Қобыз үнінде тылсым сыр бар. Оны тыңдағанда ғасырлар қойнауындағы бабалардың көне сарынын естігендей боласың. Талантты өнерпаздың кешінде осындай күйді бастан кештік. Концерт барысында жұртшылық қобыздың бай тарихымен танысып, жылы әсерге бөленді. Сондай-ақ кеш иесі Қорқыт, Ықылас, Тәттімбеттің туындыларын нақышына келтіріп тартты.
Жалпы, қобыз – түркі халықтарына ортақ музыкалық аспап. Сондықтан бұл концертте татар, қарақалпақ, тағы басқа түркі халықтарының шығармалары да орындалды.
Бағдарламаның мақсаты – қобыз өнерін дәріптеп, оның орындаушылық мүмкіндігін дамыту. Бұрын қобызды бақсылық дәстүрмен байланыстыратын.

Мақсат Медеубек бүгінде қобыз аспабы заманауи талапқа сай академиялық бағытта дамуда екенін айтты.
«Қазір қобызбен Антонио Вивальди, Вольфганг Амадей Моцарт, Йозеф Гайдн, Иоган Себастьян Бах сынды әлемге әйгілі композиторлардың шығармаларын орындауға болады. Сонымен қатар эстрадалық жанрда да қобыздың әлеуеті зор. Бұл аспап арқылы жеңіл каверлік туындыларды орындап, кең аудиторияға насихаттауға мүмкіндік мол», дейді ол.
Қысқасы, өнер кешіне келген көрермен дарынды қобызшының орындауындағы күйлерді тыңдап, рухани демалды.