Қоғам • 25 Желтоқсан, 2025

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап. 

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары және жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері қатысты.
«Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде емдеу ісі мамандығы фельдшер біліктілігі бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Бүгін сол колледжде Ұлдананың атындағы арнайы аудитория ашылады. Оқу бітіргелі 4 жыл көлемінде өмірінің соңына дейін Астана қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясында еңбек етті. Жас болса да, кәсіби адалдығымен көзге түскен және шұғыл жағдайларда өз бетінше шешім қабылдай алатын білікті маманға айналды. Ұлдана Қалдарханқызының туған-туыстарына, анасына, жақындарына, жұбайына, жедел жәрдем қызметкерлері ұжымына Қазақстандағы медицина саласында жұмыс істеп жүрген 300 мыңнан аса қызметкердің атынан, өз атымнан қайғырып, көңіл айтамын», деді министр.
ъ
Сонымен қатар министр Ұлдана Мызуанның есімі отандық медицина тарихында жазылатынын атап өтті.

Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы марқұм қызына құрмет көрсетіліп жатқаны үшін Денсаулық сақтау министрі мен медицина саласының қызметкерлеріне алғысын айтты.

Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды.
з
Ескерткіш тақтаның ашылуынан кейін жедел медициналық жәрдем станциясы мекемесінде жайылған дастарқан басында Астана қаласындағы Шейх Кунта қажы мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ марқұмның рухына арнап Құран бағыштады.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіби қызметін атқару барысында ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.
 
Сол күні, 18 қарашада, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Астана әкімдігі оның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін, материалдық қолдау мен барлық рәсім шығындары өтелетінін мәлімдеді.
 
Мәжіліс кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова фельдшер Ұлдана Мырзуан оқыған медициналық колледждегі дәрісханаға оның есімін беру жоспарланып отырғанын хабарлаған еді. 
 
Соңғы жаңалықтар

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Шоттың да сұрауы бар

Экономика • Бүгін, 08:50

Аққу әйгілеген ақиқат

Әдебиет • Бүгін, 08:35