Театр • 29 Наурыз, 2017

Жезқазғандық театр әртістері құрметке бөленді

561 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жезқазғандағы Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Халықаралық театр күніне арналған салтанатты кеш өтті. Оған қала әкімі Батырлан Ахметов, Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, сахна ардагерлері Жомарт Әбілтаев, Кеңес Жұмабеков арнайы қатысып, театр ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады. Жергілікті меценат Бекзат Алтынбеков театрдың бірнеше әртісін қомақты сыйақымен марапаттады.

Жезқазғандық театр әртістері құрметке бөленді

Кәсіби мерекеге арналған кеш театр өнерінің қыр-сырын ашатын сахналық қойылыммен басталды. Сахнада трагедия, комедия, драма жанрларының сыр-сипаты түсіндіріліп, У. Шекспирдің «Гамлет», Н. Гогольдің «Ревизор», К. Әбдірахманның «Кетбұқа» спектакльдерінен көріністер қойылды. Артынша кеш жүргізушілері сахнаға аты республикаға мәшһүр маңдайалды театрдың ардагерлері Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Досжан Жанботаев, «Құрмет» орденінің иегері Райхан Ибраева бастаған сахна майталмандарын шақырды. Сахна саңлақтарын қала әкімі Батырлан Ахметов кәсіби мерекемен құттықтады.

– 1972 жылы құрылып, атақты Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» драмасымен шымылдығын ашқан Серке театры – елімізде өзіндік орны бар киелі қарашаңырақ, біздің мақтанышымыз. Сіздер осындай қасиеті жоғары шаңырақтың астында халыққа қызмет етіп келесіздер. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы көрермендеріне рухани нәр сыйлаумен қатар, зор жетістіктер мен толайым табыстарға қол жеткізіп келеді. Оның барлығын тізіп айту міндет емес, себебі көзі қарақты көрермен сіздердің барлық жетістіктеріңізбен таныс, әрі соған тілектес, - деген Батырлан Дүйсенбайұлы өлкедегі театр өнері қарашаңырағының ұжымына шығармашылық табыстар тіледі. Қала басшысы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серік Бұлғақбаевқа, Мәдениет саласының үздігі Сәбира Бекайдароваға, ҚР Мәдениет қайраткері, қуыршақ труппасының режиссері Шәріп Ұзақовқа, театр әртісі Жәнібек Арыстанбековке Жезқазған қаласының құрмет грамотасын табыстады. 

Қала басшысынан соң сөз алған қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер, меценат Бекзат Алтынбеков Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР халық әртісі, театр тарланы Досжан Жанботаев атындағы құны 80 мың теңге болатын сыйақымен Ерке Байдешевті, 60 мың теңге көлеміндегі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сахна тарланы Серік Бұлғақбаев атындағы сыйақымен Жасұлан Түсіпбековті, «Құрмет» орденінің иегері Райхан Ибраева атындағы сыйақымен Бәтима Әлкенованы марапаттады. Театр әртістері Жәнібек Арыстанбеков, Ардақ Жарқынбеков, Мәди Шәденов, Нұржан Бейісбеков Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Еркебұлан Ағымбаев қолынан құрмет грамоталарын алды. Қожамқұловтықтарды Қарағандыдан арнайы келген, облыстық С. Сейфуллин атындағы драма театры мен Кеншілер театрының ардагерлері Жомарт Әбілтаев, Кеңес Жұмабеков құттықтап, өнер мен руханиятқа қолдау көрсетіп отырған қала жұртшылығы мен басшылығына алғыстарын айтты. 

Сондай-ақ, кәсіби мерекемен өнер ұжымын «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Сәбира Бекайдарова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мейрамкүл Жолдасбекқызы, Жезқазған музыкалық колледжінің басшысы Жұмат Аманбеков, басқа да мекеме, ұжым басшылары, кәсіпкерлер құттықтап, сый-сыяпат жасады. 

Мерекелік кеш Елордадан арнайы келген өнер жұлдыздары Қайыргелді Омарбек, Мақпал Омарова, Қарлығаш Аббасова, Берік Ержановтың ән шашуына ұласты. Мерекелік кешке жиналған қауым салтанатты шарада асқан кәсібиліктің куәсі болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.  

Дархан Мұқан

Қарағанды облысы 

Жезқазған

Соңғы жаңалықтар