Комиссия отырысында айтылғандай, волонтерлік қызметтің қоғам дамуы мен қоршаған ортаны қорғаудағы рөлі артып келеді. Осыны ескере отырып, қолданыстағы «Волонтерлік қызмет туралы» заңмен сабақтастық сақтала отырып, Ата Заңға тиісті норма енгізу жөн деп танылған.
«31-баптың 2-тармағында елімізде ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де нысандарын құру, волонтерлік қызмет және қайырымдылықтың ынталандырылатыны жөнінде толықтыру енгізілді», деді Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, бұл бастама жаңа Конституция жобасының өзге де ережелерімен үйлеседі. Атап айтқанда, Преамбула мен мемлекеттің түбегейлі қағидаттарында көрініс табатын жауапты әрі жасампаз патриотизм идеяларын ілгерілетуге, еңбекқорлық құндылықтарын бекітуге серпін береді.
Сонымен бірге отырыста Құрылтай қызметін ұйымдастыруға қатысты өзгерістер де қозғалды. Бақыт Нұрмұханов Конституция жобасының 59-бабының 3-тармағын алып тастау ұсынысын ортаға салды. Бұл тармақта комитеттер мен комиссиялардың құрылу тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыруды заңмен айқындау көзделген еді.
Оның айтуынша, бұл мәселелер қазірдің өзінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен, «ҚР Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңмен және Парламент регламенттерімен реттеліп отыр.
«Бұл түзету аталған Конституциялық заңда осы мәселелерді қамтуға және оларды құқықтық реттеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті ол.
Комиссия отырысында Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқаны да айтылды. Бақыт Нұрмұхановтың мәлімдеуінше, жұмыс тобы құқықтық нормалардың мазмұнын барынша қолжетімді әрі түсінікті ету үшін тұжырымдарды оңтайландыруға басымдық беріп отыр. Бұл бағытта терминологиялық және семантикалық бірізділікке ерекше мән беріліп отыр.
Волонтерлік қауымдастық жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді
Атап айтқанда, Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі, Конституциялық комиссияның редакциялық-терминологиялық жұмыс тобы, сондай-ақ Қазақ тілі халықаралық қоғамы мамандары мен тартылған лингвистердің ұсыныстары негізінде жекелеген редакциялық және стилистикалық түзетулер енгізілген.