Тұрғындардың таусылған төзімі
Әйтей ауылдық округінің құрамына бес ауыл, екі саяжай және бір шағын аудан кіреді. Мұнда 19,5 мыңнан аса адам тұрады. Алайда тұрғындардың тынысын тарылтып тұрған басты мәселе – ауыл іргесіндегі алып қоқыс тауы. Жыл он екі ай бойы мүңкіген сасық иіс халықтың тұрмысын әбден титықтатқан.
Әсіресе жел тұрып, жаңбыр жауған күндері қолқаны қабатын иіс күшейіп, жұрт есік-терезесін тарс жауып отыруға мәжбүр. Тұрғындар бұл мәселені талай жылдан бері көтеріп келеді. Алайда нәтиже мардымсыз. Полигон ұлғайған сайын халықтың алаңдаушылығы да күшейіп барады.
Ауыл адамдары енді тек жағымсыз иістен емес, денсаулыққа төнген қауіптен қорқады. Өйткені қоқыс үйіндісінен тарайтын түтін мен улы қалдықтардың ауаға әсері туралы нақты ақпарат жоқ.
Әйтей ауылдық округінің әкімі Жарқын Қатубаевтың айтуынша, полигон мәселесіне байланысты әкімдік бірнеше мәрте облыстық экология басқармасына хат жолдап, тексерулер жүргізілген. Алайда ауыл тұрғындары қағаз жүзіндегі тексеруден гөрі нақты шешім күтеді.
Қағазда – «қанттай», көшеде – қоқыс: Үндеуге үн қоспаған Үржар
Мәселенің мәнісін білмекке Әйтейдің іргесіндегі әйгілі полигонға арнайы бардық. «KAZ Waste Conversion» ЖШС-ның директоры Нұрлан Иманбеков қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында атқарылатын жұмыс туралы тарқатып айтып берді.
«Бұл – еліміз көлеміндегі ең үлкен полигон. Компания 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, сұрыптаумен айналысамыз. Алматы қаласы мен Қарасай ауданынан тәулігіне шамамен 2 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық қабылданады. Оның көлемі жылдан-жылға өсіп барады. Мысалы, 2019–2020 жылдары тәулігіне мың тонна келетін болса, былтырдан бері 2 мыңнан асты. Яғни екі еселенді. Жылдық көлемі – шамамен 600 мың тонна. Қоқыстың 90%-ы Алматы қаласынан сұрыпталып келетін тұрмыстық қатты қалдықтар. Алатау ауданында қоқыс сұрыптайтын зауыт бар. Қоқыс алдымен сол мекемеде сұрыпталып, қалдығы осы полигонда көміледі. Облыстан сұрыпталмай келетін 20-25% қоқысты осында арнайы келісімшартпен жұмыс істейтін компания жұмысшылары қолмен атқарады. Себебі экологиялық талапқа сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталмай жіберілмейді. Полигонда шынжыр табанды ауыр тракторлар, тиегіштер тәулік бойы ауысыммен жұмыс істейді. Бүгінде компанияда 40-тан астам адам еңбек етеді. Полигондағы жұмысқа арнайы 20-ға жуық техника жұмылдырылған», деген Н.Иманбеков осыған дейін туындаған жол, жарық мәселелері шешім тапқанын атап өтті.
«Түйінді мәселені толыққанды шешуге мемлекет тарапынан субсидия бөлінсе жөн болар еді» деген ойын да ортаға салды. Өткен жылы аудан бюджетіне 250 млн теңге салық төленгенін, кейінгі он жылдықта тариф бағасы да екі еселеніп өскенін алға тартты. Келешекте сұрыпталған пластикалық бөтелкелерді, шыны, темір, қағаз өңдейтін, жалпы құны 10 млрд 500 мың теңге болатын «Жаңғыру плас» зауытын дамыту жоспарланып отыр.
