Президент • Бүгін, 14:05

Тоқаев: Жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне «Әл-Фараби» ордені енгізіледі

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласының өкілдері үшін маңызды жаңалықты жария етті. Президент жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тоқаев: Жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне «Әл-Фараби» ордені енгізіледі

Фото: Ақорда

«Бүгінгі салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады», деді Президент.

Президент: Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанды білімді орта мен саналы жастардың күшімен ғана қуатты мемлекетке айналдыру мүмкін. Бұл жолда ғалымдардың орасан зор әлеуеті мен ғылыми жаңалықтары шешуші рөл атқарады.

«Бірлігімізді бекемдеп, біртұтас халық болып жарқын болашаққа нық қадам басамыз. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанды білім-ғылымның, ойлы ортаның және саналы жастардың күшімен түбегейлі жаңғыртамыз. Келер ұрпаққа Өркениетті, Қуатты әрі Әділетті мемлекетті аманат етіп қалдырамыз. Бұл – біздің ұлттық парызымыз. Осы тарихи жолда біз ғалымдардың орасан зор әлеуетіне сенім артамыз. Себебі ғылым өркендесе, бүкіл еліміз дамиды, шексіз мүмкіндіктерге жол ашылады. Ғалымның әрбір жаңалығы тұтас ұлттың мерейін асырады. Сіздер қашанда ел мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Мемлекет өздеріңізді әрдайым қолдайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ салтанатты жиында Президент Конституцияны әзірлеуге үлес қосқан ғалымдарға ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар