Архив • Бүгін, 06:50

Архившілер конгресі қорытындыланды

5 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан «Digital Archive EXPO» атты III архившілер конгресі аяқталды. Президент архиві ұйымдастырған халықаралық форум цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріндегі архив саласының болашағын талқылауға арналды.

Архившілер конгресі қорытындыланды

Сурет: baq.kz

Орталық Азиядағы ең ірі кәсіби алаңға айналған ауқымды жиынның пленарлық сессиясында 5 тақырып бойынша панельдік талқылау өтіп, 15 модератор, 65 спикер және 4 халықаралық сарапшы қатысты. «Архивтер және AI: құралдар, этика және болашақ стратегиялары» панельдік сессиясында технологиялық құралдар, ЖИ қолданудағы этикалық және құндылықтық тәсілдері, сондай-ақ цифрлық дәуірдегі архивтердің болашағына қатысты стратегиялық көзқарас тақырыптары талқыланды. Жиында Сингапур Ұлттық архиві­нің архившісі Николь Со өз еліндегі Үкіметтік технологиялар агенттігі әзірлеген ұлттық кейсті таныстырса, Сорбонна Абу-Даби университетінің ғылыми қызметкері Лиа Шонхе ірі тілдік модельдер архив ісі үшін әмбебап шешім емес екенін атап өтті. Ал «Digital Archive: заманауи дискурстар» панельдік сессия-сында архивтерді цифрландырудың заманауи тәсілдері, цифрлық ортада архивтерді толықтыру мәселелері, аудио­визуалды құжаттарды сақтау, сондай-ақ сирек кітаптар мен қолжазбаларды цифр­ландыру тақырыптары қарастырыл­ды. «Архивтердің инновациялық экожүйелері: инфрақұрылым, ынты­мақтастық және тұрақтылық» сессиясында спикерлер болашақ архивтердің тұрақты цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған прак­тикалық тәжірибелерді, ұлттық страте­гия­ларды және технологиялық шешімдер жайында баяндады. Жиында Иордания Ұлттық кітапханасы департаментінің бас директоры Фирасс Аталлах Мохаммад Дараба кітапхана саласында жасанды интеллектіні қолдану бойынша өз еліндегі Ұлттық кітапхананың прак­тика­лық тұжырымдамаларын таныстырса, «Өзархив» агенттігінің директоры Улуғбек Юсупов Өзбекстанда жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік архив саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ал Әзербайжан мем­лекеттік ғылыми-техникалық құжат­тама архивінің директоры Фазиль Аббасов цифрландыру архивтердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнын түбегейлі өзгертіп жатқанын алға тартты.

Архившілер конгресінде сондай-ақ жасанды интеллект дәуірінде құжаттық мұраны сақтау мәселелеріне арналған ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша халықаралық семинар өткізілді. Жиында ЮНЕСКО-ның Коммуникация және ақпарат секторының құжаттық мұра бөлімінің басшысы Факсон Банда цифрлық мұраны сақтау саласындағы қазіргі сын-қатерлер туралы сөз қозғаса, Сингапур Ұлттық архиві директорының орынбасары Лай Ти Фанг тарихи дереккөздерді зерттеу­де цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударды. Конгресс аясында сонымен қатар Ұлыбритания Ұлттық архивтерінің білім және ағартушылық қызмет бөлімінің жетекшісі Эндрю Пейн білім  үдерісінде архив қорларын пайдалану бойынша арнайы семинар өткізді. Ол 2025-2026 жылдары мектеп оқушылары мен студенттердің тілдік модельдерді бастапқы дереккөздермен жұмыс істеу кезінде ЖИ-тьютор ретінде қолдану бо­йынша жүргізілген ауқымды зерттеудің бірегей нәтижелерін таныстырды.

Сонымен қатар конгресс кезінде Muratalks  форматында ұйымдастырылған «Mura» клубының екінші отырысы өтіп, ол жерде Орталық Азиядағы аудиовизуалды және кинематографиялық мұраны сақтау жөніндегі өңірлік жобаның үйлестірушісі Элиз Грасия, «ÓzgeEpic» креативті хабтар желісінің негізін қалаушы Мақпал Жұмабай, «Sailet» компаниясының коммерциялық бөлімінің басшысы Владислав Шин және Мәжіліс депутаты Айдос Сарым архив ісінің келешегі жайында талқы­лау жүргізді. Ал жас архившілердің практикалық воркшоптарында Жазғы мектеп қатысушылары ұйымдардың ведомстволық архивтеріндегі цифрлық фотоқұжаттардың құндылығын сараптау, цифрлық реставрация және архив құжаттарын OCR арқылы тану, архив құжаттарымен жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейту бағыттары бо­йынша жұмыстар жүргізді.

Конгрестің салтанатты жабылу рәсімінде Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина сөз сөйлеп, жиынның архив саласын дамытуға арналған жаңа тәсілдерді қалыптастыру, халықаралық серік­тестікті кеңейту және бірлескен бас­тамаларды іске қосу бағытындағы маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Ал Ұлыбритания Ұлттық архиві­нің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі директоры Джон Шеридан форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент архивіне алғыс білдіріп, конгресс архив ісі мен архивші мамандығының болашағына деген сенімді күшейткенін жеткізді.

Жиын соңында архившілер конгресінің қарары қабылданды. Сонымен қатар конгресс қатысушылары архив тәжірибесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген шешімдерді енгізуді жалғастыру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, деректерді сақтау және басқару үдерістерін стандарттау, қоғамның құжаттық мұраға қолжетімділігін кеңейту қажеттігіне бірауыздан қолдау білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Уылжыған іңкәр сезім

Тұлға • Бүгін, 08:35

Мұхит баба ізімен

Тағзым • Бүгін, 08:25

Ауылдың ырысы ортаймайды

Ауыл • Бүгін, 08:10