Пікір • Бүгін, 08:28

Мемлекеттіліктің тегеурінді тұжырымы

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында қабылданған Конс­титуция мен оған кейінгі кезеңде енгізіл­ген өзгерістер мен толық­ты­рулардың тарихи маңы­­зы зор екенін жоқ­қа шы­ғаруға болмайды. Ол өз уақытында мемлекетіміздің дамуына толық­қан­ды қызмет етті. Алайда уақыт бір орында тұрмай­ды. Қоғам да, әлем де өзгеріп жатыр. Осы тұрғыдан ал­ған­да, жаңа Конституция жобасының ұсынылуы заңды.

Мемлекеттіліктің тегеурінді тұжырымы

Сурет: baq.kz

Ең алдымен назар аударар жайт – Конституция жобасының преамбуласында «Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақ­тастығын сақтай отырып» деген тұжырымның бекітілуі. Бұл – мемлекетіміздің тарихы тереңде жатқан өркениеттік субъект ретінде тануының ай­қын көрінісі.

Аталған тұжырым еліміздің тарихында алғаш рет конс­титуциялық деңгейде бекі­тілгелі отыр. Бұған дейін қазақ халқының тарихи сабақ­тастығына қатысты ел ішінде де, халықаралық ортада да әр­түрлі, кейде бір-біріне қай­шы көзқарас айтылғаны белгі­лі. Біреулер тарихты XV ғасыр­дан бастау қажет десе, енді біреулер одан бұрынғы кезеңді назардан тыс қалдырды. Ал жаңа Конституция жобасы қа­зақ халқының тари­хын мың­жылдықтармен жал­ғасқан тұтас үдеріс ретінде айқын­дайды. Бұл – тарихи сананы қалпына келтіруге бағытталған түбегейлі жаңа ұстаным.

Конституция жобасының мәтініндегі тағы бір маңыз­ды жаңалық – егемендік пен тәуел­сіздік ұғымдарының қа­тар әрі нақты бекітілуі (2-бап­тың 6-тармағы). Бұған дейін де айтылып жүрген бұл мәсе­ленің Конституция мәтінінде нақты көрініс табуы – мемлекет­ті­лігіміздің құқықтық негізінің тереңдей түскенін көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасында адам капиталына ба­сымдық беру айқын байқалады. Білім, ғылым, инновация және зият­керлік әлеует мемлекеттің болашағын айқындайтын не­гізгі факторлар ретінде белгі­ленген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары адам интеллектісін, соның ішінде цифрлық даму мен жасанды интеллектіні ел да­муының негізгі тірегі ету қа­жеттігін үнемі айтып келеді. Ата заң жобасында осы стра­те­гиялық бағыттың берік құқық­тық іргетасы қала­нып отыр.

Конституция жобасын­да ұлт­тық заңнама мен ха­лық­аралық шарттардың арақа­тынасы нақты айқындалған. Ата заң ең жоғары заңды күш­ке ие болып қала береді, ал халықаралық шарттар ұлттық заңдар арқылы іске асырылады. Бұл – халықаралық құқықтан бас тарту емес, кері­сін­ше оны егемен құқықтық кеңістікте жүйелі әрі жауапты түрде қолдану деген сөз.

Бұрын халықаралық шарттар ұлттық заңдардан автоматты түрде жоғары тұратын. Бұл белгілі бір кезеңде қажет болғанымен, кей жағдайда ұлттық құқықтық жүйеде тү­сін­­беушілік туғызды. Конс­ти­ту­ция жобасында бұл мәселе нақ­тыланып, құқық­тық тұрғы­дан реттелді. Енді халық­ара­лық шарттар Қазақстан Респуб­ликасының заңдары арқылы іске асырылады, яғни, олардың қолданылу тәртібі ұлттық заң­на­мада айқындалады. Бұл – еге­мен құқықтық жүйе үшін өте дұрыс әрі салмақты ұста­­ным. Осылайша, Республика­мыз халықаралық шарттарды мойын­дай отырып, өз егемен құқықтық кеңістігін сақтап қалады. Бұл – тәуелсіз мемлекет үшін аса маңызды әрі орынды ұстаным.

Тағы бір тоқталатын аса маңызды бағыт, көптен бері түрлі пікірталас тудырып келген қос немесе көп азаматтық мәселесі де жаңа Конституция жобасында біржола нақты ше­ші­мін тапты. Бұл – қос немесе көп азаматтыққа қатысты норма. Қазіргі Конституцияда: «Республика азаматтарының басқа мемлекеттің азаматты­ғында болуы танылмайды» деген норма бар. Осы тұжырым ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметшілер, заңгерлер арасында да даулы мәселе болып келді.

Ал жаңа Конституцияның жобасында бұл екіұштылық то­­лығымен алып тасталып: «Қа­­зақстан Республикасы­ның аза­матында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел аза­маттығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады», делі­ніп, (12-баптың 3-тармағы) қос немесе көп азаматтыққа тікелей әрі нақты тыйым салынды. Бұл – құқық қолдану тәжірибесі үшін де, кадр саясаты үшін де аса маңызды, нақты әрі мықты шешім деп толық айтуға болады.

Жаңа Конституция жобасында заң шығару бастамасын көтеру құқығы кеңейтіліп отыр. Атап айтсақ, заң шығаруға бас­тама жасау құқығы Президент, Құрылтай депутаттары, Үкімет­пен қатар, Халық кеңесі ие болып отыр. Бұл дегеніміз азаматтар Халық кеңесі арқылы өздерінің көкейінде жүрген, қажетті мәселелер бойынша заң жобасын ұсынуға мүмкін­дік алып, олар жалпы заң қа­былдау ісіне тікелей араласып, қоғамның дауысы заң шы­ғару деңгейіне тікелей көте­рі­леді деген сөз. Ме­ніңше, бұл – қоғам мен Құрыл­тай ара­сын­дағы көпірді нығай­та­тын, халықтың дауысы нақты ше­шім­ге айналатын өте орынды әрі уақыт талабына сай өзгеріс.

Конституцияға өзгерістер енгізу бастамасы көтерілген сәттен бастап, кейбір пікір иелері бұл реформалар Мем­ле­кет басшысының сайлану мерзімі мен құзыретіне қатысты болуы мүмкін деген болжам айтып жүрді. Алай­да ұсынылып отырған Конституция жобасын талдау бұл пікірлердің негізсіз екенін көрсетеді. Президентке қатысты бөлімде Ата заңның мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшырамай, тек редакциялық тұрғыдан нақтылау мен жүйе­леу көзделген. Яғни бұл тү­зетулер билік өкілеттігін кеңей­туге емес, қолданыстағы нормаларды айқындап, құқықтық тұрғыдан жетілдіруге бағыт­талған.

Қорыта айтқанда, жаңа Конс­титуция жобасы адам құқы­ғын басты орынға қоя оты­рып, біртұтас Қазақстан хал­қын әділеттік пен заңдылық қағи­даттары негізінде топтасты­рып, еліміздің әлемдегі алдың­ғы қатарлы мемлекеттер­мен тере­зесі тең болуына бағытталған Ата заң екенін айқындайды.

Жалпыұлттық референ­думға дейін жаңа Конституция жо­басы­ның ел ішінде жан-жақ­ты талқыланып, оған қоғам тара­пы­нан ұсыныстар мен ой-пікір­лердің енгізілуі заңды әрі орынды. Осы маңызды құжат­қа қатысты өз көзқарасым мен пайы­мымды азаматтық жауап­кершілік тұрғысынан білдіруді жөн санаймын.

 

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

мемлекеттік қызмет саласының ардагері

Соңғы жаңалықтар