Әлем • Бүгін, 09:54

Қамшыбек Ташиевтің ісі сотқа жолданды: Процесс жабық өтеді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстанның бұрынғы ҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс құпия түрде сотқа жолданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қамшыбек Ташиевтің ісі сотқа жолданды: Процесс жабық өтеді

Адвокат Икрамидин Айткуловтың мәліметінше, 12 мамыр күні Қырғызстанның Бас прокуратурасы Ташиевке қатысты айыптау актісін бекіткен. Бұрынғы шенеунікке билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр.

Іс Бішкектің Первомай аудандық сотына қарауға жіберілген. Ташиевпен бірге тағы жеті адам айыпталушы ретінде тіркелді.

Қорғаушының айтуынша, қылмыстық іс құпияланған. Сондықтан сот отырыстары жабық форматта өтеді және тергеу мен сот материалдарын жариялауға тыйым салынған.

Бұған дейін 29 сәуірде Қамшыбек Ташиев Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпталғаны хабарланған еді. Алайда ол өзіне тағылған айыптарды мойындамай, заң аясында қорғалатынын мәлімдеді.

Қырғызстан медиасы бұл тергеуді «75 адамның хаты» деген оқиғамен байланыстырып отыр. Ақпанда 75 азамат президент Садыр Жапаров пен парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлына ашық үндеу жолдап, елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап еткен.

Осыдан кейін, 10 ақпанда Садыр Жапаров өзінің ұзақ жылдар бойғы серіктесі болған Қамшыбек Ташиевті қызметінен босатты. Ол 2020 жылдың қазан айынан бері министрлер кабинетінің төраға орынбасары және ҰҚК төрағасы қызметтерін атқарған. Оның орнына комитет басшысының міндетін уақытша атқарушы болып Жұмғалбек Шабданбеков тағайындалды.

 

Соңғы жаңалықтар