Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері жыл қорытындысында 143 143 теңгені құрады. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 549 теңге, базалық зейнетақы – 47 594 теңге. Былтыр жыл басынан бері базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға ұлғайды. Осыған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен көтеру жолға қойылған. Осылайша, 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайды. Бұл 32 360 теңгені құраса, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен, 105-тен 110%-ға дейін артып, 50 851 теңгені құрайды.
2018 жылы 1 шілдеден бері мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса немесе мүлде жоқ болса базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Егер еңбек өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, 110% болып белгіленеді. Яғни міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты, толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады. Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет), зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.
2024 жылғы қаңтардан елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізілгені белгілі. Осының аясында былтыр жұмыс берушілер 5 514 050 жұмысшының пайдасына 760 млрд теңге сомасына міндетті зейнетақы жарналарын аударыпты. Бұл қадам жас буынды қолдауға бағытталған. Енді олардың зейнетақысы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз аударымдары есебінен түсетін сома, жұмыс берушілердің жарналары есебінен шартты-жинақтаушыдан құралады. Айта кетерлігі, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс берушілер 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған азаматтарға ғана төлейді.