Қоғам • Бүгін, 17:37

Аида Балаева арандатушылық әрекеттерге қатысты мәлімдеме жасады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желілерде белең алған арандатушылық әрекеттерге қатысты ресми мәлімдеме жасады. Министр кейбір әлеуметтік желі қолданушыларының елдегі маңызды саяси кезеңді теріс мақсатта пайдаланып отырғанын айтты, деп жазады Egemen.kz.

Аида Балаева арандатушылық әрекеттерге қатысты мәлімдеме жасады
«Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды», деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, қазір қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыру мақсатында танымал тұлғалардың атынан жалған парақшалар ашылып, негізсіз үндеулер жарияланып отыр.

«Өкінішке қарай, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге барып отыр. Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда)», деді министр.

Мұхтар Шаханов өз атынан тараған жалған ақпаратты жоққа шығарды

Сонымен қатар министр елдегі митингілер туралы жалған хабарлар мен Конституцияның жекелеген баптарын бұрмалап түсіндіру фактілеріне тоқталды. Оның сөзінше, тіпті бұқаралық ақпарат құралдарына техникалық шабуылдар жасау жағдайлары да тіркелген.

«Елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесіп отыр.
 
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз.
 
Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамын. Жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады», деді Аида Балаева.
Соңғы жаңалықтар