Экономика • Бүгін, 09:00

Донор мен дотация: Өңірлерді өркендету бағдары қалай өзгереді?

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Донор өңірлер неге азайып кет­ті?» деген мәселенің мем­лекет­тік дең­гейге көтеріле баста­ға­нына біраз болды. Жалпы өңірлік эко­­номикалық саясатқа зейін сал­сақ, эко­номикалық әлеует пен ішкі жал­пы өнімнің 80%-ы өңірлерден шы­­ғады. Дегенмен де донор өңірлер азайып, шығыстарын кірі­­сі­­мен жаба алмай отырған өңір­­лер көз алдымызда көбейіп жатыр.

Донор мен дотация: Өңірлерді өркендету бағдары қалай өзгереді?

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қазіргі көрсеткіш бойынша елімізде Атырау облысы, Алматы және Астана қаласы ғана донор. Қалған облыстар бюджетке тәуелді, яғни дотация алып отырған өңірлер. Яғни жылдың басында бүкіл облысқа республикалық бюджеттен ақша бөледі. Экономика заңдылығы бойынша шыққан шығыстың бәрі кіріспен толығуы керек. Ал осы қағидатты орындап отырған – үш өңір, қалғандары минуспен шықты деген сөз. Мұның өзі өңірлерде теңгерімсіздік сақталып отырғанын аңғартады. Сол себептен Президент өңірлердің дербестігін ұлғайту, салық жинау саясатын реттеу қажеттігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Егер республикалық бюджет пен жергілікті бюджет арасын­да тепе-теңдік сақталса, онда өңір­л­ер­дің эконо­микалық дамуына да жол ашылады.

Сарапшылардың сөзінше, өңірлердің донорға айналуы – ұзақ үдеріс. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин былтыр журналис­­термен кез­десуінде бірінші кезекте өңір­лердің өз-өзін асырау мүм­кін­дігіне көңіл бөлінетінін айтқан. Мемлекеттің субвенциялары олар­дың қажеттіліктері мен жеке кірісінің айырмашылығын жабу­ға ғана бағытталады.  

Ал өңір­лерді қаржылай күшейту көбі­несе ірі инвес­тициялық жобаларды іске асыруға байланыс­ты болады. Мысалы, Алматы облысында «Алатау city» жобасы өңірдің және Алматы маңындағы агломерацияны дамытуға зор ықпал етеді. «Болашақта донорлар қатарына Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары қосылуға тиіс. Барлығы қазір іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға байланысты болады», дейді вице-премьер.

Жалпы, өңірдің субвен­ция­лық немесе донор екенін анықтайтын негізгі параметр – жергілікті бюджеттің кіріс­і мен шығысының арақатынасы. Үкі­мет­тің эконо­ми­калық блогі өткен жылы бюджетаралық қаты­нас­тар жү­йе­сін реформалау ке­зін­де транс­ферттерді бөлудің ұтымды жолы мен фискалдық орта­лық­сыздандыруды тереңдету жос­парын жариялады. Бұл өзге­ріс­тердің бір бөлігі Бюджет кодексіне де енді.

Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, аудандық және ауылдық бюджеттерге мәртебе беруді кеш қолға алдық. Сол себепті өңір­лердің даму деңгейін теңес­тіруге бағытталған барлық күш-жігер ұзақ уақытқа дейін нәтиже бермеді. Дегенмен де келешекте донорлар көбеюі мүм­кін. Позитивті болжам бойынша 2028 жылдан бастап бұл қатарға Маңғыстау облысы қосылып, Павлодар облысы өзін-өзі қамта­масыз ететін деңгейге көтерілуі ықтимал.

ссс

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Сарапшылар реципиент об­лыстың донор өңірлердің қатарына қосылуы жақсы құбы­лыс екенін айтады. Мысалы, Павлодар облысы өткен жылды тәуір көрсеткішпен аяқтады. Кейінгі екі айда Екібастұз өңірін­де екі бірдей зауыт ашылды. Үшіншісі салынып жатыр. Аяқ­­тал­ған соң еліміз ферросилиций өндіруден әлем бо­йынша 2-орынға көтеріледі. Өңірде бұрыннан келе жатқан кәсіпорындардың жұмысын әртараптандыру бо­йынша оң динамика бар.

Осы тақырып аясында біз Ұлттық экономика бірін­ші вице-министрі Азамат Әміринді әңгі­меге тартып, біраз сауалы­мыз­ға жауап алдық.

Азамат Кемеңгерұлы ай­тып өткендей, 2000 жылдардың басында мемле­кет­тің саясаты, соның ішінде бюджет айтарлықтай орталық­тан­ды­рылды. Жергілікті бюджет шы­ғын­дарының көп бөлігі рес­пуб­ликалық бюджеттен қар­жы­ландырылды. Мемлекет­тік және бюджеттік басқарудың орта­лықтандырылған моделі қаржылық тұрақтылықты қам­тамасыз етуде, бюджеттік жүйе­ні шоғырландыруда шешу­ші рөл атқарды. Бюджет қаражатын неғұрлым тиімді басқару үшін жергілікті шығыстарды қар­жы­ландыру біртіндеп рес­пуб­ликалық бюджеттен жер­гілікті бюджеттерге берілді.

