Руханият • Бүгін, 12:10

Атадан қалған ақ сауыт

8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Атадан қалған ақ сауыт» атты ұлттық қару-жарақ көрмесі ашылды.

Атадан қалған ақ сауыт

Облыстық музей мен оған қарасты 18 филиал қызметкерлері кәсіби мереке күні есігін айқара ашып, келушілерге танымы мол іс-шаралар тізбегін ұсынды. Облыс орталығында  «Орал – ашық аспан астындағы музей» атты туристік-танымдық жобасының тұсауы кесіліп, әсерлі экскурсия ұйымдастырылды. Киелі Хан тоғайынан бастау алатын маршруттың тоқтайтын әр нысаны терең тарихқа толы. Экскурсия барысында баяндалған деректер энциклопедиялық тұжырымдарға негізделіп, байыпты дәйектермен өріліп отырды. Мұнда хандардың ізі қалған тарихи орындар, XІІІ–XX ғасырлардағы ғимараттар баяны, қаланың мәдени мұрасы мен тарихи оқиғалар орын алған жерлер, танымал тұлғалар туралы қызықты деректер айтылды.

Бұл күні музейдің бас ғима­ратында «Көне ойыншық — кемел тәрбиенің көзі» атты бала­лар­ға арналған көрме ашылып, қазақтың ұлттық ойын құрал­дары, көне ойыншықтардың тәрбие құралы ретіндегі рөлі айшықталды. Мұнда ұлттық ойын мен қазіргі ойыншықтарға дейінгі тәрбиелік сабақтастық дәріптелді. Көрмеге келген балаларға ләңгі, асық,  тоғызқұмалақ тағы басқа ұлттық ойындар көрсетілді. Қала тұрғыны Ләззат Шағатай өзінің 35 жыл бұрын ойнаған ойыншық бесігі мен қуыршағын музей қорына сыйға тартты.

Түн  ортасына  дейін  созылған іс-шаралар «Ғасырлар үнін сақ­та­ған қасиетті орда» атты мере­­келік концертке жалғасты. Мере­келік концерт барысында «Құпия жәдігер» көрмесі ашыл­­­ды. Танымал археолог Яна Лұқпанова Ұрысай-2 обалар кеше­нінен табылған көне қобди­ша­ның хикаясын әсерлі етіп баяндап, Батыс Қазақстанда әйгілі Тақсай ханшайымынан бөлек тағы бір абыз әйел жерленген көне қорым­ды таныстырды. Қолында құнды жәдігерлерді сақтап отыр­ған жандарға «Қоғамдық қор сақтаушы» атты куәлік берілді. Үздік музей ұжымы мен жекелеген қызметкерлер марапатталды.

Дегенмен, келушілерге де, өзімізге де ерекше әсер еткен шара – «Атадан қалған ақ сауыт» көрмесі болды. Өйткені қару-жарақ – соғыс құралы ғана емес, ол адамзат өркениетінің дамуын, технологиялық жетістіктерін және мәдени ерекшелігін көрсететін тарихи жәдігер ғой. Қазақ үшін қару – ерлік, намыс, тәуелсіздік үшін күрестің символы екені рас. Экспозиция бөлімінің жетекшісі Әсел Сүйінғалиқызы бастаған ұжым дайындаған бұл көрменің бір ерекшелігі – мұнда дала өркениетінің әскери мәдениеті мен рухани құндылығы сонау көне сақ-сармат заманынан шеру тартыпты. Осылайша, көрмеге келушілер ұлттық қару-жарақтың эволюциясын көріп қана қоймай, «Ұлы даланы мекендеген қазақ халқы – әлімсақтан бері осы жер­дің қожасы, қорғаушысы» деген ойға жетеледі.

Музей директоры Жантас Сафуллин көрменің негізгі мақ­саты – халқымыздың жауын­герлік тарихын, батырлық рухын және әскери өнерін насихаттау болғанын айтады. Экспозиция ежелгі дала жауынгерлері, орта ғасырлар қарулары және жаңа заманның жарақтары секілді бірнеше бөлімнен құралған. Көрмеде сақ, сармат дәуірінен бастап қазақ батырлары қол­данған қылыш, найза, айбалта, білтелі мылтық, сауыт-сайман секілді көптеген тарихи жәдігер ұсынылған. Ең қызығы, күні бүгін де кіреуке сауыт тоқып, баба өнерін  жалғап  отырған  шеберлер шақырылыпты.

