Саясат • Бүгін, 08:15

ШЫҰ: Жаңа белес пен зор мүмкіндіктер

14 мин
оқу үшін

Дүние дидарында диалог қай кезде де бәтуаластыққа жол бастайтын ең басты құндылық саналады. Елдердің бірлік пен бітімгершілік жолында өзара құлақ асуы және дәуір сұраныстарына сай тізе қосып жауап әзірлеуі халықаралық жүйенің орнықтылығын айқындай түседі. Әсіресе өзгерістер мен дағдарыстар тұсында мұндай бірлескен қадамдардың маңызы зор. Осы ретте қазіргі әлемде мемлекеттер арасындағы өзара сенімге селкеу түсуін диалогтің уақыт өткен сайын тапшы «ресурсқа» айналып бара жатқанының салдары дер едік.

ШЫҰ: Жаңа белес пен зор мүмкіндіктер

Ермек КӨШЕРБАЕВ,

Сыртқы істер министрі

 

Дей тұрғанмен, дәл бүгінгі халықара­лық саясатта елдердің сындарлы үндес­тігін орнатып, бейбітшілік пен өзара сенімді нығайтуға, тату көршілік пен ын­тымақтастық тың әлеуетін ашуға қалт­қысыз қызмет етіп жатқан іргесі бе­рік көпжақты құрылымдардың да жар­қын мысалдары бар. Осындай бірегей бірлестіктердің бірі ретінде Шанхай ын­тымақтастық ұйымын сеніммен атап өтуге болады.

Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 2001 жыл­ғы 15 маусымда құрылған ШЫҰ бү­гін­де әлемдегі ең ірі өңірлік көпжақты ұйымдардың бірі ретінде орнықты.

Бірлестіктің ширек ғасырға созылған дара даму жолы ШЫҰ үшін сенім қалып­тастырудың, мәміле іздеудің және Еуразия кеңістігіндегі әріптестікті нығайтудың бірегей тарихына айналды. Ұйым осы уа­қыт ішінде тарихи тұрғыдан алғанда күр­делі әрі серпінді даму жолынан өтіп, өзі­нің өміршеңдігін ғана емес, ерекше тиім­­ділігі мен қажеттілігін жан-жақты дәлелдеді.

ШЫҰ-ның шежіресі 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері іргесін қалаған «Шанхай бестігінен» бастау алады. Бірлестіктің алға қойған негізгі мақсаттарына қолдау білдіре отырып, 2001 жылы оған Өзбекстан қосылды. Нәтижесінде, «Шанхай бестігі» Шанхай ынтымақтастық ұйымы ретінде керегесін кеңейтіп, оның Орталық Азия­лық түпқазығы қағылды. Қазіргі таңда ШЫҰ-ға әлемнің 10 мемлекеті – мүше. Бү­гінде ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Қыр­ғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбек­стан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь кіреді. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесіне Еуразия құр­лығының 60 пайыздан астамы, Жер шары халқының жартысына жуығы және әлемдік ішкі жалпы өнімнің едәуір бөлігі тиесілі екеніне тоқталып өтуіміз керек.

Осы уақыт ішінде ұйым халықаралық және өңірлік ықпалды құрылымдар қата­рындағы өзінің абырой-беделін жылдан-жылға дәйекті түрде нығайтып келеді. Халықаралық бірлестік қауіпсіздікті, тұрақ­тылықты және орнықты дамуды қамтамасыз етудің қайратты тетігі ретінде танылды. Осы жерде атап өтер жайт, бүгінде біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаһандық рөлінің артып келе жатқанына куә болып отырмыз.

Ұйымның өзара тиімділікке және тең құқыққа бағытталуы, сондай-ақ оның қандай да бір идеологияның үстемдігіне жол бермеуге негізделген сындарлы әрі прагматикалық ынтымақтастық тәсілі – баға жетпес құндылық. Бұл тәсіл «Шанхай рухы» деген атауға ие болды және ұйымға мүше мемлекеттер таңдаған ерекше даму стратегиясын айқындайды. Уақыттың өзі көрсетіп бергендей, ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл тетіктері өзінің өміршеңдігі мен жоғары тиімді­лігін барынша дәлелдеді.

Соңғы саммиттердің нәтиже­лері ұйымның алға қойған міндет­тері мен мақсаттарының ауқым­дылығын айқын түрде паш етті. Яғни ШЫҰ-ның саясат, қауіп­сіз­дік, сауда, экономика және гума­нитарлық саладағы өзекті өңірлік мәселелер бойынша шұғыл әрі тиімді шешімдер қабылдай алатынын тағы бір мәрте танытты.

Бұл орайда Қазақстан ұсын­ған жоба бойынша 2024 жылы қабылданған ШЫҰ-ның «Әділетті бейбітшілік, келісім және даму жолындағы әлемдік бірлік туралы» бастамасы осы іргелі істің жарқын үлгісіне айналды. Бұл – сенімді нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау қағидаттарын қамтитын бұрын-соңды болмаған кешенді құжат. Уақыт өте келе аталған бастама БҰҰ Бас Ассамб­леясына ресми құжат ретінде ұсынылды.

Қауіпсіздік мәселесі – ШЫҰ-ның күн тәртібіндегі негізгі бағыт­тардың қата­рында тұр. Осы кезеңде Ұйым терроризмге, сепаратизмге және экстремизм­ге қарсы бірлескен күресте ай­тар­лықтай тәжірибе жинақтады. Бұл жауапты жұмыста ШЫҰ Өңір­лік терроризмге қарсы құры­лы­мына ерекше рөл жүктел­ген. Қабылданған шаралар­дың тиімділігі терроризм ин­ф­ра­құрылымын жоюға қатысты нәти­желі қадамдармен дәйектеліп отыр. Ақпарат алмасудың жедел жүйесі қалып­тастырылып, терроризмге қарсы тұрақ­ты оқу-жаттығулар өткізіліп келеді. Сарап­шылардың бағалауын­ша, күш-жігерді үйлестірудің арқасында ШЫҰ кеңістігіндегі террористік әрекеттердің саны тұрақты түрде азайып келеді.

Сонымен қатар өңір ауқымында көлік, энергетика, инвести­ция және техноло­гия салаларын­дағы тұрақты өзара бай­ла­ныс­­тарға негізделген Еуразия­лық кеңістіктің қалып­тасуы Ұйымның қол жеткізген қомақты жетістіктерінің бірі саналады. Дәлірек айтқанда, қатысушы елдердің егемендігін құрмет тұтатын, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттарына сүйе­нетін икемді экономикалық әріптестік үлгісі құрылды.

Жемісті ықпалдастықты нығайту жолындағы нақты қадам­дардың бірі ретінде ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп келеді. Болашақта бұл қаржы институты ұйым кеңістігіндегі экономикалық және гуманитарлық жобаларды іске асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналады деген сенім бар.

Бұған қоса ШЫҰ елдері арасын­да­ғы мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тас­тықтың маңызы жыл санап артып келеді. Бүгінде ұйым аясында өзіндік өрнегімен танылған бірқатар брендтік жоба жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында ШЫҰ универ­ситеті, «Шекарасыз білім беру» жобасы, «Рухани киелі орындар» бағдарламасы, ШЫҰ-ның туристік және мәдени астаналары, Жастар форумы және басқа да көптеген бастамалар бар. Бұл жобалар ұйымның мәртебесін асырып қана қоймай, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын маңызды көпір қызметін атқарып жүр.

Қазақстан ШЫҰ қағидат­тарының бе­рік жақтаушысы саналады әрі ұйым­ның институ­ционал­дық дамуы мен халық­ара­лық беделін арттыруды тұрақты түрде қолдап келеді.

