Білім • 04 Мамыр, 2018

Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте халықаралық білім беру форумы өтті

1715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Дидактикалық көпір: Еуропа-Азия» тақырыбында халықаралық білім беру форумы өткізілді. 

Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте халықаралық білім беру форумы өтті

Форумды ұйымдас­тыру­шылардың қатарында Шәкәрім университеті, Польшаның Лешно қаласындағы Ян Амос Коменский атындағы мемлекеттік жоғары кәсіби білім мектебі, Оңтүстік Кореяның Кьюнгдонг университеті, Қытайдың Шенжэн университеті, Иорданиядан Бүкіләлемдік ислам ғылым академиясы және Швейцарияның экономика мен менеджментке арналған қолданбалы ғылыми жоғары мектебі бар. 

– Өркениетті мәдениеттердің басын біріктіру, халықтар ара­сындағы өзара түсіністікті дамыту осының барлығы форум­ның негізгі мақсаты, – деді Шә­кә­рім атындағы мемлекеттік универ­ситеттің ректоры Мейір Ескен­діров, – дуалды білім беру жүйе­сінің отандық және халық­аралық тәжірибесін дамыту, төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайында қос дипломды білімнің маңыздылығын арттыру бүгінгі өзекті мәселелер.

Форумның құрметті төра­ғасы болып мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының басшысы Махмұд Қасымбеков сайланды. 

Ректор құрметті төраға Мах­мұд Қасымбековтің форумға қаты­­сушыларға арнаған үндеуі­мен таныстырды. Онда Қазақ­станның әлемдік интеграциядан алатын өзіндік орны аса өзекті мә­селе екендігі және халықтар дос­тығы мен ынтымағы, сол сияқ­ты білім саласындағы жаңа­­шыл­дық бастамалары бо­ла­шақ­та бүкіл адам­затты бейбіт өмір­ге же­телей­тіндігі туралы айтыл­ған. 

 Шара барысында пленарлық отырыс және ғылыми-тәжірибелік алаң өткізілді. Шәкәрім уни­вер­ситеті аясында «Польша-Қазақ­стан мәдени орталығы» ашыл­ды. «Акме» ағарту клубы да өз мәжілісін өткізіп, «Сы­байлас жемқорлықпен күрес: ха­лықаралық тәжірибе және әріп­тестік» тақырыбымен дөңге­лек үстел ұйымдастырды. Сон­дай-ақ қонақтар «Жидебай» этно­фестивалін тамашалады.

Форумда басты спикер­лер ретінде Кьюнгдонг универ­ситетінің ректоры, профес­сор Джон Ли, Шэнжен универ­ситетінің ректоры, профессор Тао Йитао, Польша елінен Ян Амос Коменский жоғары мек­тебінің ректоры, профессор Ма­чей Петшак, Швейцария елінің экономика және менеджмент бойынша қолданбалы жоғары мектебінен ректор, профессор Доминик Джордан сөз сөйледі. 

Осындай жоғары деңгейде форум өткізу Елбасының білім саласын дамытудағы тың бас­тамаларының бірі, экономикалық және рухани, саяси бағыттағы ұсынып отырған басты тапсырмасы, деді шараға жиналғандар. Фо­рум басқармасының мүшелері «Білім беру – әлемге» атты хар­тияға қол қойды. Олар енді әлем­дегі рухани бастамалардың жаң­ғыруына үлес қоспақ.

Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист 

СЕМЕЙ

Соңғы жаңалықтар