Алматы облысындағы танымал туристік бағыттар қоқыстан тазартылды
Жалпы аумағы 209 гектар болатын полигонның 12 уческесінің бүгінде үшеуі жұмыс істеп тұр, қалған тоғызына рекультивация жасалып жатыр. Полигонға күн сайын қоқыс тасымалдайтын 300-ге жуық көлік кіреді. Қоқысты төккен соң көлікті жуып-шаятын арнайы орын жасақталған.
«Полигонның 1 жарым шақырымдық санитарлық қорғау аймағы бар. Осыдан 10 жыл бұрын бекітілген аймаққа жақын маңда үйлер, зауыттар болмаған еді. Маусым сайын су, ауа, топырақ беті арнайы зертханада тексеріліп тұрады», дейді Н.Иманбеков.
Мамандар не дейді?
Алматы облысы Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бөлімінің бас маманы Айдар Құттыбай бұл мәселеге қатысты төмендегідей түсінік берді.
«KAZ Waste Conversion» ЖШС-ның қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижелері еліміздегі қалдықтарды басқару жүйесінің нақты жағдайын жан-жақты көрсетіп отыр. Полигон санитарлық талаптарға сәйкес қауіптіліктің І класына жатқызылып, санитарлық-қорғау аймағы 1000 метрді құрайды. Сонымен қатар Экологиялық кодекске сәйкес, нысан І санаттағы объектілер қатарына кіреді. Бұл оның қоршаған ортаға ықпалы жоғары стратегиялық нысан екенін білдіреді.
Полигонның инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Мұнда әкімшілік-тұрмыстық корпус, бақылау-өткізу пункті, таразы жүйесі, арнайы техникаға арналған алаңдар, гидротехникалық құрылыстар мен су жинақтаушы тоғандар қарастырылған. Үздіксіз жұмыс істейтін полигонда қызмет екі ауысымда ұйымдастырылған, персонал саны шамамен – 42 адам.
Қалдықтарды қабылдау үдерісі белгілі бір тәртіпке негізделген. Барлық арнайы көліктер міндетті түрде таразыдан өткізіліп, есепке алынады. Жыл сайын шамамен 46 мың рейс тасымалданады. Полигонға тәулігіне 1 100-ден 1 800 тоннаға дейін қалдық қабылданады. Қалдықтар қабылданғаннан кейін оларды орналастыру, тығыздау, оқшаулау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар кәсіпорында өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы бекітіліп, тиісті есептіліктер уақтылы тапсырылып отырады. Алайда, тексеру нәтижелері көрсеткендей, жүйенің ұйымдастырылуына қарамастан, бірқатар маңызды экологиялық мәселе сақталып отыр. Әсіресе қалдық көлемінің жыл сайын артуы алаңдатарлық жағдайға жеткен. Айталық, Алматы қаласынан полигонға түсетін қалдық көлемі жыл сайын орта есеппен 50 мың тоннаға өсіп отыр. Бұл өз кезегінде полигонға түсетін жүктемені арттырып, экологиялық тәуекелді күшейтеді. Осыған орай қалдықтарды басқарудың дәстүрлі тәсілдерін қайта қарау қажет. Қазіргі талаптарға сай жүйе тек жинау, көмуге емес, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, азайту қағидаттарына негізделуге тиіс. Болмаса мұндай ірі полигондардың болашақта экологиялық тұрғыдан тұрақсыз нысанға айналу қаупі бар.
Бір сөзбен айтқанда, «KAZ Waste Conversion» ЖШС полигоны – инфрақұрылымы қалыптасқанымен, әрі қарай жаңғыртуды қажет етеді. Заманауи технологияларды енгізу, экологиялық талаптарды қатаң сақтау, тиімді басқару шешімдерін қабылдау – бүгінгі күннің басты талабы. Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Ал мұндай сараптамалар сол міндеттің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Алматы облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынай Райымбекова мәлім еткендей: «Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері саналатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар санитариялық қағидаларын бекіту туралы» №ҚР ДСМ-2 бұйрығына сәйкес елді мекеннің (орталық) қатты қоқыстары мен күл-қоқыстарын компостерлеу учаскелерінің санитариялық қорғау аймағы І сыныпты, 1000 метрді құрайды. Санитариялық-қорғау аймағы сақталған», дейді А. Құттыбай.
