Ведомство деректеріне сәйкес, бөлшек несиелердің қарқыны 2024 жылмен салыстырғанда біршама бәсеңдеген. Атап айтқанда, өткен жылы бұл көрсеткіш 23,9% болған.
Халыққа берілген қарыз құрылымына көз жүгіртсек:
- Ипотекалық несие 14,6%-ға өсіп, 6,9 трлн теңгеге жетті.
- Тұтынушылық несие көлемі 21%-ға артып, 16,7 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны 2024 жылғы 29,3%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 14,5%-ға дейін төмендеді.
Агенттік бұл баяулау тұтынушылық қарыздар сегментіндегі тәуекелдерді шектеу бойынша қабылданған шаралармен байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, жаңа кепілсіз несие беру көлемінің өсу қарқыны 22,6%-дан 6,1%-ға дейін азайған.
Бұл ретте тұтынушылық несие берудің өсуіне автонесиелер айтарлықтай үлес қосты. Бір жыл ішінде олардың көлемі 42,4%-ға өсіп, 4 трлн теңгеге жетті.
2025 жылғы желтоқсанда ұлттық валютадағы халыққа берілген несиелер бойынша орташа сараланған мөлшерлеме 18,3% болды. Бұл 2024 жылғы 17%-бен салыстырғанда жоғары.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар халық қарыздарының үлесі 4,3%-ды немесе 1,07 трлн теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,8% болған.
Жалпы алғанда, Қазақстанның банк секторы өсім көрсетіп отыр. 2025 жылы банктердің активтері 15%-ға артып, 70,8 трлн теңгеге жетті. Бұл экономикаға берілетін несие көлемінің кеңеюімен байланысты.