Оқиға • Бүгін, 10:06

Атырау облысындағы отбасының өлімі: Ақбаянға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы жантүршігерлік оқиғаға қатысты күдікті Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жары Ақбаян Мұқанғалиеваның өз отбасының өліміне қатысы жоқ екені анықталды. Бұл туралы Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысындағы отбасының өлімі: Ақбаянға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды

Фото: Ашық дереккөз

Прокуратура өкілінің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиева адам өлтіру ісі бойынша күдікті ретінде танылмайды және оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

«Оның адам өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, өзіне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Қылмыс туралы хабарламау фактісі бойынша бөлек іс тіркелді. Алайда оған әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмайды және оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмаған», деді Жандар Болатбек. 

Атырау облысындағы отбасының өлімі: Күдікті туыстарын бірнеше ай бойы кезекпен өлтірген

Сондай-ақ оның психикалық жағдайына байланысты Алматыда психиатриялық сараптама жүргізілгені айтылды. Сараптама қорытындысы прокуратураға әлі түспеген. Қажет болған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Ақбаян Мұқанғалиева Атыраудағы облыстық психиатриялық орталықта жатыр.

Ал бұл іс бойынша басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін мойындаған. Прокуратураның мәліметінше, психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесінде ол толық есі дұрыс деп танылған. Осыған байланысты оған заң аясында толық көлемде жаза тағайындалуы мүмкін. Тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған.

Нұрболат АМАНБЕК

Соңғы жаңалықтар