Президент • Бүгін, 13:22

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен Астанада шағын құрамдағы келіссөз жүргізді. Кездесуде Қазақстан Президенті Түркия басшысына ілтипат көрсетіп, екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді

«Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәуелсіздік сарайында Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

Осы орайда, Мемлекет басшысы былтыр Анкараға жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алды.

«Біз Анкарада Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысын өткіздік. Өте маңызды шешімдерге қол жеткіздік. Бүгін Кеңестің алтыншы отырысы болады. Ауқымды бизнес форум өтеді. Өзіңізбен бірге Астанаға үлкен делегация келді. Сондықтан сапарыңыз ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Осылайша, өзара ынтымақтастығымыздың жарқын болашағына зор қадам жасаймыз», деді Қазақстан Президенті.

Режеп Тайип Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құрметіне алғыс айтты.

«Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін», деді Түркия Президенті.

Еске сала кетейік, Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен 13 мамыр кешінде келді. Оны әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алды.

Соңғы жаңалықтар