Мади Мырзағараев Комиссия жұмысының қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін түзетулердің жинақталған жобасы ұсынылды. Жоба азаматтардың, сарапшылардың, соның ішінде өкілді адвокаттар алқасының ұсыныстарын ескере отырып әзірленген. Жобаға енгізілген жаңа нормалар қоғамның үміт-тілегіне сай келеді, себебі олар адам құқықтарының негізгі мәселелеріне тікелей қатысты», деді адвокаттар алқасының төрағасы.
Атап айтқанда, жауапкершілікті күшейтетін заңның кері күші, сот шешімінсіз ұстауға жол бермеу кепілдіктері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ұсталған адамға сот сәтінде оның құқықтарын түсіндіру міндеті сияқты маңызды мәселелер ескерілген.
«Мен үшін адвокатты қылмыстық процесте прокурормен тең құқықты тарап ретінде Конституция деңгейінде бекіту туралы ұсыныстың қолдау тапқаны ерекше маңызды әрі қуанышты. Жобада алғаш рет адвокаттардың құқықтық мәртебесіне арналған арнайы бап енгізілді. Бұл бізге азаматтардың құқықтарын процестің басқа қатысушыларымен тең жағдайда қорғауға нақты мүмкіндік береді», деді Мади Мырзағараев.
Сонымен қатар, спикер ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымды екенін атап өтіп, осыған байланысты жаңа Конституция мәселесін қарастыру орынды екенін айтты.
«Конституцияның мазмұндық тұжырымдамасын өзгертуге бағытталған өзге де маңызды жаңашылдықтар бар. Олардың барлығы қоғамның қазіргі заманғы сұраныстарына жауап береді. Осыған байланысты Конституциялық комиссия аясында жаңа Конституция мәселесін қарастыруды орынды деп санаймын. Тағы бір мәрте атап өткім келеді: бұл өзгерістер бойынша түпкілікті шешімді Қазақстан халқы қабылдайды. Бұл өзгерістердің тағдыры референдумда айқындалады. Бүгінгі біздің міндетіміз – қоғамға адамға бағдарланған, нақты әрі түсінікті конституциялық шешімдер ұсыну», деді Конституциялық комиссия мүшесі.
Министр Ерлан Сәрсембаев Конституцияның жаңа редакциясын қабылдауды қолдады