Саясат • Бүгін, 08:00

Абай облысының әлеуеті: Олжас Бектенов Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орманды сақтау және қорғауда заманауи цифрлық технологияларды енгізу, өңірдің туристік-инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы тапсырмасының орындалу барысымен таныс-ты. Сонымен қатар Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді.

Абай облысының әлеуеті: Олжас Бектенов Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Өртке қарсы дайындық жоғары деңгейде

«Семей орманы» резерватында Премьер-министрге орман мен дала өрттерін ерте анықтауға арналған, ЖИ негізінде жұмыс істейтін жүйені қанатқақты режімде енгізу нәтижелері ұсынылды. Аталған технология өрт ошақтарын алыс қашықтықтан әрі кез келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Семей орманында» орман өрті туралы оқу-жаттығу өткізілді. Резерват мамандары өрт сөндірушілермен бірлесіп, цифр­лық технологиялардың тиімділігі мен өрт сөндіру қызметінің өзара әрекеттесу алгоритмін көрсетті.

Президент тапсырмасына сай өртті ерте анықтау техноло­гиясы елде кезең-кезеңімен кеңейті­ліп жатыр. Бірқатар орман шаруа­шылықтары мен  ұлттық парктерде бұл жүйе іске қосылған. Биыл шілде айында 24 табиғи аумақты толық қамту, қыркүйекте жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз орман қорын қорғаудың түбегейлі жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Орманды қалпына келтіріп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға да бағытталған жүйелі шаралар қабылданады. Президент айқындаған негізгі бағыттардың бірі – цифрландыруды енгізу. Былтыр резерватта 510 мың гектар аумақты қамтитын, 37 заманауи камерамен жабдықталған өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді. Технологияларды тікелей патрульдеу шараларымен нығайту қажет. Бұл өте маңызды. Сондықтан өрт қаупі жоғары кезеңде орман күзетінің тұрақты жұмысын қам­тамасыз етіп, ол барлық қауіпті ай­мақтарды қамтуға тиіс. Жүргізіліп жатқан жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақ­сат-міндеттеріне толық сәйкес келеді, оның шеңберінде біз табиғи ре­сурстарды сақтап қана қоймай, азамат­тардың экологиялық мәде­ниетін де арттырамыз», деді О.Бектенов.

Премьер-министр жұмысты жеделдетуді, цифрлық технология-ларды сапалы енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

о

Краснокордон орманшы-лығының аумағын аралау барысында Олжас Бектенов Президенттің «Семей орманы» орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыспен танысты. Кейінгі екі жылда резерват паркі 100% заманауи техникамен жаңартылған. Бүгін­де оның тозу мәселесі толы­ғымен шешілді. Тек өткен жылдың өзінде лизинг қаражаты есебінен 39 жаңа өрт сөндіру машинасы, 26 шағын өрт сөндіру кешені, аспалы жабдығы бар 10 трактор сатып алынды.

Жалпы алғанда, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес Үкімет өртке қарсы техникаларды жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Бұл мақсаттарға 2024–2025 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 21,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, орман шаруашылықтарының жаңа техникамен қамтамасыз етілуі 87%-ға жетті. Орман шаруашылықтарына 92 өрт сөндіру машинасы, 118 шағын орман патрульдік кешені, 244 трактор, 240 патрульдік машина, 3 мыңнан астам басқа да техника мен жабдық сатып алынды. Лизинг қаражаты есебінен 1­057 өрт­ке қарсы техниканы сатып алуға 35 млрд теңге бөлінді. Биыл мамыр айының соңына дейін елдің барлық өңірінде бұл жұмысты толық аяқтау жоспарланып отыр. 

Туризмге серпін беретін жобалар

Сонымен қатар Олжас Бектенов Семей қаласы әкімшілік іскерлік орталығын дамыту жобаларымен, Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспарымен танысты. Ұсынылған құжаттар Мемлекет басшысының бастамасымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» рес­публикалық акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бұған қоса, Үкімет басшысына заманауи туристік-рекреациялық аймақ қалыптастыруға бағытталған Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспары таныстырылды. Абай облысының әкімі Берік Уәлидің айтуынша, өңірде 2029 жылға дейін туризмді дамытуға бағытталған 49 жоба іске асырылады. Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға биыл 10 млрд теңге бөлінген. Қаражат инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ бейнебақылау мен мобильді интернетті енгізуге бағытталады. Былтыр облыста туризмді дамытуға бағытталған жалпы сомасы 8,9 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылды.

Премьер-министр әлеуметтік инф­рақұрылымды жаңғыртуды, ту­ризмді дамытуды әрі инвести­ция­лық тартымдылықты арттыруды қоса алғанда, облысты кешенді да­мы­тудың маңыздылығын атап өтті.

