Үкімет • Бүгін, 10:50

10 күнде жеңілдетілген несие: Үкімет бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлеп жатыр

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Үкіметі кәсіпкерлік қоғамдастықпен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдау аясын кеңейтуге кірісті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

10 күнде жеңілдетілген несие: Үкімет бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлеп жатыр

Фото: gov.kz

Премьер-министрдің айтуынша, алдағы кезеңде инфрақұрылымды жаңғырту мен ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асыру негізгі басымдық ретінде сақталады. Сонымен қатар микро және шағын бизнесті қолдауға айрықша мән беріледі.

«Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы тапсырмаңызға сәйкес, микро және шағын бизнес субъектілеріне арналған қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау шараларын бір жүйеге келтіретін «Іскер Аймақ» бағдарламасы бекітілді», деді Олжас Бектенов.

«Іскер аймақ» шағын кәсіпкерлікті қолдайды

Отырыста қолданыстағы құралдардың шағын және орта бизнестің барлық әлеуетін ашуға жеткіліксіз екені де айтылды. Осыған байланысты Үкімет бизнес қауымдастықпен бірлесіп, қосымша қаржылық және реттеушілік шараларды әзірлеп жатыр. Соның ішінде негізгі бағыттардың бірі ретінде шағын және орта кәсіпорындарды заманауи жабдықтармен қайта жарақтандыру бағдарламасы аталды.

Аталған бастама «Бәйтерек» холдингі арқылы іске аспақ. Арнайы бағдарлама кәсіпкерлерге 10 күн ішінде қосымша кепілсіз, жеңілдікті несие есебінен заманауи станоктар сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тозған материалдық-техникалық базаны жаңартуға жол ашады.

«Бәйтерек» – экономикалық орнықты дамудың драйвері

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында айтқан ұстанымын ескере отырып, жаңа Салық кодексіндегі өзгерістердің бірқалыпты енгізілуіне басымдық беріледі. Үкімет салықтық реттеуді жетілдіруге қатысты бизнес өкілдерінің сындарлы ұсыныстарын назарда ұстайтынын жеткізді. Бұған дейін 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық салықтық тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар биыл микро және шағын бизнеске жол берілген заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік шаралары қолданылмайды.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 пайызға өсіп, 2,2 млн кәсіпорыннан асты. Бұл секторда жұмыспен қамтылғандар саны 3,9 пайызға артып, 4,5 млн адамға жеткен. Аталған көрсеткіш жалпы жұмыспен қамтылғандардың шамамен 46 пайызына, ал экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығына тең.

Шағын және орта бизнес қолдаудан кенде емес

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,5 пайызды құрап, өндірілген өнім көлемі шамамен 73 трлн теңгеге жеткен. Үкімет бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыру үшін қолдау шаралары жүйелі түрде жалғаса беретінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар