Фото: shutterstock.com
Қыздың анасының айтуынша, бала туыстарының үйінде басқа балалармен ойнап жүрген кезде ит кенеттен шабуыл жасаған. Бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер қыздың бетінің оң жағы қатты зақымданғанын, басынан да жарақат алғанын мәлімдеді. Қазір баланың жағдайы тұрақты, ем қабылдап жатыр.
Туыстары оқиғадан кейін итті іздегенімен, таба алмаған. Ауыл тұрғындары мұндай жағдай алғаш рет емес екенін, бұған дейін де бірнеше адам иттен зардап шеккенін айтты.
Сауран ауданы әкімдігі шабуыл жасаған иттің иесі бар екенін хабарлады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жануар мен оның иесін іздестіріп жатыр. Ал ауылдағы тағы бір адамға шабуыл жасаған ит ұсталып, зертханаға жіберілген.
Әкімдіктің мәліметінше, аудан бойынша қаңғыбас иттерді аулауға биыл 6,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері шамамен 50 ит ұсталған.