Семейде аумағы 1 мың гектардан асатын Әкімшілік іскерлік орталық салу жоспарланған. Жоба аясында 2026–2029 жылдары 75 мың адамға арналған 3 млн шаршы метр тұрғын үй, сондай-ақ 40-тан астам әлеуметтік және коммерциялық нысан, оның ішінде 17 мектеп пен балабақша бой көтереді. Олжас Бектенов қала құрылысына қатысты шешімдердің сапасын қамтамасыз ету мен облыс әкімдігі тарапынан кешенді жоспарды жүзеге асыруды тиімді үйлестіру қажеттігін атап өтті. 

Өңірді кешенді дамыту нәтижесі

Сондай-ақ Премьер-министр Абай облысында индустриялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырылу барысын тексерді.

Үкімет басшысы «Агролидер KAZ» ЖШС аумағында бұршақ пен майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысып, дайын өнімді сертификаттау зертханасын, өндірістік цехтар мен технологиялық желілерді қарап шықты. Кәсіпорынның қуаты жылына 72 мың тонна шикізатты құрайды. Дайын өнім шығару көлемі тәулігіне 160 тоннаға жетеді.

Компанияның бас директоры Николай Ушаковтың мәліметінше, зауытты жарақтандыру кезінде Түркия мен Италияның заманауи технологиялық шешімдері қолданылған. Мұнда өнімнің 10-нан астам түрі өндіріліп, ішкі нарықпен қатар Еуропа, Азия, Латын Америкасы елдеріне экспортталады. Жобаға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны ашылған.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, шикізатты сақтау және өңдеу қуаттарын ұлғайту, сондай-ақ сыртқы нарықтарға өткізуге қолдау көрсету қажеттілігін үнемі айтып келеді. АӨК өнімдерінің қайта өңделген үлесін 70%-ға дейін арттыру – біздің алдымызда тұрған басым міндеттердің бірі. «Агролидер» кәсіпорны – Абай облысы үшін агроөнеркәсіп кешені саласындағы стратегиялық жоба. Кәсіпорын өңірлік деңгейде аталған тапсырмалардың жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді», деді О.Бектенов.

Премьер-министр сондай-ақ «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-ның толық циклді май экстракциялау зауыты мен «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС-ның «Тігін фабрикасы» филиалында болып, кәсіпорындардың өндірістік қуатымен танысты.

Сапар барысында әлеуметтік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылды. Премьер-министр Семейдегі құрылысы аяқталған Оқушылар сарайының дайындығын тексерді. Нысан Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасына сәйкес, оның ішін­де қайтарылған активтер жинақ­талатын Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынды. Ол­жас Бектенов роботтехника мен бағ­дарламалау кабинеттерін, сен­сор­лық кабинетті, бассейн, жек­пе-жек, авиамодельдеу залдарын ара­лап көрді. Сарайдың жалпы ауда­ны 9,8 мың шаршы метрді құрай­ды. Мұнда білім беруде ерекше қа­жеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға айрықша көңіл бөлінеді.

Үкімет басшысы басталған жоба­лардың уақтылы жүзеге асыры­луын қамтамасыз етуді, қосыл­ған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуды, жаңа жұмыс орындарын құруды, сондай-ақ өткізу нарықтарын одан әрі кеңейтуді тапсырды.

Өңірге сапар барысында Олжас Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында биылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды.

«Өрт қаупі бар кезең болса енді ғана басталып жатыр. Бірқатар өңірде табиғи қорықтар мен орман шаруашылықтарының аумағы жанды. Далалы жерлерде де өрт ошақтары күн сайын тіркеледі. Даладан басталған қызыл жалын орман қорына ауысуы мүмкін. Өрттер флора мен фаунаға айтарлықтай зиян келтіреді. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек», деді О.Бектенов.

Штаб отырысында уәкілетті орган бірқатар уәкілетті мемлекеттік органдар мен облыстардың басшылары атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады. Олжас Бектенов өрт қаупін азайту жөніндегі республикалық және өңірлік іс-шаралар жоспарларын сапалы жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды. Елді мекендердің аумақтарын құрғақ өсімдіктер мен қоқыстардан тазартудың, сондай-ақ минералды оқшаулау жолақтарын құрудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. ТЖМ дерегінше, бұл жұмыс бірқатар өңірде тиісті деңгейде жүргізілмейді.

Олжас Бектенов әкімдердің алдына осы жұмысты жандандыруды міндеттеп, проблемалық мәселелерді шешуді тікелей бақылауға алуды тапсырды.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр мемлекеттік органдарға өрт қаупі кезеңіне дайындықты одан әрі күшейтуді жүктеді. Негізгі басымдық – әуе және жерүсті патрульдеуді арттыру, техниканы жаңарту, ерте анықтау жүйелерін кеңейту, ведомствоаралық үйлестіруді күшей­ту. Сондай-ақ оқу-жатты­ғулар өткізу, өңірлерде жедел штабтар құру, ерікті құрылымдарды дамыту және халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыру міндеті қойылды.