Қоғам • Бүгін, 07:58

Мұқтаждың мұңын кім тыңдар?

280 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2026 жылғы 16 қаңтарда түнгі сағат 01.00 шамасында Ақтау қаласынан Бейнеу бағытында жолға шыққан, ішінде 50 жолаушысы бар автобус аударылып, оқиға орнында төрт адам қаза тапты. Кейінірек ауруханаға жеткізілгендердің қатарынан тағы бір адам көз жұмды.

Мұқтаждың мұңын кім тыңдар?

Құзырлы орындар ұсынған мәлі­мет­терге сүйенсек, «Caspian Trans Corporation» ЖШС-ға тіркелген автобус былтыр жыл соңында техникалық бай­қаудан өткен, яғни талапқа сай. Ресми ақпарат жол сапасына қатысты да техникалық тұрғыда II санатқа жататын асфальтбетон жамыл­ғысынан ақау табылмағанын, ені 9 метрлік жолда арнайы бекітілген дислокацияға сәйкес белгілердің толық орнатылғанын алға тартады.

Сонда жантүршіктіріп, ағайын-туысты аңыратып, перзентті тұлдыр еткен апаттың орын алуына не себеп? Ауа райының қолайсыздығы ма, әлде жүргізушінің қателігі ме? Мұның анық-қанығына құқық қорғау органдары көз жеткізе жатар. Тек «ауа райы­на байланысты жол жабық» деген хабарламалар үсті-үстіне түсіп жатқанда, қыстың көзі қырауда, оның үстіне іңір қараңғысында 500 шақырымдық алыс жолға жолаушы тасымалдауға рұқсат берген жауаптылардың әрекеті нағыз салғырттық екені даусыз.

Қанды оқиғаның қасіреті өз алдына, марқұмдарды ақ­тық сапарға шығарып саларда ел-жұрттан жәрдем сұрап тараған хабарлама жұртшылықты тіпті есең­гіретіп тастады. Әлеуметтік желіде лезде тараған үндеуде қаза тапқан­дардың екеуі бір үйден екендігі, өз бас­панасы болмағандықтан, жаназа нағашысының үйінен шығарылатыны, алайда ол шаңырақтың да әлеуметтік ахуалы мәз еместігі айтылып, халықтан қаржылай немесе материалдық қолдау көрсету сұралған. Бұл хабарлама бүкіл Маңғыстаудың ойы мен қырына жылдам жайыл­ды. Халқымыз кеңпейіл ғой, «сауап болар» деген ниетпен ақпаратты бөлісіп, әркім хал-қадірінше қол ұшын созды.

Өкінішке қарай, бұл тек Маңғыстауда немесе Бейнеуде болған жекелеген жағдай емес, жалпы ел көлемінде қалыпты сипатқа еніп бара жатқан құбылыс. Қазақ – жаратылысынан ақкөңіл, бауырмал, соңғы нанын бөліп беруге даяр мейірімді халық. Ел аман тұрғанда ешкім де қаражат жоқтығынан жерленбей қалмайды. Дегенмен бұл үрдіс түрлі мақсатта ақша жинауға, тіпті алаяқтыққа жол ашып беріп отырғаны да белгілі. Қиын-қыстау сәтте халық бір-бірін сүйемелдеп, демеп келеді. Бірін-бірі танымаса да, қиналған жанның жанынан табылады: науқасты жылу жинап емдетеді, баспанасыздарға үй алып береді, алдына мал салып жәр­демдеседі, оқушыларды мектепке киін­діреді. Қаза болса, жаназасынан бастап садақасын өткізуге, үйін тұрғызуға дейін жұмылып, өзара тұтасып, бірін-бірі қолтықтай алға жылжып келеді.

Бұл жағдайға сүйсіну керек пе, әлде күйіну керек пе? Бұл – қуанышы мен өкініші қатар жүретін көрініс. Сүйініші – елдің ауызбіршілігі, күйініші – қоғамда неге әлеуметтік жағдайы мүшкіл отбасылар көп? Бейнеудегі жол-көлік оқиғасы бір ғана отбасының ауыр тұрмысынан хабар берді, ал ел ішінде әлі қаншама шаңырақ жетіспеушілік пен қиындық құрсауында жүр?

