымдар:
- Өртке қарсы қызмет – 3,6%-дан 5,4%-ға;
- Сот органдары – 6,1%-дан 6,4%-ға;
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – 0,6%-дан 0,8%-ға өсті.
Экономикалық тергеп-тексеру қызметіне жүгінгендер үлесі өзгеріссіз қалып, 0,5% болды.
Сауалнама: Ел азаматтарының 80%-ы Конституциялық реформаны қолдайды
Әйелдер мен ауыл тұрғындары сирек жүгінеді
Құқық қорғау органдарына жүгінбегендер арасында әйелдер үлесі ерлерге қарағанда жоғары: тиісінше 65,8% және 61,6%. Әйелдер тек сот жүйесіне жүгінуде ғана ерлерден сәл алда (6,7% қарсы 6,2%).
Қала мен ауыл тұрғындары арасында да айырмашылық бар. Қалалықтар ауыл тұрғындарына қарағанда құқық қорғау органдарына жиі жүгінеді. Әсіресе бұл айырмашылық полицияға жүгіну кезінде айқын байқалады:
- Қалада – 19,8%;
- Ауылда – 14,9%.
Сонымен бірге ауыл тұрғындарының үштен екісінен астамы, ал қала тұрғындарының 60,7%-ы мүлде құқық қорғау органдарына жүгінбеген.
Неге азаматтар шағымданбайды?
Қылмысқа куә болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінбейтіндердің негізгі себептері мыналар:
- Жария болудан қорқу – 36,5%;
- Уақыт жоғалту және қағазбастылық – 33,8%;
- Оң нәтиже болатынына сенімсіздік – 13,5%;
- Құқық қорғау органдары қалай көмектесетінін білмеу – 12,2%;
- Жемқорлықтан қауіптену – 3,9%.
Айта кетерлігі, соңғы бір жылда жария болудан қорқу мен бюрократиялық кедергілерді алға тартқандардың үлесі артқан, ал сенімсіздік, ақпараттың жеткіліксіздігі және жемқорлықты себеп еткендердің үлесі керісінше азайған.
Сауалнама: Қазақстан халқының 77 пайызы Президентке жоғары деңгейде сенім білдірді
Қай қызметке сенім жоғары?
Сенім деңгейіне келсек, халық арасында ең жоғары сенімге ие орган − өртке қарсы қызмет. Оған толық немесе ішінара сенетіндердің үлесі 81,8%-ды құрайды. Одан кейін прокуратура (66,2%) мен полиция (65,3%) тұр. Сот жүйесіне толық сенетіндер үлесі – 63,2%, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке – 51,2%, ал экономикалық тергеу қызметіне – 47,2%.
Осы деректер ел азаматтарының құқық қорғау органдарына деген жалпы сенімі сақталғанымен, қылмыс жағдайында бірлесе әрекет етуге деген белсенділіктің төмендеп келе жатқанын аңғартады.