Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев бұл жағдай табиғи норма шегінен аспайтынын айтты.
Оның мәліметінше, киіктердің жыл сайынғы табиғи өлім-жітімі популяцияның 15-20%-ына дейін жетуі мүмкін. Қазіргі көрсеткіш осы нормадан аспайды.
«Қазір барлық өңір бойынша 26 мың, соның ішінде Батыс Қазақстанда 11 мың киік қырылған. Ол жақта популяция тығыз орналасқан», деді ол.
Министрлік дерегіне сәйкес, киіктердің орташа өмір сүру ұзақтығы 5 жылға дейін, ал популяция 3-4 жыл ішінде жаңарып отырады.
Төлдеуге дейін Қазақстанда киік саны шамамен 3,9 млн бас деп бағаланған. Жаңа есеп маусым айында аяқталады. Министрлік бұдан кейін популяция 5 млн-нан асуы мүмкін екенін болжап отыр.
Сондай-ақ, вице-министр киік санын реттеу мәселесін қарастырылып жатқанын атап өтті. Тиісті шешім биологиялық негіздеме мен ветеринарлық қорытындылардан кейін қабылданады.
Нұрболат АМАНБЕК