Атап айтқанда, еліміздің 2017 жылғы төрағалығы кезінде Ұйымның құрамына Үндістан мен Пәкістан қабылданып, ШЫҰ кеңістігі кеңеюінің алғашқы кезеңі лайықты жүзеге асырылды. Ал 2024 жылғы Астана саммитінде ШЫҰ алғаш рет «ондық» форматында үн қатты. Дәл осы саммитте Беларусь Республикасы то­лыққанды мүше ретінде алғаш рет алқалы жиынға қатысты.

Бұған қоса Қазақстанның бас­тамасымен және басқа мүше мемлекеттердің қолдауымен ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы, Азық-түлік қауіп­сіздігі бағдарламасы, Шекара мәселелері бойынша ынты­мақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісім, Терро­ризм­ге, сепаратизм­ге және экстре­мизм­ге қарсы күрес бағ­дар­ламасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.

Қазақстанның ұйым аясындағы басым бағыттарының бірі – ерекше екпінмен өзгеріп жатқан халықаралық жағдайға бейімделу арқылы ШЫҰ қызметінің тиім­ділігін арттыру.

Астана Ұйымды жаңғыртуды, оның институттарын заманауи сын-қатерлерге бейімдеуді және ынтымақтастықтың тәжірибелік мазмұнын күшейтуді дәйекті түрде қолдап келеді.

Осы тұрғыда Қазақстанның 2023–2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығы ерекше маңызға ие болды. 2024 жылғы Астана саммитінде ұйым қызметін жетіл­діру үдерісі басталып, оның институ­ционалдық тұрақтылығын нығайтуға, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһан­дық тұрақ­сыздық жағ­дайын­да ШЫҰ жаңа геосаяси және эконо­мика­лық шынайы ахуалға дер кезінде бейімделуі қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан ұйым қызметіне кешенді талдау жүргізуді, оның ішінде шешім қабылдау тетіктерін, бірлескен жобаларды іске асыру барысын және салалық құрылымдардың қызметін үй­лестіру мәселелерін қарастыруды ұсынды.

Қазақстан бастамашылық еткен ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісі қазіргі таңда мүше мемлекеттер тарапынан бел­сенді түрде талқыланып жүр. Бұл ірге­лі бастаманың негізгі мақсаты – ұйым­ның тәжірибелік тиімділігін арттыру және оның Еуразия кеңістігіндегі ха­лық­аралық ынты­мақтастықтың жетекші орта­лықтарының бірі ретіндегі рөлін күшейту.

Қазақстан ұйымның эконо­микалық құрамдас бөлігін нығайтуды да қолдайды. Бұл бағыт – ШЫҰ әлеуетінің толық пайдаланылмауына байланысты жиі сынға ұшырайды және осы тақылеттес пікірлердің белгілі бір дәрежеде негізі бар екенін мойындау қажет.

Ішкі жалпы өнім көлемі бойынша ШЫҰ әлемдегі ең ірі бірлестіктердің санатына жатады. Мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы әртүрлі баға­лау­лар бойынша шамамен 1 трлн долларды құрайды. Ұйым құрамында әлемдегі ең ірі энергия өндірушілер мен тұ­тынушылар бар. Сонымен қатар өңір аума­ғы арқылы халықаралық маңызы бар негізгі құрлықтық көлік дәліздері өтеді.

ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті ұйым­ның серпінді эко­номикалық ынтымақ­тас­тықтың маңызды орталық­тарының біріне айналуына толық мүмкіндік туғызады. Алайда бұл әлеует әлі де толық көлемде игерілген жоқ. Осы­ны ескере отырып, Қазақстан бірлескен инвестициялық жобаларды жандандыруды, өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануды және ұйым­ға мүше мемле­кеттердің аума­ғы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліз­дерін дамытуды ұсынады.

Өз тарапынан Қазақстан цифрлық бейімделу деңгейі жоғары әрі қызмет көрсету саласында мол тәжірибе жинақ­таған орта держава ретінде ШЫҰ аясында цифрлық трансформация, инновация­ларды енгізу және электрондық сауда, кибер­қауіпсіздік пен жасанды интеллект салаларындағы жаңа ынтымақтастық алаң­дарын қалыптастыру бағыттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.

