Мәдениет • Бүгін, 14:59

«Қыз Жібек» фильміндегі камзол кімге бұйырмақ? Мәдениет министрлігі мәлімдеме жасады

1 мин
оқу үшін

«Қыз Жібек» фильміндегі камзолға байланысты қоғамда қызу талқыланған даудан соң тарихи кинореквизиттерді бақылау күшейтілмек. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қыз Жібек» фильміндегі камзол кімге бұйырмақ? Мәдениет министрлігі мәлімдеме жасады

Фото: Ашық дереккөз

Оның айтуынша, аңызға айналған фильмдегі тарихи костюм алдағы уақытта «Қазақфильм» музейінің қорына ресми түрде табысталады. Министрлік бұл мәселе бойынша Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешевамен келіссөз жүргізген.

Актриса костюмнің толық түпнұсқа жиынтығы жиналғаннан кейін, тек камзолды емес, бүкіл тарихи киімді мемлекет қарамағына беруге ниет білдірген.

Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін министрлік қазақстандық киноөндірісте қолданылған барлық костюмдер мен реквизиттерді цифрландыру жұмысын бастаған. Мамандар оларды бірыңғай электронды базаға енгізбек.

Сондай-ақ вице-министр әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған кеңестік кезең актерлерінің әлеуметтік жағдайына қатысты пікірлерге де тоқталды. Оның сөзінше, мемлекет сахна ардагерлерімен тұрақты байланыста болып, заң аясында қажетті қолдау көрсетіп келеді.

Еске салайық, осы оқиғадан кейін продюсер Баян Алагөзова халық әртісі Меруерт Өтекешеваға өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жеке зейнетақы төлейтінін және пәтер сыйлайтынын жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар