Салтанатты іс-шара қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысын танытып қана қоймай, рухани жаңғыру мен конституциялық реформалар аясындағы мәдени саясаттың маңызын айқындаған маңызды жиынға айналды. Марапаттау рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жеңімпаздарды құттықтаған Аида Балаева қаламгерлердің ұлттық әдебиетті дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтіп, қоғамдық сананы жаңғырту кезеңінде әдебиеттің атқаратын рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде ақын-жазушыларды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясат жүзеге асырылып келеді.
«Мемлекет басшысының әділдік пен біртұтастыққа, заң мен тәртіпке негізделген ауқымды реформалары ел дамуының жаңа бағдарына айналып отыр. Конституциялық реформалар – тек құқықтық өзгеріс емес, елдің болашағын айқындайтын, қоғамдық сананы жаңғыртатын түбегейлі бетбұрыс», деді Аида Балаева. Оның сөзінше, тарихи мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау – баршаға ортақ міндет. Бұл ұстаным алғаш рет Конституция жобасында нақты көрініс тауып, мәдениет пен руханият мемлекет дамуының маңызды тіректерінің бірі ретінде айқындалған.
Сондай-ақ жаңа Конституцияда білім мен ғылымға, мәдениет пен инновациялық дамуға басымдық берілуі елдің стратегиялық бағытын көрсететін маңызды қадам екені атап өтілді. Бұл – адам әлеуетін дамытуға, шығармашылық ой мен жаңа технологияларды қолдауға бағытталған таңдау. Осындай жауапты кезеңде қоғамның рухани бағдарын айқындауда қаламгерлер қауымының орны айрықша.
Айта кетерлігі, биыл Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» аталымдары бойынша 49 жас автор қатысып, Мемлекет басшысының Жарлығымен жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, «Проза» аталымы бойынша Арман Әлменбет «Тергеуші» шығармасы үшін, «Поэзия» аталымы бойынша Саян Есжан «Құмдағы хикая» жинағы үшін, «Драматургия» аталымы бойынша Бауыржан Мұстафиев «Ақ киіз» туындысы үшін, ал «Балалар әдебиеті» аталымы бойынша Асылан Тілегенов «Жазда атамның ауылында…» шығармасы үшін марапатталды.
Кейінгі жылдары «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы рухани ортаға ерекше серпіліс беріп келеді. Биыл байқауға жеті аталым бойынша 180-ге жуық өтінім келіп түсті. Қазылар алқасы шығармалардың авторын білмей, әділ әрі жасырын дауыс беру арқылы үздіктерді анықтаған.
Өткен жылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары ретінде «Үздік поэзия» – Хамит Есаманның «Айша бибі» шығармасына, «Үздік проза» жазушы Дәурен Қуаттың «Бруклин көпіріндегі кездесу» атты туындысына, «Үздік драматургия» Әділбек Ыбырайымұлының «Кенесары хан» атты еңбегіне, «Үздік әдеби аударма» Әсем Ережеқызының «Күн қармаған бала» атты аудармасына, «Үздік балалар әдебиеті» «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Қанат Әбілқайырдың «Алтын бала» шығармасына, «Үздік әдеби сын» бойынша Амангелді Кеңшілікұлының «Мұқағали мен Енхе. Ақын мен адамның драмасы» атты сын-зерттеу мақаласына, ал «Үздік комикс» жанры бойынша Ильдар Сансызбайұлының «Табу. Жоғалған үміттің ізі» атты туындысына берілді.
Марапаттау рәсімінде сөйлеген Аида Балаева «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жаңа есімдерді танытуға, шығармашылық еркіндікті қолдауға және сөз өнерінің қоғамдық маңызын арттыруға бағытталған маңызды жоба екенін атап өтті. Ұлттық әдебиеттің дамуына серпін беретін бұл байқаулар – рухани саясаттың нақты нәтижесі. Әдебиетке көрсетілген құрмет – ұлттың болашағына жасалған инвестиция екені тағы бір мәрте айқындалды.