Әр қазақ отбасы ішер ас пен киер киімнен тарықпай, баспаналы болып, лайықты өмір сүруге құқылы емес пе? «Ұдайы даму үстіндеміз, өз байлығымыз өзімізге жетеді, халық түгел әлеуметтік қамтылған» деп ұрандатқан елде тірісінде үйге жарымай, бақиға аттанғанда садақасы жылу жинап жасалып, жаназасы өзгенің үйінен шығарылатындай халде болу – сын. «Тұрмысы төмен отбасы» деп айдар тағып, мемлекеттен бөлінетін мардымсыз жәрдемақыны тілге тиек ету немесе «отбасы жауапкершілігін арқаламады» деп бар кінәні ата-анаға арта салу дұрыс па? Баспанасыз, күнкөрісі төмен отбасылардың болмауы мемлекеттік деңгейде қадағалануға тиіс. Жұмысы жоқ, табысы аз жандарды алтынмен аптап, күміспен күптеп жарылқап тастамаса да, адамшылыққа лайықты өмір сүретіндей қолдау болуы шарт.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында әлеу­меттік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау, төлемдердің тиімділігін арттыру, әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдау тетіктерін жетілдіру міндеттерін қойды. Демек мәселе күрделі.

Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева:

– Былтыр облыста екі мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік кө­мек тағайын­далды. Осы санаттағы отбасылардың 1–6 жас аралығындағы балаларына қосымша 1,5 АЕК мөлшерінде төлем жасалды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда көмек алушылар қатары 507 отбасыға азайды. Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз азаматтарға немесе отбасыларға беріледі. Жылдың бірінші тоқсанында өңірдегі бұл көрсеткіш 48 663 теңгені құрады. Көмек шартты, шартсыз болып екі түрде көрсетіледі. Шартсыз көмек жұмысқа жарамсыз, зейнет жасындағы, мүгедектігі бар жандарға, күтімді қажет ететін адамдарға қарап отырған отбасыларға беріледі. Шартты көмек еңбекке қабілетті, бірақ табысы төмен жалғызбасты немесе отбасы мүшелері бар жандарға тағайындалады. Мұнда міндетті түрде әлеуметтік келісімшарт жасалады, – деп мәлімдеді.

Сондай-ақ аудандық, қалалық мәслихат­тардың шешіміне сәйкес табысы есепке алынбай жылына бір рет әлеуметтік көмек әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға, иммунитет тапшылығы бар балаларға, дүлей апат немесе өрттен зардап шеккен азаматтарға, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне санаторийлік-курорттық емделуге беріледі. Өткен жылы мұндай көмек 1 601 адамға, табысы есептеліп берілетін көмек 2 052 адамға көрсетілген. Құзырлы орынның деректері осылай сөйлейді. Алайда әлеуметтік көмек алатын 500-ден астам отбасының тұрмыстық ахуалы қалай, қаншалықты көтерілді? Жұмыссыздық еңсерілмей тұрған өңірде осынша отбасы күнкөрісіне толық жетерлік жұмыспен қамтылды деу – нанымсыз.

Қазір қоғам әлеуметтік жағдайына қарай екіге бөлінді, біз мұны нарықтық экономиканың қатыгездігіне баладық. Маңғыстауда ақ пен қараны айыратын Қараман ата қорымына барсаңыз, ата бейітінен тысқары, тастарын мүк пен қына басқан, әр жерден көзге шалынатын оқшау қабірлер бар. Көнекөз қариялар «ант бұзғандар, қарғысқа қалғандар қауымға қосылмай, бөлек жерленген» деседі. Нарық қыспағына түскен мұқтаж топ сол қоршаусыз, қорғаусыз қалған, шеттетілген бейіттер секілді тасада қалып бара жатқандай.

Жағдайы төмен халық неге ескерусіз? Мақсаты көп Маңғыстауда жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген жандар топ құрып, жөнсіздікке барған емес. Өз қайғысына өзі тұншығып, өз қиындығына өзі шырмалып күн кешіп жатыр. Бірақ шиқанның да жарылатын кезі болады. Қиындыққа шыдамау, жоқшылықтың шегі көрінбеуі, орындалмайтын уәделер мен өзін керексіз сезіну салдарынан суицидке бару, наразылық ретінде өзін өртеу оқиғаларының жиілеуі – соның дәлелі.

Мемлекет қоғамның тұрмысы төмен тұрғындардың жағдайын ойластырып, елдегі әрбір шаңырақтың баспаналы, әр үйден кем дегенде бір-екі адамның тұрақты жұмысы болуын қамтамасыз етуі – кезек күттірмейтін міндет. Арасында көріп-біліп жүргендіктен, елдің шынайы жағдайын біз айтпасақ, кім айтар?..

Маңғыстау облысы 

Соңғы жаңалықтар