ШЫҰ мемлекеттері үшін экологиялық мәселелер эконо­микалық тұрақтылықты, азық-түлік қауіпсіздігін және халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз етумен ті­келей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.

Өңір үшін климаттың өзгеруі, шөлейт­тену, су ресурстарының азаюы және қор­шаған ортаның ластануы мәселелері ерекше өзек­ті болып отыр. Орталық Азия су қауіпсіздігі тұрғысынан әлемдегі ең осал өңірлердің бірі саналады. Сондықтан экологиялық күн тәртібі ШЫҰ үшін стра­тегиялық маңызға ие.

Осы ретте Президент Қасым-Жомарт­ То­қаев ұсынған ШЫҰ-ға мүше мемле­кеттердің Су проблемаларын талдау ор­талығын құру бастамасына ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Бұл құрылымның қызметі су ресурс­тарын тиімді және орнықты пайдалану саласындағы технологиялар мен үздік тәжірибелерді біріктіруге, сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы ин­новациялық шешімдерді бірлесіп енгізуге бағытталмақ.

Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда ШЫҰ көпсалалы халықаралық ұйым ретінде толықтай қалып­тасқаны айдан анық. Ұйымдағы әрбір ынтымақтастық бағыты «Шанхай рухын» сақтай отырып және барлық мүше мемле­кеттердің белсенді қатысуымен үйлесімді дамып келеді.

Осы тұста айрықша атап көрсететін тақырып – қауіпсіздік саласындағы ауқымды жұмысына қарамастан, ШЫҰ әскери блок немесе үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталған жабық одақ емес. ШЫҰ – ашық ынтымақтастық кеңістігі.

Қазақстан дәстүрлі түрде тең құқықты диалогті, шешімдерді бәтуаластық негізінде қабылдауды және текетірестік тәсілдердің пайда болуына жол бермеуді қол­дайды. Тек ШЫҰ Хартиясының мақсат­тары мен қағидаттарына адалдық та­ныту арқылы ұйымның теңгерімді дамуын және ашық әрі сенімді көпжақты диа­логті қамтамасыз етуге болады.

Ширек ғасыр ішінде ШЫҰ әртүрлі саяси дәстүрлері, экономикалық мо­дельдері мен мәдени ерекшеліктері бар мемлекеттердің ұстанымдарын ортақ мақсаттар мен болашақ алдындағы ортақ жауапкершілік төңірегінде біріктіре алатынын бірнеше рет дәлелдеді.

Бұл мерейтойлық белестің жүріп өткен жолына қарағанда қажырлы еңбек, дип­ломатиялық шеберлік, саяси көре­гендік және мемлекеттердің өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға деген шынайы құлшынысы жатқанын көреміз.

Бүгінде ШЫҰ өзіндік даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Бұл – ынтымақтастықтың тиімділігі жаһандық тұрақтылыққа және миллиондаған адам­ның өмір сапасына тікелей әсер ететін көкжиегі кең кезең.

Уақытпен екшелген мол тәжірибе, өзара іс-қимылдың бірегей әлеуеті және «Шан­хай рухының» мызғымас қағидат­тарына адалдық – Ұйымның алдағы уақытта да халықаралық сахнадағы ма­ңыз­ды орталықтардың бірі болып қала беруіне мүм­кіндік туғызатынына кәміл сенемін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт­ Тоқаев атап өткендей: «Біздің халықтары­мыз ШЫҰ-дан зор үміт күтеді. Олар Ұйым аясындағы өзара ымыра мен ортақ мүдделерді ескеруге негізделген нәтижелі ынты­мақтастық қазіргі сын-қатерлер мен болашақ­тағы қиындықтарды абыроймен еңсеруге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді». 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00

Толағай қыз

Қоғам • Бүгін, 08:50

Бұрхансайдың таңбалы тастары

Аймақтар • Бүгін, 08:40

Кімдерге рақымшылық жасалады?

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:20