Оқу-ағарту министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2026-2029 жылдарға арналған Кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыруды қамтамасыз етеді. Аталған жоспар мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамытуды, оқушылардың нақты қажеттілігіне бейімделген оқыту тетіктерін енгізуді, педагог кадрларды даярлау мен білім алушылардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді көздейді.
Жарлықта шағын жинақты ауыл мектептерін қолдауға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында мектептерді заманауи техникалық құралдармен және сапалы цифрлық білім беру ресурсымен қамтамасыз ету қарастырылған. Бастапқы кезеңде пилоттық жоба аясында тиімді шешімдерді кезең-кезеңімен енгізе отырып, еліміздегі 2600-ден астам шағын жинақты мектептің шамамен 500-ін қамту жоспарланды.
Бұған қоса педагогтердің біліктілігін арттыру мен цифрлық құзыреттерін дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл ретте жасанды интеллект технологияларын қолдану педагогті алмастыруды көздемейді, керісінше педагогтің кәсіби рөлін күшейтуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және оқушылармен жеке жұмысты кеңейтуге бағытталған қосымша құрал ретінде қарастырылады.
Жайық Шарабасов,
Оқу-ағарту вице-министрі