Қоғам • Бүгін, 08:55

Павлодардан Брюссельге: озық әдістеме

1 мин
оқу үшін

Отандық колледж оқытушысы озық тәжірибесі үшін халықаралық сыйлық иеленді. Бұл марапат – білім саласындағы үздік жұмыстар мен нәтижелерді бағалап, оны кең аренада насихаттауды мақсат ететін жоба. ETF NEW LEARNING AWARD – оқу үдерісіндегі сәтті шыққан жобаларды іріктеп, жаһандық деңгейде таратуға бағытталған беделді бастама.

Павлодардан Брюссельге: озық әдістеме

Сурет: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Байқауға әлемнің түрлі елдерінен педагогтер қатысып, өздерінің инновациялық әдістемелерін ұсынады. SCAFFOLD технологиясы 2024 жылдан бері, Бейсен Ахметов  атындағы жоғары педагогикалық колледжде оқу үдерісінде қолданылып келеді. Гүлмира Мешітбаева ұсынған жоба «Бастауыш білім беру» мамандығы студенттерін даярлауда қолданылатын SCAFFOLD карталарына негізделген. Бұл әдістеме студенттердің цифрлық технологияларды тиімді қолдануына мүмкіндік беріп, оқу үдерісін жаңа деңгейге көтерген. Нәтижесінде, болашақ мұғалімдер бейнематериалдар мен әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды қамтитын білім беру жобалары мен сайттар әзірлеуді меңгерген.

Аталған жобалар бастауыш сынып оқушыларын оқытуда заманауи тәсілдерді енгізуге жол ашып қана қоймай, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуге, ата-аналарға практикалық ұсынымдар беруге де бағытталған. Халықаралық сарапшылар қазақстандық педагогтің тәжірибесін жоғары бағалап, жұмысты «Scaffold құралдарын пайдалану арқылы мұғалімдердің мүм­кіндіктерін кеңейту» номинациясы бо­йынша «INSPIRATION AWARD» сыйлығына лайық деп таныды. Сонымен қатар Гүлмира Мешітбаеваға өз тәжірибесін Бельгияның Брюссель қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстыру мүмкіндігі берілді.

 

Аружан ДОСЫМХАН,

ҚарҰЗУ студенті

Соңғы жаңалықтар