Өкінішке орай, бас мердігер «ИртышГЭСстрой» ЖШС мен қосымша мердігер «Медтехника» АҚ-тың жауапсыздығынан нысан уақтылы пайдалануға берілмеді. Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен халыққа аса қажетті Радиологиялық орталық жай құрылыс нысаны емес, радиациялық қауіп-қатер болмас үшін ішіне жаңа технологиялар орнатылғандықтан да, шығын мөлшері өте көлемді. Осының бәріне алаңдаушылық танытқан облыс әкімі Даниал Ахметов құрылыс нысаны толық аяқталуы үшін мәселені жіті назарға алып, тиісті шаралар қолдануда.
Радиологиялық орталықтың құрылысы кешеуілдеуінің басты себебі – сұйық күйіндегі радиоактивті қалдықтарды жинап әрі сақтайтын жүйе талапқа сай емес. Желдеткіштер дұрыс орнатылмаған. Электр жүйесі шашылған күйде.
2015 жылдың 5 маусымындағы сот шешіміне орай, «ИртышГЭСстрой» ЖШС мен «Медтехника» АҚ-қа байланысты арыз-шағымдар ішінде радиациялық қалдық сұйықты жинап, сақтайтын жүйені ауыстыру мәселесі қанағаттандырылмаған. «Мұндай жабдық жобалау-сметалық құжаттардағы талаптарға сай болмаса, адам өміріне қауіпті емес деп кім кепілдік береді, сот органдары шешім шығарғанда осыны неге ескермейді», деп алаңдап отыр жергілікті халық. Ал сұйық радиоактивті қалдықтар жүйесі қалыпқа келмей, бұл нысан іске қосылмайды екен.
Семей өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша түрлі радиациялық қауіпті ауруларды емдейтін аса маңызды нысанның жұмысы тұралап қалған соң, жағдайды көзбен көруге Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, Курчатов қаласындағы радиациялық қауіпсіздік және экология институтының басшысы Сергей Лукашенко бастаған жұмыс тобы арнайы келді. Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансердің директоры Марат Сандыбаев вице-министрге ғимаратты толық аралатып көрсетті. Мәселенің ең күрделісі де сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтап, сақтайтын жүйеге келіп тірелуде.
– Бізге медициналық құрал-жабдықтарды әкелген кезде онкологиялық диспансердің өкілдерін мүлде араластырмады, − дейді диспансер директоры Марат Сандыбаев, – енді, міне, біраз медициналық жабдықтар механикалық монтаждалғанымен, іске қосылмай жатыр.
Ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасындағылар оқиға болып жатқан жерге бармастан, орын алған ақауларға назар аудармастан, қосымша қаражат үшін жалған құжаттарға қол қойып берген. Ал заң бойынша мемлекеттік сараптама мердігерлік құрылыс компаниясының жұмысын нақты тексеруі тиіс еді. Солардың салақтығынан 513 842 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылды, деген шешімін айтты Семей қаласындағы №2 соттың судьясы Ернар Берекбұлов. Онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтайтын және емдейтін нысанды халықтың жылдап тосуының өзі үлкен қылмыс. Осы істер сотқа тапсырылғаннан кейін ШҚО құрылыс басқармасының жауапты қызметкері жеті жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді және мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Ал кінәлі, «ИртышГЭСстрой» ЖШС-нің директорының сегіз жарым жылды арқалауына тура келді. Ол сондай-ақ, коммерциялық ұйымдарда он жылға дейін басшылық қызметте бола алмайды. 3000 АЕК көлемінде, яғни 5,5 млн теңге айыппұл өтеуі тиіс. Мұның бәрі сот шешімі. Себебі, зардап шегіп, түрлі қатерлі дерттерден уақтылы ем қабылдай алмай қаншама адам көз жұмды. Ол өз алдына десек, құрылыс «сақалды құрылысқа» айналып, Үкіметтің қаражаты желге ұшты.
– Біз бұл жерде 2015 жылы келіп, бас мердігер мен қосалқы мердігердің өз міндеттерін атқармағанын көрдік. Сұйық радиоактивті отындарды сақтауда қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Екі жылдан кейін келсек, проблема сол күйі тұр. Бұл орталықтың жұмысы бізге аса қажет. Мұндағы технология ТМД елдерінде жоқ. Біз әлі күнге дейін жемсау ауруларының қатерлі обыр дертіне ұшыраған төртінші деңгейлі сырқаттарды ота жасау үшін сонау Ресейге жібереміз. Ондай оталарды осында жасауға әбден болады. Көрші Ресейдегі Новосібір, Барнаул қалаларындағы дәрігерлер мына орталықтың жұмысы қашан аяқталады деп сұрап жатыр. Радиацияны емдеудің озық үлгісі осында болуы керек. Ядролық медицина кластерін Семейде құрамыз деп отырмыз. Өйткені, Семейде еліміз бойынша онкологиялық аурулардың асқынған түрі өте көп мөлшерде тіркеліп отыр.
Радиофармацевтикалық дәрі-дәрмектерді алу, өндіру үшін изотоптар зерттеледі. Бұлар ерте диагностика жасаудың кілті. Мұнда сырқаттар радио-йод-терапиясын қабылдауы керек. Бұл әлем бойынша өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Қазақстан түгілі, ТМД-да мұндай әлеуеті жоғары, дамыған медицина орталығы жоқ. Біз мұны ескеруіміз керек. Және Радиологиялық орталықты тездетіп іске қосып, халық игілігіне бергеніміз жөн. Радиациялық медицина дамысын десек, осындай құрылыстардың сапасына сақ болайық – деді вице-министр Алексей Цой.
Раушан Нұғманбекова
Семей