«Жергілікті атқару орында­ры­ның республикалық бюджет қаражатына тәуелділігін қыс­қарту мақсатында салық түсім­­дерінің жекелеген түр­ле­рін өзде­ріне бердік. Респуб­ли­калық және жергілікті бюджеттер арасындағы қарсы транс­ферт­терді барынша азайту, халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, өңіраралық диспропорцияларды төмендету тәсілдері қайта пысық­талды», дейді Азамат Әмірин.

Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігінен басқа, кіріс бө­лігі де республикалық бюд­жет­тен жергілікті бюджеттерге жос­парлы түрде беріледі.

Бүгінде барлық салық жергі­лікті бюджеттер базасында шо­ғыр­­ланған. Енді өңірлердің қаржылық дербестігін нығайту мақсатында республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге қосымша кіріс көздері де берілді. Осылайша, шағын және орта бизнестен КТС түсімдері 2020 жылы 481,6 млрд теңгеден 2025 жылы 1789,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2026 жылдан бас­тап жаңа Бюджет кодексі аясында пайдалы қазбаларды өндіру салығы, баждар мен төлемдердің жекелеген түрлері, ойын биз­не­сіне салынатын салық, яғни бұрын республикалық бюджетке түскен барлық түсім, соның ішінде әкімшілік айыппұл түсім­дері де жергілікті бюджетке берілді, дейді А.Әмірин.

Оның айтуынша, қазір жалпы сипаттағы трансферттерді қа­лып­­тас­тыру тәсілдері де өзгер­ді. Қолға алынған бұл өзге­ріс­тер өңір­лердің жауапкер­шілігін арттырады және жер­гілікті бюд­жет­­тер­дің респуб­ликалық бюд­жет­ке тәуел­ділігін біртіндеп төмен­­­детеді.

Бұрын донор облыстардың саны 12 болған. Қазір олардың саны – 3-еу. Сарапшылардың басым көпшілігі мұның себебін сол кездегі салықтық бөліністің басқаша болғанымен түсіндіреді. Қазір тек Атырау, Астана, Алма­ты ғана «ортақ қазанға» қар­жы құяды. Қалғандары — субвен­ция­лық, яғни ақша қабыл­дай­тын­дар.

Өңірлер қазірдің өзінде бюджеттерді дербес басқарады. 2018 жылдан бастап ауылдық бюджеттер жеке қалып­тас­ты­рылады. Сарапшылар қазір­гі басқару жүйесі 100 пайызға іске асырылмағанын жиі айтады. Салық жүйесі орталық­тан­дырылған, яғни салықтар орта­лық бюджетке түседі, трансферт­тер түрінде қайтарылады, сон­дық­тан субсидияларды бар­лық өңір алады. Егер өңірлер дербес болса және олардың ресурс­тарын нығайтуға мүмкіндік бе­ріл­се, оның нәтижесі жақсы болуы әбден мүмкін.

Экономист-сарапшы Қуа­ныш­бек Дүйсеновтің айтуын­­ша, өңірлер даму үшін мем­­ле­кеттік бағдарламалар орын­­далып, жекелеген өңірлердің экономикалық өсімге оң-теріс әсері үкіметтік деңгейде терең зерттелуі керек. Бізде өңірлердің қандай салаларға дамуға бейім екеніне көңіл көп бөлінбейді. Бұл олардың экономикалық стратегиясын айқындауға ке­дергі келтіреді. Қалған өңірді сақтаймыз деп қолдағы бардан айырылып қалуға болмайды. «Бюджетаралық қаты­настардың қазіргі жүйесі ар­қылы өңірлердің өркендеу деңгейін теңестіріп, дамуды ынталандыру керек» деген мәселеге Үкімет бірінші кезекте мән беруі керек. Кейінгі 20 жыл ішінде сегіз өңірден тек үш донор қалды.

«Кейінгі бес жылда бюджет­тің елеулі бөлігі Ұлттық қор­дан келетін трансферттерге бай­­ланған. Бұл – қауіпті тренд. Бізге өңірлердегі өңдеу өнер­кə­сібінің үлесін жалпы өңірлік өнімнің кемінде 15–20%-ына жеткізу міндеті тұр. «Өндіріс диверсификацияланғанда ғана до­норлар саны табиғи түрде артады. Аймақтарда əртарап­тан­ды­рылған экономикалық жүйе қалыптастыру керек, әйтпесе ол жердің кірісін тек салықты арттырумен көтеру мүмкін емес», дейді сарапшы.

