«BB Nura» орталығы облыс тұрғындарына нефрологиялық көмектің толық циклін көрсетеді. Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін 24 төсектік стационар, 40 орындық амбулаториялық диализ бөлімі, сондай-ақ ересектер мен балаларға арналған консультациялық-диагностикалық қызметтер қарастырылған. Орталық созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан пациенттерге тәулік бойы, күндізгі стационар жағдайында кешенді медициналық көмек көрсетеді.
«Орталық бүйрек ауруына шалдыққан науқастарға өте ыңғайлы. Олар осында нефрологтің консультациясын алып, қажет болған жағдайда тәуліктік стационарға жатып, ем қабылдайды. Қазір Абай облысында 137 адам бүйрек алмастыру емін алып жатыр. Оның ішінде 100 адам Семейде емделуде. Аурудың алдын алуға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», дейді нефрологиялық орталықтың өңірлік директоры Индира Әзімбаева.
Аягөз, Үржар аудандарында орталықтың бөлімшелері жұмыс істейді. Жақын арада Бородулиха ауданында тағы бір филиалы ашылмақшы.
Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы «BB Nura» нефрологиялық орталығына арнайы барып, медициналық мекеменің қызметімен танысты, дәрігерлермен сөйлесті.
«Облысымызда медициналық нысандардың саны көбейіп келеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 60-тан астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды. Солардың қатарын «BB Nura» нефрологиялық орталығы толықтырып отыр. Медициналық мекеме заманауи талаптарға сай салынған. Соңғы үлгідегі диагностикалық, емдеу құралдары қолданылады, бұл тұрғындарға сапалы, тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Осындай орталықтардың іске қосылуы өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, адамдардың өмір сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», деді облыс әкімі.
Әкім мәлім еткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семейде 300 орындық облыстық көпсалалы клиникалық аурухана салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Облыста денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат есебінен Семей қаласында 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме құрылысы аяқталды. Үржар ауданында тері коронарлық араласу орталығына қосымша ғимараттың, Аягөз ауданында магнитті-резонанстық томографқа арналған ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Былтыр ана мен бала денсаулығын қолдау мақсатында «Саламатты ана» пансионаты ашылды.
Абай облысы