«Көрме керемет ұйымдас­тырылған. Әсіресе сармат заманынан қалған ақинақтарға көңілім толды. Көрмеге қойылған сауыттар да ерекше. Жағалы сауытты, қазақ жігіттерінің мәрт­тігін көрсететін жағасы жоқ шұр­қылтайды көзімізбен көрдік. Ауылдан келген Жәнібек Әбілпейісовтің шәкірттері көз алдымызда сауыт тоқып жатқаны жас ұрпаққа керемет тәлім болды. Қазір ат баптап, ұлттық спортты дамытып жүрген мектептер жанынан осындай қару-жарақ шеберханасын жаңғырту қажет екен деген ой келді»,  дейді Махамбет университетінің профессоры, әуесқой аңшы, ұлттық қару-жарақ саласының білгірі Ғабит Хасанов ризашылығын жасыра алмай.

Расымен де, Ақжайық ­ауда­­­­­ны­­­нан арнайы шақырылған  Ж.Әбіл­­пейісовтің маңынан бір­неше сағат бойы адам арылған жоқ. Шағын ғана Атамекен ­ауы­лында «Жерұйық» атты музей ұстап отырған өлкетанушы қа­зақ батыр­ларының бес қаруын жинау­ды мақсат етіпті. «Біз­­дің музейлерде қазақтың бодан­дық кезеңі емес, ноқтаға басы сыймаған арда заманының жәді­­герлері басым тұруға тиіс. Сон­­­дықтан еркіндікті, ерлікті көр­сететін қару-жарақты жинай бастадым. Түрлі әдебиетті, естеліктерді ақтарып, көне жәдігерлерді зерттеп, батырларымыз киген кіреуке са­уытты тоқуды үйрендім. Ауылдағы Махамбет Өтемісұлы атындағы орта мектеп оқушыларынан құрылған шеберлер тобы осы кезге дейін бірнеше сауытты тоқып шығарды. Сол сауыттың бірін бүгін облыстық музей қорына тапсырғалы отырмын», дейді Жәнібек шебер. Ал оның жанында Ахметшах Жәнібекұлы көрмеге келушілерге сауыттың қалай тоқылатынын, әр шығыршық бір-біріне қалай бекітілетінін жалықпай көрсетіп жатты. Оның айтуынша, бір сауытты тоқуға 20 күндей уақыт кетеді, бұл балаларды смартфонға тәуелділіктен құтқарып, табандылыққа, еңбек­қорлыққа үйретеді екен.

Жалпы, музей қорында 5 көне қазақ сауыты сақтаулы екен. Осы көрмеде тұңғыш рет сол көне жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Соның бірі – әйгілі күйші Құрманғазыдан қалды делінетін кіреуке сауыт.

«Бұл сауыттың тарихы қызық. 1958 жылы Мәлік Ғабдуллиннің тапсырмасымен арнайы топ құрылған екен. Олар 2 ай бойы Орал облысының бірнеше ауданын аралап, ел ішінен Құрман­ғазы Сағырбайұлы жайлы дерек жинаған. Сол сапарда Құрман­ғазының екі атадан қосыла­тын туысқаны Байлыстың үйінен осы көне сауыт алынған екен. Экс­педиция жетекшісі Мұхамбет Қадырбергенов құнды жәдігер­ді 1960 жылы музей қорына тапсыр­ған», дейді Әсел Сүйінғалиқызы.

Музейдегі тағы бір құнды жәдігер сонау ХІ–ХІІІ ғасырдан сыр шертеді. 1969 жылы Шалқар көлі жағасындағы Сынтас жонында жүргізілген археологиялық қазба кезінде толық қару-жара­ғы­мен жерленген ежелгі қыпшақ жауын­герінің сүйегі табылған. Мұздай қаруымен, темір сауытымен, тіпті бет-жүзін қалқалаған күміс бетпердесімен қойылған бұл мүрденің тарих үшін маңызы зор болыпты.

Кейін ақын Жұбан Молдаға­лиев «Суырылмай қалған семсер туралы» атты өлең жазған:

«Табытта оның иесі,

Оралда, музей үйінде.

Қалпында қаңқа жүйесі,

Қаусаған сүлдер күйінде.

 

Басында болат дулыға,

Үстінде сауыт баттасқан.

Жанында сан жыл булыға,

Семсері жатыр тат басқан...»

1970 жылдары «Жұлдыз» журналында жарық көрген бұл өлеңнің шекесіне ақын «Мүсілім Базарбаевқа» деген аңдатпа қалдырыпты. Бұл сол кезеңдегі мәдениет министрінің көңілін алыстағы Орал музейіне аударту болса керек.

Айтпақшы, биыл Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлке­тану музейінің құрылғанына 190 жыл толып отыр. Еліміздегі ең көне мұражайдың қорында бүгінде 200 мыңнан астам экспонат сақтаулы. Музей ұжымы осы мерейтойға кешенді іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Соның ішінде бірнеше жинақ, «Балбалтас баяны» атты бейнефильм де бар.

 

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Атадан қалған ақ сауыт

Руханият • Бүгін, 12:10