Жақында шалғайдағы Катонқарағайдың аудандық ауруханасы БҰҰ Даму бағдарламасының көмегімен жаңа құрылғы мен жаңа көлікке ие болды.
Қанатқақты жобаға облыстағы үш емхана еніпті. «Біз бұған дейін емханада пайдаланылған шприцтерді Зырян ауданына апарып, арнайы пештерде жағатынбыз. Енді қолданылған шприцтерді бұрынғыдай өртемейміз. Арнайы қойылған құрылғыға салып, 134 градус температурада 40 минут бойы қыздырғаннан кейін олар тап-таза болып шығады. Мұндай құрылғыларды одан кейін де кәдеге жаратуға болады. Қазір тазаланып шыққан шприцтерді қабылдайтын жерлерді іздестіріп жатырмыз», дейді Үлкен Нарын ауылында орналасқан аудандық аурухананың бас дәрігері Сәуле Байгереева.
Жаңа үлгідегі италиялық құрылғы компьютермен басқарылады. Құрылғыны орнату үшін тиісті талаптарға сай келетін арнайы бөлме әзірленген. Жоба менеджерлері құрылғымен бірге бірнеше контейнер де берді. «Контейнерлер ғана емес, біздің емханаға осы контейнерлерді тиеп алып, ауыл-ауылды аралап, пайдаланылған шприцтерді жинайтын арнайы көлік тарту етті. Енді өзімізден бөлек басқа аудандарға да қызмет көрсетуге мүмкіндік бар», дейді бас дәрігер.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы