Фото: Астана қаласының әкімдігі
Қала әкімінің айтуынша, алғашқы перинаталдық орталық «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен салынады. Қазіргі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Ал екінші орталық бойынша биыл жобалау жұмысы аяқталып, 2028 жылы пайдалануға беріледі деп күтіледі.
Жедел медициналық жәрдемді дамыту аясында жақын уақытта №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталады. Бұл медициналық көмектің жылдамдығын арттырып, стационарлық көмектің басты нысанына айналмақ. Сол сияқты «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Сарыарқа ауданында №3 жаңа көпбейінді қалалық аурухананың жобалау жұмысы жалғасып жатыр.
Балаларға көрсетілетін жедел медициналық көмекке де ерекше назар аударылады. Биыл 15 ақпанға дейін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Нұра және Есіл аудандары үшін балаларға арналған травматологиялық пункт жұмысын бастайды. Бұл оң жағалаудағы балалар травмпунктіне түсетін жүктемені азайтып, медициналық көмектің сапасын арттырады.
«Жалпы алғанда, елордада денсаулық сақтау саласына қатысты 11 жаңа нысанның құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында республикалық орталықтар, көпсалалы ауруханалар, емханалар және қосалқы жедел жәрдем стансалары бар», деді Жеңіс Қасымбек.