Санитарлық-эпидемиялық қызметі тарапынан тоқсан сайын полигон маңында жақын орналасқан селитебті (тұрғын үй) аймағынан атмосфералық ауаны ластаушы заттарды анықтауға санитарлық-эпидемиялық мониторинг жүргізіледі. 2025–2026 жылдар аралығында барлығы 75 сынама үлгілері алынған. Атмосфералық ауаны ластаушы заттардың біржолғы шекті концентрациясына сәйкессіздік анықталмаған. Сонымен қатар 2025 жылы жоспардан тыс тексеру барысында санитарлық қорғау аймағында, жақын орналасқан тұрғын үй маңында зертханалық зерттеулер жүргізілген, нәтижесінде – зерттеулер гигиеналық талапқа сай. Аталған көрсеткіштер талапқа сай болмаған жағдайда көбіне тыныс алу, жүйке жүйесіне, жүрекке кері әсер етеді, аллергиялар туғызады.
Мәселенің шешімі – заманауи зауыт
Сәуір айында ауыл тұрғындарын алаңдатқан проблеманың түйінін тарқату мақсатында Алматы облысының Қарасай ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, оны қайта өңдейтін зауыт құрылысы басталатыны туралы жағымды жаңалық тарады. Жылына 450 мың тонна қалдық сұрыптап, 14 мың тоннадан астам шикізатты қайта өңдеп шығаруға қауқарлы кешен өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға оң ықпал етеді деп күтіліп отыр. Сонымен қатар бұл жоба 300-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Әйтей ауылындағы «ONDEU» атты зауыттың уақыт капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, бұл бастама ұзақмерзімді мемлекет саясатының маңызды құрамдас бөлігі екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық ахуалды түбегейлі жақсарту кезек күттірмейтін, стратегиялық маңызы зор міндеттердің бірі екенін үнемі атап өтеді. Қоқысты өңдеу жүйесін реттемей, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Әйтей ауылы маңындағы бұл полигонда 40 жылға жуық уақыт бойы қоқыс жиналған. Қалдық көлемі күннен- күнге артып барады. Оны жай ғана жинап қою – мәселені шешу емес, уақытша шегеру ғана. Сондықтан бізге қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін жүйелі шешім қажет. Біз өскелең ұрпаққа экологиясы таза, өндірісі дамыған, табиғаты бай мемлекетті аманаттауға міндеттіміз», деген өңір басшысы жобаның жүзеге асуына атсалысып жатқан инвесторларға, инженерлер мен құрылысшыларға ризашылығын білдірді.
Жобаның жалпы құны – 15 млрд теңге. Кешен 5 га аумақты қамтиды. Қатты тұрмыстық қалдықтар «Suzhou JONO» компаниясының 100% автоматтандырылған технологиясы арқылы сұрыпталады. Нәтижесінде төрт түрлі таза шикізат – шыны, қағаз, пластик, металл бөлініп алынады. Қайта өңдеуге келмейтін қалдықтардан RDF балама отыны дайындалады.
Эко-кластердің екінші кезеңі пластик қалдықтардан жаңа өнім жасалатын «Bottle to Bottle» жобасы болмақшы. Мұнда «ONDEU» кешенінен алынған 3 мың тоннадан астам пластик терең өңделеді. Кешеннің құны – 10,5 млрд теңге. Қазірде құжаттары рәсімделіп жатыр. Зауыт құрылысы 2027 жылдың соңында аяқталады. Осылайша, жоба экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізіп, өңірдің тұрақты дамуына серпін береді деп жоспарланып отыр.
Алматы облысы