Саясат • Бүгін, 09:15

Қазақстан – Беларусь: Парламентаралық ынтымақтастық нығайып келеді

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Беларусь Республикасына ресми сапармен барды. Ол Минскі­де ел Президенті Александр Лукашенкомен, Ұлт­тық жи­налыстың Өкілдер палата­сының басшысы Игорь Сергеенкомен және Республика Кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен кездесті. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту келешегі талқылады.

Қазақстан – Беларусь: Парламентаралық ынтымақтастық нығайып келеді

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесуде Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың зор ықыласы мен ізгі тілегін жеткізіп, халықтарымыздың арасындағы терең тарихи байланысты атап өтті. Мәжіліс спи­кері екі ел Президенттерінің сенім­ді саяси қарым-қатынасының арқа­сында бүгінде Қазақстан – Беларусь бай­ла­нысы стратегиялық әріптестік дең­ге­йіне көтерілгеніне ерекше тоқтал­ды. Сауда-экономика, өндіріс, ауыл шаруа­шылығы, көлік және басқа да сала­лардағы ынтымақтастықтың жоғары қарқыны – соның нақты нәтижесі.

Ерлан Қошанов Беларусь басшысына Президент бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгеріс туралы айтты. Елімізде мемлекеттің қоғамдық-саяси және құқықтық архитектурасын түбегейлі жаңғыртатын жаңа Конституцияның жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Ата заңның жаңа жобасы бойынша түпкілікті шешімді бүкілхалықтық референдумда ел азаматтары қабылдайды.

Александр Лукашенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебізін жол­дады. Ол қазіргі күрделі кезеңде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығай­ту­дағы парламентарийлердің рөлін ерекше атап өтті. Бұл орайда Бела­русь пен Қазақстанның көпполяр­лылық пен егеменді мемлекеттердің дамуын қол­дай­тынын, халықаралық күн тәр­тібін­де ортақ ұстанымға ие екенін жет­кіз­ді. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтас­тығы ұйымына кіру кезінде Беларусьті қол­дағаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

Беларусь басшысы Қазақстанмен арадағы қазірдің өзінде 1 млрд доллардан асқан тауар айналымының жоғары өсу қарқынына оң баға беріп,  машина жасау мен ауыл шаруашылығындағы коо­перацияны кеңейтуге шақырды.

Ұлттық жиналыстың Өкілдер пала­та­сының басшысы Игорь Сергеенко­мен кездесуде парламентаралық диалогтен бастап екі ел арасындағы экономикалық, мәдени ынтымақтастыққа дейінгі кең ауқымдағы мәселелер сөз болды.

«Қазақстан мен Беларусь – сенімді стратегиялық серіктес. Мемлекеттер басшылары мұны үнемі айтып келеді. Екі ел арасында жемісті саяси диалог жолға қойылған. Өнеркәсіпте, машина жасауда және аграрлық салада кооперациялық байланыс кеңейіп жатыр. Екі мемлекеттің парламенттері де өзара қарым-қатынастың қарқынды дамуына зор үлес қосып отыр. Заң шы­ғару ісінде тұрақты тәжірибе алмасу жолға қойылып, достық топтары белсен­ді әрі нәтижелі жұмыс істеп жатыр, депутат­тарымыздың арасында бекем байланыс орнаған», деді Мәжіліс спикері.

Өз кезегінде Игорь Сергеенко Қазақстан Беларусь елі үшін әрдайым уақыт сынынан өткен дос, стратегиялық серіктес әрі одақтас болып қала бере­тінін айтты. Ол Астана сияқты Минск де сындарлы, біріктіретін күн тәртібін халықаралық алаңдарда ілгерілетуге басымдық беретініне мән берді.

Өкілдер палатасының төрағасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар бағытын жоғары бағалады. Қазақстанның түрлі саладағы заң шығару жұмысындағы тәжірибесін Беларусь депутаттары жан-жақты зерделеп отырғанын тілге тиек етті.

Спикерлер цифрландыру саласын­дағы парламенттердің қызметіне де ерекше назар аударды. Мәжіліс төр­ағасы Мемлекет басшысының үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мем­ле­кетке айналдыру міндетін алға қой­ғанына тоқталды. Осы ретте депутат­тар әзірлеген Цифрлық кодекс пен Жасан­ды интеллект туралы заң күшіне енді. Астана­да халықаралық ЖИ орталығы, «Astana Hub» технопаркі қарқынды жұмыс істеп тұр, сондай-ақ Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды.

Кездесу қорытындысында депутаттар заңнамалық жұмыс бойынша өзара тәжірибе алмасуды жалғастыруға, парламентаралық ұйымдар аясында, сонымен қатар достық топтары, салалық комитеттер мен парламенттер аппараттары желісі аясында ықпалдастықты нығайтуға уағдаласты.

Ерлан Қошанов екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы әріптестікті дамыту мәселелерін Республика Кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен де талқылады.

«Біздің парламентаралық қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Жеке байланыстың арқасын­да өзара сенім мен құрмет нығаю­да. Пар­ламент­аралық ұйымдар шең­берінде де тығыз байланыстамыз. Бір-біріміздің бас­та­маларымызға қолдау білдіру­де де жақсы тәжірибе бар. Біз Пар­ла­мент­ара­лық Одақ, ТМД Парла­мент­аралық Ассам­блеясы, ҰҚШҰ және ЕҚЫҰ Парламент­тік Ассамб­лея­лары аясындағы өзара дәстүр­лі ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниеттіміз», деді Мәжіліс төрағасы.

Екі ел арасындағы мәдениет пен білім салалары бойынша парламенттік қолдауды кеңейту, жастарға арналған бірлескен жобаларды іске асыру, туризм мен инновация бағытында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту сынды екіжақты ынтымақтастықты күшейту мәселелері қамтылған мазмұнды әңгіме өрбіді.

Ұлттық жиналыстың Өкілдер палатасы мен Республика Кеңесінде өткен кездесулерде Ерлан Қошанов Беларусь депу­таттарына елімізде жүргі­зіліп жат­қан конституциялық реформа тура­лы айтып берді. Ол жаңа Конс­ти­ту­ция­ның жобасы Қазақстан Пар­ла­менті­нің құзыретін едәуір күшей­тетінін, қоғамның саясатқа араласуын кеңейтетінін және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нығайтатынын ерекше атап өтті.

Сапар аясында Мәжіліс депутаттары Минскідегі Жеңіс монументіне гүл шоғын қойды. «БелАЗ» зауытына және «Хатынь» мемлекеттік мемориалдық кешеніне барып, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алды. 

Соңғы жаңалықтар

«Спартак» тағы да жеңілді

Спорт • Бүгін, 11:55

Бүгін ауа райы қандай болады?

Ауа райы • Бүгін, 10:42