2026 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа салықтық әкімшілендіру нормасы күшіне енеді. Жаңа Салық кодексінің 189-бабына сәйкес, ірі көлемде салық қарызы бар кәсіпкерлер мен компания басшыларына елден уақытша шығуға шектеу қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл норма заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, оларды алмастыратын тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын азаматтарға қатысты қолданылады.
Салық кеңесшісі Айдар Масатбаев түсіндіргендей, шектеу бірден енгізілмейді. Ол үшін бірнеше талап қатар орындалуы қажет.
Атап айтқанда, берешек көлемі 27 мың АЕК-тен асуы, қарыз үш айдан астам уақыт өтелмеуі және оған дейін шоттарды бұғаттау, мүлікке шектеу қою, дебиторлар арқылы өндіріп алу секілді стандартты шаралар қолданылуы тиіс.
Депутат салық режимі бойынша ел аумағында бірыңғай мөлшерлеме енгізуді ұсынды
Осыдан кейін ғана салық органы елден шығуға шектеу қою туралы қаулы шығара алады. Бірақ ол автоматты түрде күшіне енбейді – міндетті түрде сот санкциясынан өтуі керек.
Маманның айтуынша, сот мұндай материалдарды үш жұмыс күні ішінде қарап, шектеуді мақұлдауы немесе одан бас тартуы мүмкін.
Сарапшы жаңа өзгерістің басты ерекшелігі – салықтық қысымның енді тек компанияға емес, нақты басшыға да әсер ететінінде екенін атап өтті.
Бұған дейін салықтық әкімшілендіру негізінен компания активтеріне ықпал ету арқылы жүргізілсе, енді басшының жеке құқықтарына да әсер ету тетігі енгізіліп отыр. Бұл әсіресе шетелдік іссапарлар мен халықаралық келісімдерге тәуелді топ-менеджерлер үшін маңызды мәселе болуы мүмкін.
Салық кодексіндегі өзгеріс: Конституциялық Сотқа жүгіну кезінде төленетін баж салығы жойылуы мүмкін
Сонымен қатар сарапшы ақпараттық жүйелердегі қателіктер тәуекел туғызатынын айтты. Оның сөзінше, салық органдарының жүйесінде кейде қарыздың қате көрсетілуі немесе төлемдердің екі рет есептелуі секілді жағдайлар кездеседі.
Заң бойынша қарыз өтелгеннен кейін немесе қате анықталған жағдайда шектеу бір жұмыс күні ішінде алынуы керек. Алайда мәліметтердің мемлекеттік органдар арасында берілуі белгілі бір уақыт алуы мүмкін.
Айдар Масатбаев компанияларға шілдеге дейін салық органдарымен есеп айырысуды тұрақты тексеріп, қарыздың жиналуына жол бермеуге және ақпараттық жүйелердегі деректердің дұрыстығын бақылауға кеңес берді.