Қ.Дүйсеновтің айтуынша, соңғы бес жылдың қоры­тын­дысы көрсеткендей, респуб­ли­калық бюджеттің салық тү­сім­деріне ғана емес, Ұлттық қор­дан келетін трансферттерге де тəуелділігі қауіпті дең­гей­ге жетті. 2024 жылдың қоры­тын­дысы мен 2025 жылдың басындағы Қаржы министрлігі мен Жоғары аудиторлық пала­таның есептеріне қарасақ, рес­публикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің жос­­­­пар­дан қалуы кей айларда 2,5–3 трлн теңгеге дейін жеткен. «Бұл – жай ғана статистика емес, бұл еліміздегі нақты экономикалық белсенділіктің баяулағанын, бизнес сегментінің тынысы тарылып жатқанын білдіретін нақты дабыл. Ал биыл күшіне енген жаңа Са­лық кодексі аясында бізге мөл­шерлемелерді механикалық түрде көтеруден барынша қашу керек. Мəселен, қосымша құн салығын 12%-дан 16%-ға дейін өсіру қадамы түптеп келгенде, бизнеске ауыр жүк салып, инфляцияны одан әрі қыздыруы мүмкін. Қазір мөлшерлемені өсіргеннен гөрі салықтық əкім­­шілендіруді цифрландыру арқылы оңтайландырып, жинау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету əлдеқайда тиім­ді­рек болар еді. Сонымен қатар тиімсіз салық жеңілдіктері мəсе­лесін шұғыл түрде қайта қарауы­мыз қажет», дейді Қ.Дүйсенов.

Кейбір сарапшылық баға­­­­лау­­лар бойынша, шамамен 7–9 трлн теңге көлеміндегі қара­жат түрлі жеңілдіктер мен преференциялар ретінде бюджетке түспей қалып отыр. Бұл – эко­номикалық айналымға қосыл­май, мемлекет қазынасын ортайтып жатқан «өлі капитал». Осы жеңілдіктерге толық ревизия жасап, экономикалық қайтарымы дəлелденбегендерін жою арқылы бюджеттің ішкі резервтерін іске қосу керек. Сонымен қатар ең басты бағыттың бірі – көлеңкелі экономиканың үлесін азайту арқылы салық базасын кеңейту.

«Ресми деректер бұл көрсет­кішті 2024 жылдың соңында 16,71% деп көрсеткенімен, бей­ресми есептер бойынша ол 30%-дан да жоғары болуы мүм­кін. Салық жүгін адал салық төлеу­шілердің иығына мінгес­тіре бермей, «көлеңкеде» жатқан орасан зор қаржыны заңды айналымға шығару – бүгінгі күннің ең тиімді əрі əділетті шұғыл шарасы», дейді сарапшы.

Қ.Дүйсеновтің айтуынша, өңірлердің қаржылық дербестігі – тек əкімшілік шешім емес, фискалдық жүйенің түбегейлі реформасы. «Мə­селен, салық түсімдерінің көп бөлігі рес­публикалық бюджетке кетеді де, кейін субвенция ретінде кері үлестіріледі. 17 облыс пен 3 ме­гаполистің толық тəуелсіз болуы үшін бюджетаралық қатынастардың моделін өзгерту керек. 2020 жылдан бастап шағын жəне орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс са­лығы өңірлерге қалдырыла бас­тады, бұл – алғашқы қадам. Бірақ нақты бəсекелестік болу үшін өңірлерге салықтық преференциялар белгілеу құқығы мен инвестициялық кірістерді басқару тетігі берілуге тиіс. Онсыз «дербестік» тек декла­ративті, жазбаша сипатта қала береді», дейді Қ.Дүйсенов.

 Экономикалық саясатты дамыту барысында өңірлерге салық­тық және бюджеттік тəуел­сіздік беру керек деген пікір жиі айтылады. Сарапшының айтуын­ша, бюджеттік тəуелсіздік жергілікті жердегі салық базасын кеңейтуге жол ашады. «Бізге «орталық – өңір» балансын сақтау үшін трансферттердің қатаң формулалық есептеуіне көшу керек. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – ақшаны «сұрағанға» емес, «нақты мұқтажға» беру деген сөз. Қазір өңірлерге бюджетті бөлуде көбіне субъективті факторлар, яғни əкімдердің пысықтығы немесе орталық биліктегі ықпалы рөл ойнап кетеді. Сондықтан бізге халық саны, жер көлемі, инфрақұрылымның тозу дең­гейі сияқты нақты деректерді есептейтін математикалық модель керек. Сонда мемлекеттік қаржы «кім жақсы сөйлей біле­д­і?» деген қағидатпен емес, нақты əділдікпен бөлінеді. Бұл жергілікті жердегі масылдықты азайтып, əкімдерді дайын ақша­ға сеніп отыра бермей, өз бетін­ше инвестиция тартып, табыс табуға мəжбүрлейді, дейді сарапшы.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Шоттың да сұрауы бар

Экономика • Бүгін, 08:50