Сурет: zakon.kz
Бюро отырысында Мәулен Әшімбаев еліміз қазір одан әрі үдемелі дамуға бағытталған ауқымды өзгерістің алдында тұрғанын атап өтті.
«Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде конституциялық реформалар жүргізіліп жатыр. Олар – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көздейтін ауқымды жаңғырту стратегиясының маңызды бөлігі. Нәтижесінде елдің бүкіл саяси жүйесінің тиімділігі, ашықтығы мен белсенділігі артады. Сондай-ақ саяси ықпал мен жоғары өкілді органның рөлі күшейтіледі. Осыған байланысты елдің жаңа Конституциясының мәтіні дайындалып, жарияланды», деді М.Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, жаңа Ата заң азаматтардың, қоғамдық институттардың, саяси партиялар мен заңгерлердің ұсыныстары негізінде әзірленді. Комиссия отырыстарында ашық әрі мазмұнды талқылаулар өтті. Жаңа Конституция еліміздің ұзақмерзімді дамуының негізін қалайды.
Сонымен қатар Бюро мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Сенаттың алдағы отырысында қарау туралы қаулы қабылдады. Аталған заңның нормалары мәдениет саласын жаңғыртуды, сондай-ақ тәуелсіз және экономиканың маңызды секторы ретінде креативті индустрия қалыптастыруды көздейді.
Сондай-ақ сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін палатаның тұрақты комитеттеріне бөліп берді.