Құрылтай • Бүгін, 10:35

Қазақстанда Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кұрылтай туралы конституциялық заң жобасында депутаттық бірлестіктерді құру мен олардың қызмет тәртібі жан-жақты нақтыланған. Құжатта фракциялар мен депутаттық топтар заң шығару үдерісіндегі негізгі саяси тетік ретінде қарастырылып, депутаттардың ұстанымын үйлестіруге және өкілдік қызметін күшейтуге мүмкіндік беретіні көрсетілген. Депутаттық бірлестіктерді тіркеу Құрылтай бюросы арқылы жүргізіледі, ал олардың жұмыс тәртібі регламентпен реттеледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады

Фото: Ашық дереккөз

Заң жобасына сәйкес, фракциялар партиялық қағидат бойынша құрылады және белгілі бір саяси күштің мүддесін білдіреді. Әр партиядан тек бір ғана фракция құруға рұқсат етіледі. Сонымен қатар фракция жетекшілеріне Кұрылтай отырыстарында және жұмыс органдарында сөз сөйлеу құқығына кепілдік беріледі.

Ал депутаттық топтар партиялық тиесілігіне қарамастан ортақ бағытта жұмыс істеу үшін жасақталады. Мұндай топтардың құрамында кемінде 15 депутат болуы шарт. Бұл олардың кең ауқымды ынтымақтастық сипатын айқындайды.

5 жыл мерзімге 145 депутат – Мәжіліс Құрылтай туралы конституциялық заңды мақұлдады

Құжатта Кұрылтайдағы көпшілік пен оппозиция ұғымдары да нақты бекітілген. Көпшілік ең көп мандатқа ие партиядан құралады, ал оппозиция қатарына балама ұстанымдағы өзге партиялар енеді. Сонымен бірге оппозицияның жекелеген бастамалар бойынша көпшілікке қолдау көрсетуіне мүмкіндік қарастырылған. Бұл саяси үдерістің икемділігін және маңызды мәселелер төңірегінде ортақ мәмілеге келу мүмкіндігін көрсетеді.

Заң жобасы депутат мәртебесін кәсіби қызмет ретінде айқындайды. Депутаттың өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен басталады. Осы кезеңнен бастап бірқатар қатаң талап күшіне енеді. Атап айтқанда, депутаттарға кәсіпкерлікпен айналысуға немесе ғылыми, педагогикалық және шығармашылық қызметтен өзге ақылы жұмыс атқаруға тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзу немесе депутат сайланған партиядан шығу мандаттан бірден айырылуға негіз болады.

Депутаттарға шешуші дауыс құқығы беріліп, мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдау және оларды шұғыл қабылдауды талап ету мүмкіндігі қарастырылған. Тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында депутаттық қолсұқпаушылық тетігі енгізілген. Яғни депутатты ұстау немесе жауапкершілікке тарту тек Бас прокурордың ұсынысы және Кұрылтайдың келісімі арқылы жүзеге асады.

Қазақстанның сайлау заңнамасы қалай өзгереді?

Сонымен қатар құжатта қатаң тәртіп нормалары бекітілген. Дауыс беру тек жеке өзі арқылы жүргізілуі тиіс. Жүйелі түрде отырысқа қатыспау немесе дауысын басқаға беру секілді әрекеттер үшін жалақыдан айырудан бастап мемлекеттік жеңілдіктерді тоқтатуға дейінгі санкциялар қарастырылған.

Заң жобасында депутаттық әдеп мәселесіне де ерекше назар аударылған. Депутаттар әріптестеріне құрмет көрсетуге, сөйлеген сөзінде тек тексерілген деректерді пайдалануға және мемлекеттік құпияны сақтауға міндеттеледі. Сондай-ақ мінберді жеке мәселелерге пайдалануға, сөйлеп тұрған адамды бөлуге немесе қорлайтын ишара көрсетуге тыйым салынады. Егер депутат жалған ақпарат таратса, ол көпшілік алдында кешірім сұрауға міндетті болады.

Осы талаптардың сақталуын бақылау үшін арнайы Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Кеңес депутаттардың БАҚ пен онлайн-платформалардағы жария сөздерін қадағалап, азаматтардың шағымдарын қарайды. Сондай-ақ тәртіп бұзғандарға қатысты ескерту жасаудан бастап, отырыс залынан шығарып жіберуге дейінгі жаза шараларын ұсынуға құқылы. Бұл тетік халық қалаулыларының жауапкершілігін күшейтіп, олардың мінез-құлқына жоғары талап қоюды көздейді.

Мәжіліс депутаттары «Президент туралы» конституциялық заңды бірінші оқылымда қабылдады

Соңғы жаңалықтар