Тарих • Кеше

Ирада Аюпова: Қазақстан мен Татарстан – түркі халықтарының өркениеттік синтезінің үлгісі

1 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиум өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ирада Аюпова: Қазақстан мен Татарстан – түркі халықтарының өркениеттік синтезінің үлгісі

Симпозиумда Алтын Орданың тарихи мұрасы, оның мемлекеттіліктің дамуына, дипломатиялық қатынастарға, мәдени алмасуға және ортақ еуразиялық кеңістіктің қалыптасуына тигізген ықпалы мәселелері қарастырылды. Ерекше назар Ұлы дала халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға аударылды.

Мәдени мәні жоғары жиында Татарстан Республикасы Мәдениет министрі Ирада Аюпова Қазақстан мен Татарстан арасындағы жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты атап өтіп, түркі халықтарының тарихи ортақтығы мен көпғасырлық байланыстарын ерекше атап көрсетті.

«Ынтымақтастықтың жоғары деңгейі қалыптасқан Қазақстан мен Татарстан – түркі халықтарының тағдырларының көпғасырлық тоғысуына негізделген өркениеттік синтездің бірегей үлгісі. Мұның көп бөлігі Шығыс пен Батысты байланыстырған негізгі тарихи торап қызметін атқарған Алтын Орда мұрасымен байланысты. Орда кең аумақтарды біріктірген тұрақты саяси жүйе қалыптастырды – онда орталықтандырылған басқару аймақтардың кең ауқымды автономиясымен ұштасқан», деп атап өтті ол.

Симпозиумға қатысушылар Алтын Орда мұрасын зерттеудің қазіргі гуманитарлық ғылымдарды дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және ортақ мәдени-тарихи құндылықтарды халықаралық деңгейде ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, Астанада өткен халықаралық симпозиумға 20-дан астам елден делегация келді.

Соңғы жаңалықтар